ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫНДАҒЫ ӨҢІР

816

0

ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫНДАҒЫ ӨҢІР Ежелгі Сырдария өзенінің орта ағысына орын тепкен Шиелі ауданында кәсіпкерлік саласының дамуы қарқынды. 2018 жылдың І тоқсанында 4632 шағын кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Оның ішін­де жеке кәсіпкер саны – 3587, шаруа қожалық саны – 507. Бизнесті қолдау мақ­сатында Шиелі кен­ті­нің шығыс аймағынан ин­дустриялық аймаққа 96 гектар жер беріліп, жарықпен, сумен, жолмен қамтамасыз етілген. Өткен жыл аудан үшін өте табысты болды. Бүгінгі күні индустриялық аймақтан 6 жобаға 62,5 гектар жер телімі табысталып отыр. Олар – «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС, «Мия Шиелі» ЖШС, «Тұлпар 2000» ЖШС, «Шиелі тас» ЖШС, «Шиелі Жолшы» ЖШС, «Бек-транс строй» ЖШС.

Өңірлік коммуникациялар қыз­меті мен Шиелі ауданы әкім­дігінің журналистерге арнап өткізген баспасөз турында БАҚ өкілдері барған алғашқы нысан тампонажды цемент шығару зауыты болды. Мұнда құрылыс жұмыстарының кезеңді мерзімі түсіндірілді.

Жобалық құны 64 млрд теңгені құрайтын тампонажды цемент шығару зауыты елімізге сырттан келетін құрылыс материалдары көлемін азайтуға айтарлықтай ықпал ететін болады. Кәсіпорынның жылдық қуаты 1 миллион тонна. Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы негізінде жүзеге асырылып жатқан жоба 2017 жылдың сәуір айында басталды. Жаңа зауыт Шиелі ауданындағы индустриалды аймақта орналасқан. Ол үшін 46 гектар жер телімі бөлінген. Тампонажды цемент әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Әсіресе мұнай және атом саласына аса қажет компонент саналады. Отандық өнімге қажетті шикізаттың 98% өңірден табылады. Бұл – құм, доломит, әк және қиыршық тас. Тек 1-2% қоспалар ғана сырттан әкелінеді. Бүгінде 560 адам құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Ал зауыт іске қосылғанда, 260 тұрақты жұмыс орны ашылады. Зауыттың толық аяқталу мерзімі 2019 жыл деп жоспарлануда. Бұл жөнінде серіктестік директоры Ли Цзиньцин мәлімдеді.

– «Гежуба Шиелі Цемент» ком­па­ниясы Қазақстан мен Қытай ак­­цио­­нерлерінің қатысуымен құ­­рыл­­­­ған. Бүгінде өндіріске ке­ректі жабдықтардың барлығы Қы­­­тай­­дан жеткізіледі. Құрылыс жұ­мысы жоспарға сай жүргізілуде. Сәуір айының соңында қондыру жұ­мыс­тарына, яғни құрылыстың ең қар­қынды кезеңіне өтетін боламыз. Цементтің 80% әктастан тұрады, бұл шикізат осы жерден 30 шақырым жердегі Қаратаудан табылып отыр. Топырақты Жаңақорған ауданынан тасимыз, – деді ол.

Зауыт аумағында одан бөлек, әкімшілік ғимараттар, қойма, темір жол рельсі және 300 адамға арналған жатақхана болады. Құрылыстың бас мердігері «Чайна триумф интернэшнл инжиниринг» серіктестігінің директоры Чиан Инг Чунг биылғы жылдың аяғында өндірісті іске қосуды жос­парлап отырғанын айтты.

Бүгінде 50 адам осы зауытқа тұрақты жұмысқа орналасу үшін Шиелі ауданындағы агро­­тех­никалық колледжде оқытылуда. Ал­дағы уақытта олар Қы­тайдағы цемент зауы­тына барып, тәжіри­беден өтеді.

Одан кейін ау­дан­дағы тіректі елді мекен саналатын Еңбекші ауылында болдық. 2480 тұрғыны бар ауылда өткен жылы ғана жаңа типтегі дәрігерлік-амбулаториялық емхана пайдалануға берілген. Мұнда 13 адам жұмыспен қамтылған. Қазір 90 орындық балабақша, 150 орындық ауылдық клуб және 120 орындық спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.

– Құрылыс жұмыстары мамыр аяғына дейін пайдалануға берілуі керек. Клуб құрылысына ауыл тұрғындарынан 9 адам жұмыспен қамтылып отыр. Құрылысы аяқталғаннан кейін көрермен залы, кітапхана іске қосылып, оқушылар үшін үйірмелер жұмыс жасайтын болады, – деді ауыл әкімі Б.Омаров.

Еңбекшіде бұған дейін тек 2 жеке балабақша жұмыс істеп келген. 90 орындық мемлекеттік балабақша құрылысына 11 адам, ал спорт кешені құрылысына 8 адам жұмысқа тартылып отыр. Үш құрылысқа да облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Пайдалануға берілгеннен кейін 60-қа жуық ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Аудандағы ірі жобалардың бірі – кент орталығында бой кө­теріп жатқан аудандық аурухана құрылысы. Республикалық бюджеттің есебінен қаржы­лан­дырылған жобаның құны – 7 млрд 41 млн теңге. Аурухана құрылысы 4 блоктан тұрады. Қазіргі таңда 2 блоктың тас қалау жұмыстары, соңғы блоктың іргетасы қаланып жатыр. Одан бөлек, шаруашылық, ас дайындау блоктары мен жылы автотұрағы бар. Мұнда құрылыс жұмыстарына 150 жұмысшы тартылған. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айына дейін толық бітеді. Одан кейін ішкі жұмыстары жасалады. Аурухана құрылысы келесі жылдың маусым айында тапсырылады деп жоспарлануда.

– Медициналық қызметтің сапалы болуы материалдық-техни­калық жабдықталуына тікелей байланысты. Бүгінгі таңда аудан халқына 150-ге жуық дәрігер, 850 орта буынды қызметкерлер қызмет көрсетуде. Шиелі ауданында соңғы бес жылда 6 дәрігерлік-амбулатория пайдалануға берілді. Құрылысы жүріп жатқан аурухана ауданаралық көпсалалы бейінді аурухана болып саналады. Даму жоспары бойынша аурухана іске қосылғаннан кейін балалар хирургиясы, көз аурулар бөлімшесі, реабилитация бөлімшесі және мейірбикелік күтім бө­лімшелері жұмыс жасайтын болады деп күтілуде, – деді аудандық ауру­ха­наның бас дәрігері Яхия Шорабаев.

Айта кету керек, мем­лекеттік-жеке­мен­шік әріптестік ая­сында өткен жылы шалғай екі ауылда медициналық бекет салынған. ал, биыл әріптестік аясында 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 дәрігерлік амбулатория салыну жоспарланып отыр.

Бидайкөл ауылының тұрғыны Қанат Мұсаев бақша өнімдерін егумен айналысады. Осы жолда үнемі ізденіс үстінде жүретін ол жаңа әдістерді пайдаланып, 27 гектар жерге қауын, қарбыз, қызанақ көшеттерін отырғызған. «Ерасыл» шаруа қожалығы мен «Бай дала Агро» ЖШС атынан 14,5 гектарға қарбыз, 12,5 гектар алқапқа қауын, 3,5 гектарға қызанақ еккен. Өткен жылы берген өнімнің 100 тоннасын Ресейге экспорттаған. Биыл оның көлемін 1000 тоннаға жеткізуді жос­парлап отыр.

Осы ауылдың тағы бір тұрғыны «Нәлібай» шаруа қожалығының төрағасы Қыдырәлі Есенбеков 10 гек­тар жерге 20 мың түп алма аға­шын егуді қолға алған. Бүгінде жерді тегістеп, аудару жұмыстары жүр­гізілуде. Алма ағашы тамшылатып суару әдісімен бапталатын болады.

«Асылхан» шаруа қожалығы 2004 жылы құрылған. Қазір мұнда 35-ке жуық адам жұмыспен қамтылған. Шаруа қожалығы мал, егін шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде бақша дақылдары, ет-сүт бағытында жұмыстар жасалуда. 2017 жылы «Асылхан» шаруа қожалығының сүт және сүт өнімдерін өндіретін жаңа цехы іске қосылды. Тәулігіне 1 тонна сүт өңдеу цехы жұмыс жасауда. Сүт өңдеу цехы мен мал сою пунктіне құны 91 млн теңгені құрайтын құрал-жабдықтар «КазАгро Финанс» АҚ арқылы лизингке алынды.

Облыстық бюджет есебінен Шиелі кентіндегі №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының қосымша құ­рылысы өткен жылы басталды. Жоба құны – 220,9 млн теңге. Мектеп директоры Айнұр Архабаеваның айтуынша, 95 жылдан аса тарихы бар мектепте 125 ұстаз 727 оқушы бар.

«Ел қонды» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 200 орындық бастауыш оқушыларына арналған қосымша құрылыстың бас мердігер компаниясы. Құрылыста мұнан бөлек 100 орындық асхана да жоспарланған.

– Құрылыс жұмыстары мамыр айының ортасына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Екіқабатты ғи­мараттың құрылысына 25 адам тартылған. Бүгінгі таңда әрлеу жұ­мыстары жүргізілуде, – деді мектеп директоры.

Аудандағы игілікті бастама­лардан өңірдің өрелі белесін бай­қайсың. Кейінгі жылдары мұнда өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып келеді. Бұл көрсеткішке шаруасы ширақ кәсіпкерлік нысандары қосып отырған үлес мол.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<