Аймақта САРАТС жобасының екінші кезеңі жүзеге асырыла бастады. Ол 8 компоненттен тұрады. Алғашқы 6-ы – бірінші, қалған 2-і – келесі кезеңнің еншісінде.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов жоба қаржысы республикалық бюджет пен Дүниежүзілік банк заемы есебінен бөлінетінін жеткізді. Енді «ғасыр жобасының» жалғасы қандай компоненттерді қамтитынына тоқталайық.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған Қызылорда су торабы келер жылы кешенді жөндеуден өткізілмек. Қажет қаражатты республикалық бюджетті нақтылау барысында бөлу жоспарланып отыр. Жалағаш ауданының Тұрымбет, Қорғанша учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасын түзету, Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту шаралары 2017-2020 жылдарға арналған «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасы шеңберінде жүзеге асырылады.
Қазалы ауданының Бірлік ауылы маңында автомобиль көпірін салу компоненті «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 2019 жылдан бастап қолға алынғалы отыр. Ал Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйелерін қалпына келтіру компоненті Су ресурстары комитетінің бюджеттік бағдарламалары шеңберінде іске асырылады.
– Қамыстыбас балық өсіру питомнигінің Тастақ учаскесіндегі балық өсіру тоғандарын кеңейту компонентіне өзгеріс енгізіледі. Өйткені бүгінде балық өсіру питомнигі ескірді. Бірінші кезекте питомниктің өзін, содан кейін тоғандарды қайта жаңғыртамыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
САРАТС-2 жобасының бірінші кезеңіне тек республикалық бюджет қаржысы жұмсалады. Ал екінші кезең Дүниежүзілік банк заемы есебінен орындалады. Ол коллекторлық-дренаждық суларды Арал теңізіне бұру, Көкарал бөгетінің төменгі жағында гидрологиялық және орман-мелиорациялық жұмыс жүргізу сияқты шараларды қамтиды.
– Бұл суармалы жерлердегі су шығынын азайтып, Аралға түсетін су көлемін арттырады. Сулы-батпақты алқап қалыптастыру арқылы Арал өңірінің экологиясын жақсартып, теңіздің шығыс жағалауында жасыл белдеу құруға, сол маңдағы елді мекендерді құм көшкінінен сақтауға мүмкіндік береді, – деді Серік Қожаниязов.
Сондай-ақ, ол биыл су мөлшері былтырғыдан 2,5-3 есе кем болатынын, сол себепті аз суды тиімді және мақсатты түрде пайдалану керектігін ескертті.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<