Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Қазтелеком» АҚ Оңтүстік өңірлік коммуникациясы дирекциясының бас директоры Үсенхан Әубәкіровты қабылдады.
Кездесуде аймақ басшысы Президент Жолдауындағы цифрлық теңсіздікті жою, интернетке барынша қолжетімдікті және сапалы байланысты қамтамасыз ету бүгінгі таңда аса маңызды мәселе екенін атап өтті.
– Бүгінгі күні облыс халқының жартысынан астамы, яғни 448 мыңы ауылдық жерлерде тұрады. 230 ауылдық елді мекеннің 170-і кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Бұл барлық елді мекеннің 74%-ін құрайды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өңірде 73 елді мекеннің мемлекеттік органдары талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етіліп, оның 14-не «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы байланыс желісін жүргізді. Ендігі жерде жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппаған 39 елді мекенді және шалғай орналасқан 14 елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруыңызды ұсынамыз, – деді облыс әкімі.
Ү.Әубәкіров өңірлік коммуникацияның қызмет аясына үш облыс – Түркістан, Жамбыл және Қызылорда өңірлері кіретін, қазіргі кезде «Теле-2/Алтел» компаниясы интеграциялық жұмыстар жүргізіп жатқанын, оның аяқталуымен ауылдық жерлерде интернет сапасы артатынын мәлімдеді.
Өткен жылдың наурыз айында облыстық цифрлық технологиялар басқармасы мен «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік өңірлік телекоммуникациялар дирекциясы арасында «Қызылорда облысының мемлекеттік органдарына талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу» туралы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жасалған. Шартта көрсетілген құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, 69,7 шақырым талшықты-оптикалық кабельдер жүргізіліп, аймақтағы мемлекеттік органдардың 77 объектісі интернет желісіне қосылған.
Облыс бойынша білім беру және денсаулық сақтау нысандары толығымен интернетке қосылған. Қазіргі уақытта бюджеттік ұйымдарды емес, халықты (мектеп жасындағы балалар, студенттер және т.б.) сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Сондай-ақ, білім беру саласында «Қауіпсіз мектеп» жобасы бойынша бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен іске асырылуда. Осы жылы облыстық бюджеттен 70 мектепке бейнебақылау камераларын орнатуға 250 млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда камераларды орнату жұмыстары жүргізілуде.
Smart Citi жобасы аясында жүзеге асырылған мұндай бақылау жүйесі көптеген артықшылыққа ие. Мұнда оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ одан қажетті ақпаратты алуға болады. Осы қызметті тағы да 71 мектепке қосу мүмкіндігі бар. 2021 жылға бұл мақсатқа 55 млн теңге қаралған. Көпқабатты үйлер аулаларында да видеобақылау жүргізу уақыт сұранысына айналып отыр.
Облыс әкімі облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Юлия Тремасоваға «Қазтелеком» ұсынып отырған жобалар бойынша тиісті мамандармен бірге талқылап, ұсыныс беруді тапсырды.
Ыдырыс Тәжіұлы,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<