Сексеуілде жаңа мектеп ашылды

419

0

Білім күнінде Арал ауданының Сексеуіл кентінде 300 орындық мектеп салтанатты түрде ашылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, аудан әкімі Серік Сермағанбетов қатысты.

Бұл мектеп Президент тапсырмасы негізінде салынып, ел игілігіне беріліп отыр. Екі қабатты ғимарат халықаралық стандарт бойынша тұрғызылған. Онда 20 сынып кабинеті, спорт және мәжіліс залы, кітапхана, асхана, тіпті автотұраққа дейін қамтылған. Оқу жылында 442 оқушы білім алады. Оның 40-ы мектеп табалдырығын алғаш аттады. Білім ордасындағы ұстаздар толық індетке қарсы екпе салдырған. Сонымен қатар, білім ошағында санитарлық-дезинфекциялық шаралар қатаң сақталған.

Айта кетейік, Сексеуіл кентінде 15 мыңға жуық тұрғын бар. Кент орталығы үлкен теміржолдың екі бетіне орналасқан. Кенттегі 3 мектеп те теміржолдың біржағында болған­дықтан, екінші беттегі тұрғындар үшін, әсіресе олардың оқушы балалары үшін шойын жолды кесіп өту қиын болған еді. Жаңа мектеп бұл қиындықтарды артта қалдырды. Сондай-ақ, Сексеуіл кентіндегі 4 білім ошағы орын тапшылығын толық жойды.        

Сонымен кешеден бастап білім ордаларында дәстүрлі форматта сабақ басталды. Ұстаздар мен ата-ана­лар мектепке «Ашық» қосымшасы арқылы кіреді. Ал, оқушылар 5 сатылы дезинфекциялық тексерістен өтіп барып, мектепке кіре алады. Қарым-қатынасты шектеу үшін «1 сынып – 1 кабинет» қағидасы енгізілген. Мұнда мейлінше оқушылардың қоңырауда топтасып қалуына жол берілмейді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<