Елбасы кеше Парламент Палаталарының және Үкіметтің бірлескен отырысында жаңа әлеуметтік бастамалар көтеріп, халқымызға үндеу жариялады. Бұл Қазақстан халқының жаңа тарихи кезеңнің алдында тұрғанын айқындайтын, елдің игілігіне арналған ұтымды да түбегейлі әлеуметтік жоба екенін көрсетті.
Үндеуде Президент «Бұл – біздің қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін, жігерімізді жанып, нақты іске кірісетін сәт. Біз оны ауқымды әлеуметтік жобалар арқылы жүзеге асырамыз. Мемлекет осындай түбегейлі шараларды қолға алады. «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз деген идея жаңа мағынамен толыға түсуге тиіс» – деп атап көрсетті. Әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған Президенттің 5 бастамасының маңызы зор.
Мемлекет басшысының бесінші бастамасында «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» міндетін қойып отыр. Елбасы елімізде газ өндіру тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 млрд текше метрге дейін артқанын, әрі қарай да өсе түсетінін атап өтті. «Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген. 9 облысқа газ тартылған. Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистралды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 млн адамды газбен қамтамасыз етумен қатар шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді» – деді Президент.
Астананы газдандыру экологияны жақсартып, зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге азайтады екен. Жобаны жүзеге асыру өзге өңірлерді де газдандыруға мүмкіндік береді. Сарыарқаға газ келген соң Павлодар, Петропавл, Көкшетау қалаларына да көгілдір отын жеткізу жоспарланбақ. Сонымен бірге құрылыстың бірнеше рет екшеліп пысықталғанын, сөйтіп нақты жобаға айналғаны айтылды.
Елбасының бастамасымен енді Сырдан Сарыарқаға газ құбыры тартылмақ. Бұл Қараөзек газ тарату станциясынан басталатын алып құрылыс жаңа жұмыс орындарын көбейтіп, өндірісімізге серпін әкеледі. Қазіргі таңда облыс халқының 63 пайызы табиғи газ тұтынуда. Соңғы жылдары Қызылорда қаласын газдандыру – елеулі артып, 7 аудан орталығының 4-іне газ жеткізілді.
2017 жылы Белкөл кентіне табиғи газ жеткізу аяқталды және Байқоңыр қаласына газ тарту жұмыстары басталды. Биыл Жосалы кентін газдандыру жұмыстары басталады және соңғы аудан орталықтары Жалағаш, Тереңөзек кенттеріне құбырлары тартылады. Одан кейінгі кезекте елді мекендер көгілдір отқа игілігін көрмек.
Президенттің бес бастамасын Сыр бойы халқы зор қуанышпен қарсы алды және жарқын болашағына айқын бағдар алып отыр. Бұдан оншақты жыл бұрын тікелей Елбасының тапсырмасымен Қызылорда қаласын газдандыру жұмыстары басталғанын халқымыз жақсы біледі. Соның нәтижесінде көгілдір отынның игілігін көріп, аймақтың экономикалық-әлеуметтік жағдайы елеулі ілгеріледі.
Мемлекетіміздің жаңа қадамдары бүкіл қазақстандықтарға, еліміздің барша азаматтарына игі әсер етеді. Елбасы атап өткендей, Біз әлеуметтік мемлекет пен ұлттық өркендеудің шынайы, әрі сындарлы қазақстандық моделін міндетті түрде бірге жасайтынымызға сенімдіміз. Бүгінгі бастамалардың еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асатыны барлығымызға зор жауапкершілік жүктейді.
Медет УСАЙН,
облыстық энергетика және тұрғын үй
коммуналдық шаруашылығы
басқармасының басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<