ӨРКЕНДІ ӨҢІРДІҢ ӨРІСТІ КЕЗЕҢІ

393

0

ӨРКЕНДІ ӨҢІРДІҢ ӨРІСТІ КЕЗЕҢІ Өңір экономикасының көмірсутегі шикі­затына тәуелділігі едәуір азайғанына қарамастан, биылғы жартыжылдық табысты болды. Бұл туралы кеше облыстық мәслихаттың кезекті 21-сессиясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мәлімдеді.
 – Соңғы жылдары көмірсутегі мен уран өнімдерінің бағасы түсіп кетсе де, жақсы өмір сүріп, қарқынды дамуға болатынын біз дәлелдедік. Биыл да барлық макрокөрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткіздік. Оның ішінде инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу өнеркәсібінің көлемі жоғары. Ал, өңдеу өнеркәсібі саласындағы еңбек өнімділігі бірінші тоқсанның өзінде 10%-тен асса, шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 2,7 есе көбейді, – деді аймақ басшысы.
Сессияның күн тәртібінде 18 мәселе қамтылды. Соның алғашқысы әрі негізгісі бойынша облыс әкімі өзіне жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуы туралы баяндады. Жалпы, аймақты дамыту бағдарламасында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сипаттайтын, жыл соңына дейін орындалуы тиіс 121 индикатор қаралған. Өңір басшысы сан алуан жұмыстың бас­ты көрсеткіші өңірлік өнім көлеміне байланыс­ты екенін, биыл оны 100,4% -ке жеткізу міндеті тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар, сессияда барлық саланың даму барысы мен алдағы меже туралы айтылды.
2018 жыл облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты кешенді Жол картасы әзірленіп, оны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы барлық қаржы көзінен 32 млрд теңгеден астам қаржы бөлу көзделді.
– Өткен маусым айында аудандарды аралап, аудан басшылары мен жауапты кураторлардың жұмыстары туралы тыңдап, жоспарларымен таныстық. Қабылданған шаралардың алғашқы нәтижесі байқала бастады. Биыл жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 11%-ке көбейді. Бұл көрсеткіште біздің облыс аймақтар арасында көш бас­тап тұр, – деді облыс әкімі.
Одан кейін депутаттар корпусының өкілдері атқарылып жатқан шараларды, өңірдің өсіп-өркендеуіндегі бастамаларды жоғары бағалады.
– Жыл басында өткен облыс әкімі мен облыстық мәслихат депутаттарының кездесуінде көкейде жүрген 133 сауалдың 16-сы оң шешімін тапты. Қалғаны облыс әкімінің іс-қимыл жоспарына енгізілді. Қазіргі кезде тиісті жұмыс атқарылып жатыр, – деді облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов.
Ал облыстық мәслихат депутаты Асқар Махамбетов «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп бір жылмен шектелмей, үш жылға ұзартуды ұсынды. Облыс әкімі бастаманы бірден құптады. Өйткені шағын және орта бизнесті қолдау арқылы тұрақты жұмыс орындары ашылады, бюджет кірісі артады, қоғамдық-саяси тұрақтылық сақталады.
Күн тәртібіндегі өзге мәселелер бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаев, облыстық мәслихаттың экономика, қаржы және жергілікті басқару жөніндегі тұрақты комиссия төрайымы Райхан Ысқақова баяндады. Нәтижесінде депутаттардың ұсыныс-пікірлері негізінде тиісті шешімдер қабылданды.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<