Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз» деді. Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша 100 жаңа оқулықты аудару ісі бір жыл бұрын басталып, 18 оқулық көпшілікке ұсынылған болатын.
Бейсенбі күні осы бағдарлама бойынша облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қатысқан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты шара өтті.
Жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамдық санаға рухани сілкініс жасаған тың бастама болғанын жеткізді.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі − «сананың ашықтығы». Осы мақсатта талантты да талапты балаларымыздың заманауи білімді игеруі, өркениет талаптарына сай болуы үшін барынша жағдай жасалуда. Әлемдік кеңістікте ұлтымыздың табысты болуы табиғи байлығынан гөрі адамдарының бәсекеге қабілетті болуымен өлшенеді, – деді облыс әкімі.
Бүгінгі ұрпақтың сауатты, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына бағытталған бұл жұмыстар бірнеше жыл бұрын басталған.
– Қырымбек Елеуұлының бастамасымен құрылған Wikibilim қоғамдық қоры еліміздегі Google-дің аударма қызметіне қазақ тілінің қосылуына, дүние жүзіндегі ең үлкен энциклопедия Уикипедияның ана тілімізде тарап, онлайн кітапхана Kitap.kz-тің ашылуына жол ашты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде 100 жаңа оқулықты аудару жұмысы бізге тапсырылғанда қоғамдық қордың аты Ұлттық аударма бюросы болып өзгертілді. Елбасы бастамасының аясында тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша әлемде жоғары сұранысқа ие кітаптардың дені ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аударылды. Ұлттық аударма бюросы «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын алты бастаманың екеуі бойынша белсенді жұмыс істейді. Бірі – жаңа гуманитарлық білім «қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы болса, екіншісі – жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет жобасы, қазақ әдебиеті, мәдениеті, музыкасы, кино өнерін БҰҰ-ның алты тіліне аударып, шетелге тарату, насихаттау жұмыстарын іске асыруда, – дейді Рауан Кенжеханұлы.
Бүгінде «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша ғалым, оқытушы, аудармашы, беттеуші, контент жасаушы, программистер сынды 300-ден аса адам жұмыс істеуде. Аударма – күрделі шығармашылық жұмыс, ал ғылыми аударманың жүгі одан екі есе ауыр. Сондықтан жұмыс тобының алдында маңызды кітаптарды таңдау, оқулық авторларының рұқсатын алу, екіншісі аудармаға жауапты мамандарды дайындау, іріктеу міндеті тұрды. Алдымен Ұлттық аударма бюросы республикадағы барлық оқу орындарына сауал жіберіп, факультеттер қандай оқулықтарға зәру екендігін анықтады. Сауалнама бойынша 800-ден аса беделді деген авторлардың оқулықтарына сұраныс түскен. Ақылдаса келе, жұмыс тобы оқулық таңдаудың бірнеше талаптарын бекітеді. Айталық, «бұл оқулықтар дүние жүзіндегі маңдайалды 100 университеттің бағдарламасында болуы керек, идеологиялық тұрғыдан бейтарап бағытта, яғни белгілі бір идея, концепцияларды насихаттамауы тиіс, кемінде 3 рет басылым көруі қажет» сынды талаптар қойылады. Соның негізінде алғашқы 18 оқулық іріктеліп алынады. Атап айтсақ, бұл кітаптар әлемнің 42 елінде, 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 миллионнан асқан. Мұндай оқулықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында аударып, тегін тарату – әлемде баламасы жоқ тәжірибе.
Ал аударма жұмысы үш кезеңге бөлінген: аудармашылар аударады, ғылыми редактор қарайды, әдеби редактор өңдейді. Себебі, ағылшынша білетіндердің басым бөлігі қазақ тіліне жетік емес, тіпті екі тілді меңгерген адам болғанмен, пәнді түсіне бермейтін болып шығады. Сондықтан осындай үш критерий бойынан табылатын маманды табудың өзі күрделі жұмыс екені анық. Аударманың аса жауапты тұсы – ғылыми терминология. Ел тәуелсіздік алған жылдары көптеген терминдер қазақшаланды. Ғылым мен білімде қолданылмағанымен, терминдердің қазақ тіліндегі баламасы, синонимдері өте көп. Сондықтан жаңа оқулықтарды аудару ісінде мамандар терминдердің бірізділігіне, мағына айқындығына мән берген. Айталық, Клаус Швабтың еңбегі «Төртінші индустриялық революция» деп аударылған. Бұл еңбек орыс тілінде «Четвертая промышленная революция» деп аталады. Промышленность – өнеркәсіп болса, ағылшын тілінде – «Industrial». «Төртінші өнеркәсіптік революция» деп аударса, мағына ауытқып кететін болғандықтан жұмыс тобы ақылдаса келе, халықаралық терминдерді сол күйінде беруді жөн көрген. Рауан Кенжеханұлының айтуынша, жаңа оқулықтарды сала мамандарымен қатар, мектеп бітіруші түлек, осы салаға қызығатын кез келген адам түсініп оқитындай деңгейде ұғынықты жазылған.
– Халықаралық төрт басылымы жарыққа шыққан Грегори Менкьюдің «Экономиксі» дағдарыс негізіндегі рефлекция кезінде пайда болған оқулық. Экономиканы жаңа көзқараспен, қарапайым тілде түсіндіретін кітаптың орысша нұсқасы жоқ. Кейбір оқулықтардың мазмұнымен қатар атауының өзі ғалымдардың сан алуан пікірін тудырды. Айталық, Эллиот Аронсонның кітабы орыс тілінде «Общественное животное» деп аударылады, ал біз «Әлеуметтік хайуан не Қоғамдық жануар» деп атай алмаймыз ғой. Сондықтан ойлана келе, «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» деп атауды жөн көрдік. Бұл халықпен, әлеуметпен жұмыс істейтін мамандарға аса пайдалы еңбек, –дейді Рауан Кенжеханұлы.
Оқулықтар республикадағы барлық аймақтардың кітапханаларына таратылып, электронды нұсқасы «Қазақстанның ашық университеті» платформасына жүктелген. Сондай-ақ, осы салалар бойынша тәжірибелі мамандар әр оқулық негізінде 25 видео-лекция дайындап жатыр. Дүниежүзілік тәжірибеге сәйкес, іргелі оқу орындарынан шалғайда орналасқан қала, ауыл студенттері үшін бұл сапалы білімге қол жеткізудің ең ұтымды жолы болмақ.
Осы кезге дейін 18 оқулық оқырман қолына тисе, тағы 30 оқулыққа аударма жасау биылғы жылдың еншісінде. Рауан Кенжеханұлының айтуынша, оқулықтар аударылып, редакция қарауынан өткізіліп жатыр. Бұл еңбектердің басым бөлігі кәсіпкерлік пен бизнес білімге арналған. Өйткені Қазақстандағы МВА әкімшілік бизнеске арналған жобаларды ешкім қазақша бере алмай отыр. Үлкен бизнес: банк, корпорация, компаниялардың негізінен ресми тілде сөйлеуіне қазақша бизнес басылымдардың болмауы да әсер ететіні белгілі. Сондықтан бұл қазақтілді бизнесті кәсіби деңгейге көтерудің нәтижелі қадамы.
«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» – дүниежүзілік мықты стандарттармен алмасуға, трендтер тынысын тап басып, әлемдік деңгейде ойлануға жетелейтін жоба. Бұл кез келген қоғамның дамуында бар тәжірибелер. Ұлттық аударма бюросының редакциялық алқа мүшесі Шерубай Құрманбайұлы Абайдың Лермонтов пен Пушкиннен, Шәкәрімнің Толстойдан аударма жасағанын еске салды. Алаш автономиясы құрылған сәтте Алаш қайраткерлерінің барлығы оқулық аударумен айналысқан. Тіпті, мамандығы экономист, заңгер бола тұра партия жетекшісі Әлихан Бөкейханов Оскар Уайлдтың «Жұлдыз баласын», «Қырымның қырық әңгімесін» аударып, көркем аударма ісін жолға қойған. Тек бүгінде ғылым мен техниканың дамуына орай, жағдай, оқырман сұранысы өзгерді.
Жиында оқулықтарды латын әліпбиінде шығару мәселесі айтылып, Рауан Кенжеханұлы әліпбидің ережесі бекітілсе, оқулықтарды латыншаға аударудың қиындық тудырмайтынын атап өтті.
Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Рауан Кенжеханұлы мен Шерубай Құрманұлының қатысуымен «100 жаңа оқулық: жаһандану және құндылықтар» тақырыбында жиын өтті. Оқырмандарға әлеуметтану, психология, педагогика салалары бойынша жарық көрген жаңа оқулықтардың маңызы түсіндіріліп, ерекшелігі айқындалды. Жаңа 18 оқулықтың ішінде Ли Энн Пек, Гай А. Рилдің «Медиаэтика» және Карен Армстронгтың «Құдайтану баяны» еңбектері бар. Осы туындылар төңірегінде облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі Гүлмира Әшірбекова «Кәсіби этика оқытудың жаңа тәсілдері», осы орталықтың бас маманы Бақыт Әбжет «Адамзат жадындағы қастерлі ұғымдардың сәулелі және көлеңкелі тұстары» атты баяндама оқыды.
Рауан Кенжеханұлы жаңа оқулықтарды қазақшаға аудару ісі бірқатар бастамаларға жол ашатынын атап өтті. Сәуірдің 12-сі күні Президент оқулықтардың тұсаукесер рәсімінде 100 оқулықты аудару нәтижесі тек қана кітап болмауы керектігін, қанаты қатайған, тәжірибелі аудармашылардың ортасы қалыптасу керек екенін тапсырған еді. Бүгінде әлемге танымал ағылшын тіліндегі Оксфорд сөздігінің қазақша баламасын даярлау мақсатында келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, әлеуметтану, қоғамдық ғылымдарға байланысты жаңа түсіндірме сөздік жұмыстарын дайындау жоспарланған. Шара барысында университет ғалымдары жаңа оқулықтар жөнінде пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді.
«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықты» аудару ісі қоғамдық санаға қозғау салып, әлемдік құнды дүниелерге қол жеткізуге мүмкіндік бергені анық. Ал, «Ұлттық аударма бюросы» ұлт тірлігіне үлкен талапшылдықпен, тиянақтылықпен қарап, еселі еңбек атқаруда.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<