РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ БАЙЫРҒЫ ТҮРКІЛІК РУХАНИЯТ

366

0

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Түркі жазбалары күніне арналған «Рухани жаңғыру және байырғы түркілік руханият» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған еліміздің барлық өңірлерінен ғалымдар, түркітану саласының мамандары және жергілікті жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты. 

Конференцияны Ш.Шаях­метов атындағы тілдерді дамы­ту ­рес­­пу­­б­­ли­калық үйлестіру-әдісте­ме­­лік орталығының директоры Ербол Тілешов ашып, шараның маңыз­­дылығына кеңінен тоқтал­ды.  Алаш­тың  анасы атанған өңірдегі шараға сәттілік тіледі.

– Тәуелсіздік алғаннан бері тари­хымыздың көптеген ақтаң­дақ­тары, тарихи қабаттар ашы­лып, қазір 25 жылдың ішінде осы түркітануға үлес қосып жүр­ген мамандардың үлкен шо­ғы­ры қалыптасты. Бүгін сол ғалымдардың біразы Қызылорда­да бас қосты. Салаға қатысты мәселелер бұрын Тараз, Алма­ты, Өскемен, Астана және Түркіс­тан қалаларында өткен конфе­ренцияда талқыланған еді. Түр­кі халықтарының зерттейтін үл­кен кешені – тілтану ғылымы. Оның негізгі тірегі де – тіліміз. Орхон-Енисей заманынан көне ескерткіштен бастап  бүгінгі күнге дейін  жер жүзінде 50-ге жуық түркі халқы өмір сүреді. Сол халықтардың ортақ тілі, жәдігер мұрасы бар. Он тоғызыншы ғасыр­дың өзінде Қазанда, Мәскеуде, Санкт-Петербургте түркітануды зерттеген үлкен ғылыми  орта­лықтар болған.  Кеңес кезінде Алматы­да, Ташкентте, Бакуде қалыптасты. Түркияның ірі қала­ларында да  зерттеліп жатыр, – деді орталық директоры.

Ал, бүгінгі шараны Қызылорда қала­сында өткізудің үлкен мәні бар. Сырдың бойында ұлт тарихына қатысты құнды мәде­ниет, ескерткіштер қалып­тасты. Тарихтың толғауын ашып, бүгін­гі ұрпаққа ұсынсақ, «Рухани жаңғыруда» айтылған мәселе ұлт ретінде өзін-өзі тану, рухымызды асқақтату, өзінің тегін білген, тари­хын білген ұрпақ асқақ бола­ды. Бұл конференцияның маз­мұны Елбасы көтерген «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламасымен үндесіп жатыр. Ербол Ердембекұлы өз сөзін­де «Қасиетті Қазақстан» бағдар­ламасы жайлы да кеңінен айтып өтті.

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов құттықтау сөз алып, рухани жаң­ғырудың Сыр өңіріндегі сер­піні мен атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады.

– Өткен жылы Елбасы Н.Назарбаев­­тың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­лама­лық мақаласы жарияланды. Мәдени құндылықтарымызды, ұлт­тық болмысымызды насихат­тай отырып дамудың келесі саты­сына көтерілу жолындағы ізденістерді бүгіннен бастау керек­тігін айтқан мақала шыққаннан бастап, елімізде, оның ішінде облысымызда маңызды іс-шаралар қолға алынды, – деді ол өз сөзінде.

Осы орайда облыс басшы­сының бастамасымен аймақта бағдар­ламаны жүзеге асыру қолға алынды. «Рухани жаңғыру» орталығы ашылып, жұмысын бас­тады. Аймақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға бағыт­талған іс-шаралар жоспары бекітіліп, 79 жоба жүзеге асты.  Сонымен қатар, 600-ден астам іс-шаралар жоғары деңгейде ұйым­дастырылды. Ал, биылғы жылы 81 жоба мен 100-ден аса ірі көлемдегі шараның өңірлік жол картасы әзірленіп, бекітілді.

Сондай-ақ, халықтың игі­лігі үшін жасалып жатқан тың жобалардың жалғасы ретін­де Сырдария өзенінің сол жаға­лауынан бой көтеретін жаңа қаланың құрылысын атауға болады. Сол аумақтан әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылым объек­­тілерімен бірге Жастар орта­­лығы бой көтереді.  Қазақ орта­лық атқару комитеті ғимараты үлгісіндегі музей құрылысы аяқ­талуға жақын. Жақын күндері осы ғимараттан аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы орналасады. Сондай-ақ, «Қазақстанның кие­лі жерлерінің географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру жөніндегі облыстық жұмысшы топ мүшелерімен бірлесе өңірдегі қасиетті орындар сараланды. «Қасиет­ті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкерлері облысымызда ісса­парда болып, тәжірибелерімен бөлісті. Нәтижесінде өткен жылы жарыққа шыққан «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» және 35 нысан «Өңірлік қасиетті нысандар» кітаптарына облыс бойынша зиярат  ету маңыздылығы, тарихи сипаттамасы қойылған талаптарға сәйкес келетін 12 нысан енгізілді. Айта кетерлігі, өңіріміздегі 6 нысанға оғыз дәуірінің ескерт­кіштері  Жанкент, Сортөбе, Жент, сақ мәдениеттерінің көр­нек­ті жәдігері  Шірік-Рабат қалашықтарына, Аралдың кепкен  табанындағы Кердері кесенесіне және қазақ хандығының  астанасы болған Сығанақ қалашығына архео­логиялық зерттеу жұмыстары жүр­гізіліп жатқанын жеткізді.

Одан әрі жиын барысында ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы Тілдік дайындық кафед­расының меңгерушісі, профессор Шапағат Жалмаханов  «Әбілқасым әз-Замахшаридың «Мукаддимат әл-әдеб» сөздігі  (ХІІ ғ) мен қазақ тіліндегі көмек­ші морфемалардың тарихи тек­тестігі» тақырыбында баяндама жасады. Ал, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Бекен Сағындықұлы «Қазақ метафорасы: таным мен таңбалық сипат» және  Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының профессоры Шанжар­хан Бекмағамбетов «Әріп белгі­лерінің астарында адамзат өрке­ниетінің асыл қазыналары» атты тақырыпта хабарлама оқы­ды. Мұнан әрі өзге жоғары оқу орындарынан келген мамандар тақырып аясында дайындаған  жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.

Жалпы, бұл ғылыми жиынның негізгі мақсаты – ортақ түркілік мәдениетіміздің үлгілерін жүйе­леу мен зерттеу жөнінде пікір алмасу және қазіргі кезеңде осы салада жүрген  отандық ғалымдардың басын қосып, өзара тәжірибе алмасу. Сонымен бірге конференцияда қазақ тілінің латын графикасындағы жаңа әліпбиіне байланысты ойларды ортаға салу болды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев­тың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақа­ла­сындағы жаңа әліпбиге байланысты міндеттің орындалу барысы мен  оның маңызы, қажет­тілігі туралы да айтылды.

Мұнан кейін шара қонақтары Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен дөңгелек үстелге қатыс­ты. Конференцияны  мәде­ниет, архивтер және құжаттама бас­қармасының ұйым­дастыруы­мен  А. Тоқмағанбетов атындағы мәде­ниет үйінде өткен концерттік бағ­дарлама қорытындылады.

 

Сара  АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<