ҰРПАҚТАР ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫ ЖЕҢІС

369

0

«Тағзым» алаңында Жеңістің 73 жылдығына орай «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты салтанатты митинг ұйымдастырылды. Оған Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері, қала тұрғындары қатысты. 

Мерекелік шара қаланың орталық көшелеріндегі «Жасампаз жасақ» дәстүрлі шеруінен басталды. Ұлы Отан және Ауған соғысында шейіт болғандар мен елге оралғаннан кейін дүниеден озғандардың құрметіне шеру қатысушылары фотосуреттер алып шықты. Биыл қатарынан бесінші жыл жүзеге асқан мән-мағынасы, тағылымы мол шараға мыңдаған қызылордалық қолдау білдірді. Себебі, әрқайсысының ата-бабасы сол сұрапыл соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, бізге бейбіт өмір сыйлады.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен митингке қатысушылар «Тағзым» алаңындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

– Бүгін сұрапыл жылдары майданда кеуделерін от пен оққа тосып, ортақ Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаған ата-бабаларымызға құрмет көрсетіп, еске алу күні. Майдан даласында қасық қандары қалғанша шайқасып, қанша боздақтар азаттық үшін жандарын пида етті. Қызылорда облысының өзінде 70 мыңнан астам адам майданға кетіп, жартысына жуығы шайқаста қайтыс болды, ал бүгінгі күні арамызда тек 37 ардагер ғана қалды. Ортақ жеңіс үшін өмірлерін құрбан еткен қаһармандарымыздың ерлігін мәңгі жадымызда сақтау – біздің азаматтық парызымыз, – деді облыс әкімі.

Өңірде көзі тірі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің біреуі Әбдірауық Сатыбалдиев 361-дивизия құрамында болып, Ленинградты қорғауға қатысқан. 94 жастағы қарт майдангер Ұлы Жеңістің 73-көктемін ұрпақтарымен бірге қарсы алып отыр.

– Біздің дивизия Ленинград майданында соғысты. Қаһарман қаланы қорғаудан кейін Балтық бойына қарай жылжыдық. Жеңісті Рига қаласында қарсы алдық. Егемендік алдық, халқымыз аман болсын. Біздің көргенімізді кейінгі ұрпақтар көрмесін, тыныштық болсын, – деді ардагер.

Жастайынан әскер қатарына алынып, қан майданнан аман-есен елге оралған Бөрібай Құлманов биыл 98 жасқа толады. Ол 1941 жылы сұрапыл соғысқа аттанып, Калинин майданында шайқасты. Бөрібай Құлманов майдан даласындағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары аймақтың экономика және мәдениет саласын дамытуға атсалысып, «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет» ордендерін иеленді. Бүгінде қарт жауынгер үлкен отбасының мәуелі бәйтерегі.

– Сол соғыста мен Мәскеуді қорғадым. Көптеген бекініс жасап, құрылыс салдық. Ел үшін, халық үшін деп күрестік. Патриотизмде шек болған жоқ. Соғысқа бармаймын деген адам болмады. Тек алда тұрған мақсат – жауды жеңу, жеңіске жету. Сол жеңістің арқасында еліміз аман. Енді соғыс болмасын. Елімізде бейбітшілік болсын, – деді.

Атап өтейік, мереке күндері көптеген патриоттық шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – Ұлы Жеңіс күніне орай облыстық өлкетану музейінде өткен «Сыр бойы сұрапыл соғыс жылдарында» атты фотокөрмесі. Барлық білім беру ұйымдарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері және интернационалист жауынгерлермен кездесулер өткізілді. Ардагерлерге балғындар да өз тартуын жасады. Балалар ауылының тәрбиеленушілері жылдық есеп беру концертін Жеңіс күніне арнайы ұйымдастырды. Ән-жырдан шашу шашып, сахналық қойылымдар қойды.

Айта кету керек, биыл ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне бір реттік материалдық және әлеуметтік көмек көрсетуге жергілікті бюджеттен 422 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ қарт майдангерлердің үйін жөндеп, қора-қопсысын ретке келтіру секілді жастар бастамалары жыл бойына жалғасады.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

Б.ЕСЖАНОВ, Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<