«Рухани жаңғыру» бағдарламасы Қызылордада қалай орындалып жатыр?

367

0

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы Қызылордада қалай орындалып жатыр?Орталық коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аймақта орындалуы туралы баспасөз конференциясы өтті.

2017 жылы бағдарлама аясында Сыр өңірінде 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, 79 жоба жүзеге асырылды.

Бүгінде Қызылорда қаласының сол жағалауы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Жаңа қалада 1925 жылы ұлтқа «қазақ» атауын қайта беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық атқару комитетінің бұрынғы ғимараты архивтегі сызбалар бойынша қайта салынды. Онда Рухани жаңғыру орталығы орналасады.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» кафедрасы ашылып, «Мәңгілік Ел және ұлттық дәстүр» және «Өркениеттің негіздері» атты арнайы пәндер енгізілді.

Бұдан бөлек, орта арнаулы білім беру ұйымдарына арналған қазақ тіліндегі «Өлкетану» оқулығы әзірленуде. Бұл мақсатқа облыстық бюджет есебінен 25 млн. теңге қаржы бөлінді. Оқулық ҚР Білім және ғылым министрлігінің сараптамасынан өтіп, баспаға жіберілді.

«Дарын» қосымша білім беру орталығының жанынан дарияның сол жағалауындағы жаңа қаладан физика-математика мектеп-интернатын ашу көзделіп отыр. Қазіргі таңда қажетті қаражаты мен құрылысына байланысты ұйымдастыру-дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Облыста киелі жерлердің тізімі бекітілді. «Цифрлы Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қызылорда облысынан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне 12, өңірлік киелі нысандар тізіміне 35 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілді. Интерактивті карта республикалық және жергілікті маңызы бар 150 ескерткішті қамтитын болады.

Сондай-ақ, олардың ішінде Қазақ хандығының алғашқы астанасы – Сығанақ қаласы мен өңірдегі 6 киелі орын – Жанкент, Сортөбе, Жент, Шірік-Рабат қалашықтары, Кердері кесенесі. Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің 3 D- картасы 2018 жылдың 1 қарашасына дейін жасақталады.

Бірінші кезекте ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміндегі және республикалық, жергілікті маңызы бар 9 ескерткіш еңгізілетін болады. Олар: Қорқыт Ата кешені, Ортағасырлық Жент қалашығы, Ежелгі Шірік-Рабат қалашығы, Ортағасырлық Сығанақ қалашығы, Кескенкүйік қалашығы, Жетіасар мәдениеті ескерткіштері, Бәбіш Молла қалашығы, Ортағасырлық Жанкент қалашығы, Сауысқандық петроглифтері.

Қармақшы ауданында орналасқан Қорқыт ата мемориалдық кешені мен өткен жылы кешен жанынан ашылған этноауыл отандық және шетелдік туристерді ерекше қызықтыратын нысан. Естеріңізге сала кетейік, түркі әлемінің абызына арналған бұл кешен 1980 жылдары бой көтерген. Елбасының тапсырмасына сәйкес 2014 жылы нысан қайта жаңғыртудан өткізіліп, жанынан зиярат ету орталығы ашылды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автомагистрелінің бойында орналасқан кешенге келуші туристер қатары көп, әсіресе «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде кесенені көруге ниеттілер саны артты.

Аймақта халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық музыкалық өнер фестивалін өткізу дәстүрге айналды. 4 жыл қатарынан өткізіліп келеді. 2017 жылы фестивальге Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Тува, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Англия, Түркия, Қытай және Қазақстанның зерттеуші ғалымдар, өнерпаздар қатысты.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Қасиетті Қазақстан және археология» залы ашылып, аймақтағы 12 музейдің экспозициялары жаңаланды.

Сондай-ақ, биыл Қызылордада аймақтың тарихы, мәдениеті және экономикалық жетістіктерінен сыр шертетін фотоальбом түріндегі кітап жарық көреді. Жинаққа АҚШ пен Еуропа елдеріндегі архивтерден Сыр өңірінің тарихи орындары туралы бұрын еш жерде жарияланбаған фотодеректер енгізілмек.

Жыраулар мектебін заманауи деңгейде дәріптеп, насихаттау үшін аймақта «Қазақ дәстүрлі өнер академиясын» ашуды жоспарлануда.

Ал, Иран Ислам Республикасының Қазақстан Респбуликасындағы Елшілігі биылғы жылдың 25 мамыры мен 3 маусымы аралығында Қызылордада «Шахнама» атты ирандық көрмені өткізбек.

Сонымен бірге, ҚР Жоғарғы Сотымен бірлесе отырып, рухани жаңғыру аясында қоғамда даукестік деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институттарын дамыту мақсатында «Сотсыз татуласу орталығын» Қызылордада құру туралы пилоттық жоба іске асырылуда.

Айта кету керек, аймақта «Туған жерге тағзым» жобасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Өткен жылы кәсіпорындар мен жергілікті әкімдік арасында өзара әріптестік туралы меморандумдар жасалды.

Нәтижесінде 2017 жылы меценаттар есебінен өңірімізде білім, мәдениет ұйымдарының ғимараттарын қайта жаңғыртуға, балаларға ойын алаңдарын салып, аллеялар мен скверлер ашуға 6 млрд. теңгеден астам қаржы тартылды.

Республикада алғашқы болып Сыр өңірінде тарихшылар мен өлкетанушылардың І облыстық форумы өтті. Онда «Өлкетанушылар бірлестігі» құрылып, өлкетануды ғылым ретінде дамыту мәселелері талқыланды. 

Сондай-ақ, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Қасиетті Қазақстан және археология» залы ашылып, аймақтағы 12 музейдің экспозициялары жаңаланды. Өңірде бағдарламаның «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламаларынан тұратын жол картасы әзірленді. Карта көпшілікке арналған жобалар жасап, шаралар ұйымдастыруға негізделген. Биыл «Жол картасына» енгізілген 81 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында халықаралық күй фестивалі, ғылыми жобаларды іске асыру, «Алпамыс батыр» жырының қазақша нұсқалары» ғылыми-зерттеу кітабын әзірлеу, Қазақстан мен Өзбекстандағы тарихи орындарға экспедиция жасау, халықаралық симпозиумдар мен конференциялар бар. Жобаларды жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 600 млн.теңгеден астам қаржы бөлінсе, демеушілер есебінен 22 млрд. теңгеденастам қаржы тарту жоспарланып отыр.

Білім саласындағы басымдық аймаққа қажетті кадрлар дайындауға жасалған. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі кезде қызылордалық 452 түлек келісімге сәйкес Ресей Федерациясы Үкіметінің бюджеті есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургтың беделді де белді инженерлік жоғары оқу орындарында оқуда. Айта кету керек, Қызылорда осындай білім беруді ұйымдастырған бірден-бір облыс. Бұдан бөлек, осы жылдан бастап М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық моделдеу» мамандықтары бойынша Сыр жастарына 20 грант бөледі. Сонымен қатар, Татарстанның Президентімен жыл сайын 20 адамды (өңір есебінен) ақпараттық және цифрлық технологиялар бойынша Иннополис университетінде оқыту туралы келісім бар. Бұған қоса, 2013 жылдан бастап аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық дарынды бала жыл сайын облыс әкімініңі гранты бойынша білім алуда. Қазіргі кезде 100 қыз-жігіт оқуын бітірсе, тағы 700-ге жуық адамосындай грант бойынша оқып жүр. Биыл мұндай грант санын 159-қа көбейту, оның 70%-ын болашағы бар ІТ-мамандықтарына бағыттау жоспарланып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<