Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Онда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тұрғындар саулығын сақтауда аянбай еңбек етіп, медицина саласының дамуына үлес қосып жүрген дәрігерлер қауымын құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Әлемде қанша мамандық болса, бәрінің маңызы зор. Әйтсе де, адам жанының арашашысы болған ақ халатты абзал жандардың орны ерекше екені даусыз. Денсаулық – адамның баға жетпес байлығы. Осы орайда Сырдағы денсаулық сақтау саласында нәтижелі істер атқарылып, жетістіктерге қол жеткіздік. Салаға заманауи технологияларды енгізуге, материалдық-техникалық базаны күшейтуге, профилактикаға көңіл бөлінуде. Қаржыландыру көлемі соңғы бес жылда 30 процентке артты. Соңғы үш жылдан бері қажетті медициналық мамандықтар бойынша резидентураға гранттар бөлініп жатыр, биыл 25 грант бөлінді. Сонымен қатар, биылдан бастап орта мектептер мен медициналық колледждердің үздік бітірушілеріне облыс әкімінің арнайы гранты тағайындалып отыр. Мамандарымыз Корея мемлекетінде және Ресей, Татарстанның республикасының Қазан қаласында білімін жетілдіруге, Қытай, Австрия, Ресей мамандарымен тәжірибе алмасып, озық технологияларды енгізуге мүмкіндік алып отыр,–деп атап өтті облыс әкімі.
Одан бөлек, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша сала медициналық ақпараттық жүйемен 100 процент қамтылса, цифрлық технологияларды енгізуге, компьютерлендіруге жергілікті бюджеттен осы жылы 365 млн теңге бөлінген. Сонымен бірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қарқынды дамуда. Өткен жылы 4 жоба іске асырылса, биыл жалпы құны 14 млрд теңгені құрайтын 28 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Атқарылған шаралар нәтижесінде жалпы өлім-жітім 4 процентке, оның ішінде нәрестелер өлімі 41,2 процентке, қатерлі ісіктен 22,8 процентке, туберкулезден өлім-жітім 2 есеге азайған.
Салтанатты шарада облыс әкімі бірқатар сала қызметкерлерін марапаттап, Құрмет грамотасын, Алғыс хат, «Еңбек ардагері» медалі мен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін табыстады.
Жыл қорытындысы бойынша үздік дәрігерлер анықталып, оларға 500 мың теңгенің сертификаты берілді.
Шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<