Облыстағы өндірісі мен кәсіпкерлігі қатар қанат жайған өңірдің бірі – Шиелі ауданы. Бұл ауданда шағын және орта бизнесті дамыту жолға қойылған. Жұмысына жеке-дара тоқталатын кәсіпкердің бірі – Сабыр Ермаханов.
Осыдан екі жыл бұрын Наурыз мерекесі қарсаңында Шиеліде шұбат өңдейтін цех іске қосылған болатын. Кәсіпкер Сабыр Ермахановтың бастамасымен ашылған шұбат өңдеу цехында 7 түрлі өнім өндіріледі. Аталған өнім өңдеу орнының жобалық құны 45 млн теңгені құраса, бұл қаржыны еш жерден несие алмастан, кәсіпкер өз қалтасынан шығарған. Цехта алғашқы кезекте тәулігіне 400 литр түйе сүтін өңдеу жоспарланған. Бүгінде өндіріс орны 1 тонна сүт өнімін өңдеуге қауқарлы. Мұнда 5 адам жұмыспен қамтылған.
Өнімнің сапалы да тауарлық сипаты жақсы болуы үшін онда қызмет жасайтын мамандардың жақсы білімі мен тәжірибесі болуы шарт. Бұл орайда кәсіпкердің жас мамандардың тәжірибе алмасуын, арнайы курстардан өтуін қаржыландырып, үлкен мән беріп келе жатқандығы қуантады. Мәселен, Баян Дүйсенбек – жоғары білімімен қоса арнайы курстардан өтіп, шұбат өңдеу ісіне маманданған жан. Ойға түйгендерін жүзеге асыра бастағандықтары олардың алғашқы еңбек күнінен айқын байқалып, өңделген түйе сүтінен дәм татқан аудан ардагерлері ризашылығын білдірісіп жатты.
Биология ғылымының докторы, Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Әсия Серікбаева өз шәкірті Баян Сабырқызымен бірге үлкен ізденісті жұмыс жүргізді. Нәтижесінде «Ару Ана» сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорнында 5 компоненттен тұратын, 5 айға дейін сақталатын жаңа ашытқы қолданысқа енді. Бұл – Қазақстан бойынша алғаш жасалған ұзақ мерзімге жарамды ашытқы. Айтылған мәлімет – бүгінгі өндірістің қарқынды дамып, өнімдерінің көпшілік сұранысына ие екенінің айқын дәлелі.
Еңбек жолын 2016 жылдан бастап «Ару Ана» кәсіпорнынан бастаған Баян Сабырқызының аталған өндіріске сіңірген еңбегі мол. 2015 жылы Еуразия Ұлттық университетінің Биотехнология мамандығын үздік тәмамдаған ол қазіргі таңда Алматы технологиялық университетінің магистранты.
Осындай жұмыстарға бастамашы болған жас ғалым алдағы жоспарымен де бөлісті.
– Қазіргі таңда біз сиыр сүтін аэрациялау арқылы қымыз сусынын өндіруді қолға алдық. Ұлттық сараптамалық орталығымен тығыз байланыс орнатып, жаңа жобаны патенттеу үстіндеміз. Алдымыздағы жылда осы өніммен халықты қамтамасыз ету ойымызда бар. Ендігі кезекті жобам – сиырдың қаны арқылы оның ауруын анықтайтын ғылыми-тәжірибелік жұмыс. Ол «Иммунохроматографиялық тест жүйесі» арқылы мал ауруын 20 минут ішінде анықтайды. Соның ішінде малдан аусыл ауруын анықтауда ғылыми-тәжірибелік жұмыстар жасалды. Сонымен қатар жыл сайын цехтың құрылғыларын жаңартып, өндіріс ауқымын кеңейтуді қолға алмақшымыз, – деді ол.
Шиелі аудандық «Ару Ана» сүт өнімдерін өңдеу цехы халықты шұбат, айран, сүзбе, қымыз, ірімшік, балмұздақ өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Майлылығы 6 проценті балмұздақтың мұнда шоколадты, ванильді, құлпынайлы «бубл гум» кілегейлі түрлері өндіріледі. Құрамы тек табиғи сүт өнімдерінен тұратын балмұздақ бала денсаулығына пайдалы. Қай жағынан алсақ та, шұбат – жанға қуат. Медицинада да емдік сусын ретінде мойындалған. Көзін тауып, өңдей білсе, түйенің жүні де өнеркәсіпте таптырмайтын шикізат.
Біз әңгімеге арқау еткен кәсіпорында шұбат сақтаудың үздік үлгісі жасалған. Оны өндіріске енгізген өз жерлестері екенін Шиелі жұртшылығы мақтанышпен айтады.
Арайлым ӨТЕПОВА.
Шиелі ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<