Сатып алуды орталықтандыру биыл да жалғасын табады

1719

0

Қауіпті індет көптеген сала жұмысына өзгерістер енгізгені белгілі. Мұндай өзгерістен мемлекеттік сатып алу жүйесі де тыс қалмады. Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ғалым Едігеевпен сұхбат барысында өткен жылы осы салада болған өзгерістер қамтылды.


– Ғалым Қайырбекұлы, облыс бойынша өткен жылы қанша мемлекеттік сатып алу өткізілді?

– 2014 жылы республикада алғашқылардың бірі болып мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай ұйымдастырушысы – мемлекеттік сатып алу басқармасы құрылғанын еске сала кетейін. Сол кезеңнен бері басқарма мемлекеттік сатып алуларды тиісті заңдылықтарға сәйкес өз деңгейінде ұйымдастырып келеді.


Басқарма 2020 жылы жалпы құны 77,5 млрд теңгенің 1517 сатып алу конкурсын өткізіп, нәтижесінде 4,6 млрд теңге үнемделді. Сонымен қатар, эпидемиологиялық ахуалға байланысты енгізілген мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібімен 46,5 млрд теңгенің 1383 сатып алуы жүргізіліп, 4,3 млрд теңгенің үнемделуіне қол жеткізілді.
Осылайша өткен жылы 2900 (124 млрд теңге) сатып алу өткізіліп, ол 2019 жылы өткізілген 2307 сатып алумен (88,7 млрд теңге) салыстырғанда 593-ке немесе 20%-ке артты.


Айта кету керек, аталған сатып алуларға жалпы 506 камералдық хабарлама келтіріліп, 168 (4 млрд 144 млн теңге) сатып алудың күші жойылғанымен, алдындағы жылы өткізілген 194 конкурспен (6 млрд теңге) салыстырғанда 26-ға немесе 13%-ке азайған.
– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап орталықтандырылған мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылып жатқанын естідік. Қазіргі таңда оның нәтижесі қандай?

– Мемлекет басшысының мемлекеттік сатып алуларды аутсорсингке беру мүмкіндіктерін қарастыру туралы тапсырмасына сәйкес, Қаржы министрлігі былтыр «Мемлекеттік сатып алуларды орталықтандыру» пилоттық жобасын жүзеге асырды.


Жобаға Ауыл шаруашылығы, Әділет, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы министрліктері және Нұр-Сұлтан қаласы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облысы қатысушылар ретінде айқындалды. Конкурс және аукцион тәсілімен, яғни мемлекеттік сатып алу комиссиясын құру көзделген барлық мемлекеттік сатып алуларды бірыңғай ұйымдастырушылар жүргізді.


Соның нәтижесінде облыс бойынша барлық конкурстардың 2733-і (1350 конкурс; 1383 арнайы тәртіп) немесе 94%-ін облыстық және қала, аудандық бірыңғай ұйымдастырушылар ұйымдастырып, 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 13%-ке артты.


Бұл қолданыстағы заңнама талаптарын қолданудың біркелкі тәжірибесін қалыптастырып, саланы кәсібилендіруге кезекті қадам болды. Себебі, саладағы бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапқа тартылғандар саны 289-дан 218-ге, яғни 71-ге немесе 25%-ке азайды.
Оның ішінде 2019 жылы бірыңғай ұйымдастырушылардың 89 қызметшісі әкімшілік жауапқа тартылса, бұл көрсеткіш өткен жылы 8-ді құрап, 91%-ке азайды. Осыған байланысты министрлік биыл да пилоттық жобаны жалғастыру бойынша жұмыстар жүргізуде.
– Түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүргізіле ме?


– Иә, бұл жұмыс басқармада бір жүйеге қойылған. Мамандарға облыс аумағындағы тапсырыс берушілерге кураторлық қызмет жүктелген, яғни, мемлекеттік сатып алу басқармасының әрбір қызметкеріне қала, аудан, облыстық мекемелер бөлініп, жетекшілік жасау тапсырылған. Осы арқылы үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отыр.


Сонымен қатар, өздеріңізге белгілі мемлекеттік сатып алу заңы және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидалары жиі өзгеріске ұшырайды. Осыған байланысты, қолданыстағы тәжірибе ескеріле отырып, 2020 жыл бойына уәкілетті орган – Қаржы министрлігіне 60 ұсыныс жолдап, оның үшеуіне қолдау білдірілсе, екеуіне оң баға берілді.


– Мемлекеттік сатып алу саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде? Қоғамдық бақылау бар ма?


– Бұл ретте мемлекеттік сатып алулар толықтай автоматтандырылған, ашық әрі жария екенін айта кеткім келеді. Қазақстан Республикасының кез келген азаматы мемлекеттік сатып алу goszakup.gov.kz веб-порталына кіріп, қалаған уақытында сатып алуды, мекеменің жоспарында алдағы уақытта қандай сатып алуларды өткізетінін, ұйымдастыратынын көре алады. Бұл –барлық жұмыс бойынша толық ашықтық қамтамасыз етіліп, қоғам тарапынан бақылауда тұр деген сөз.

Әңгімелескен
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<