Серік Ахмет: Өңір журналистері жедел ақпарат таратуды мақсат етіп келеді

651

0

Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығының тұсаукесерінде «өңір журналистері жедел ақпарат таратуды мақсат етіп, заман талабына сай дамудың жолын ұстанып, іргелі индустрияға айналды» деді.


Айта кетсек, бүгін Қызылорда қаласында «Достық» үйінде «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығының тұсаукесері өтуде.


Сондай-ақ, аталған шараға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп және Түркістан облысындағы БАҚ басшылары, қызылордалық қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысуда.


«Бұл салада 2,5 мыңға жуық қалам иелері аймақ халқын жедел және сапалы ақпараттармен қамту жолында тынымсыз еңбек етуде.


Нақты және жедел ақпарат таратуды мақсат етіп, заман талабына сай дамудың жолын ұстанған бұл сала – іргелі индустрияға айналды.


5 томдық «Сыр журналистикасының тарихы» кітабында аймақтың ақпарат айдыныда талай жылдар жаңалық пен жақсылықтың жаршысы болған басылымдардың тарихы баяндалады», деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет.


«Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жарық көріп отыр. Бұл еңбектің ерекшелігі сол, Сыр өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының өткені мен бүгінін қызылордалық журналистердің өздері саралап, зерттеп жазып шықты.


Бүгінде облыстың медиа кеңістігінде 100-ден аса бұқаралық ақпарат құралы жұмыс жасауда (барлығы – 101, 12 мемлекеттік, 89 тәуелсіз). Оның ішінде, 8 электронды, 3 ақпараттық агенттік, 3 интернет сайт, 87 баспа бұқаралық ақпарат құралы бар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<