Шиеліде сиыр сүтінен қымыз сусыны шығарылмақ

560

0

Шиеліде сиыр сүтінен қымыз сусыны шығарылмақ Шиелі ауданында  сүт өндеу кәсіпорнының технологы Баян Дүйсенбек сиыр сүтінен қымыз сусынын шығару ісін қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол 2016 жылдан бері аталмыш кәсіпорында қызмет етіп келеді. 2015 жылы Еуразия ұлттық университетінің Биотехнология мамандығын үздік тәмамдаған ол, қазіргі таңда Алматы технологиялық университетінің магистранты. Баян Дүйсенбек Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, биология ғылымының докторы Әсия Серікбаевамен бірге бірқатар зерттеу жобаларын жүргізген.

Біз бұған дейін Баян Дүйсенбектің сүт өнімдерін 5 айға дейін сақтауға болатын жаңа ашытқыны өндіріске енгізгенін хабарлаған едік

Қызылордалық жас ғалым енді сиыр сүтінен қымызға ұқсас сусын жасамақ. Ол бұл жобаның да сәтті шығатынына зор сенімде.

«Қазіргі таңда сиыр сүтінен қымыз өңдеу ісін жүргізіп жатырмыз. Бұл жобаны ұлттық сараптама орталығымен бірге қолға алдық. Осының нәтижесінде қымыз сусынын жасап шығардық. Кәдімгі қымызбен салыстырғанда бұл сусынның аса көп айырмашылығы жоқ. Дәмі мен сапасына келетін болсақ, кәдімгі қымызбен тең дәрежеде деп айтуға негіз бар. Бұл жоба еліміз бойынша алғаш рет қолға алынып отыр. Қазір оны патенттеп жатырмыз. Сусын ауамен қанықтыру ісімен әзірленеді. Келесі жылдан бастап еліміздің барлық аймағына шығарсақ деген жоспарымыз бар. Сауылған таза қымыз болмаса да химиялық тағамдық құрамы, микроэлементтері кәдімгі қымызбен пара-пар», – деді Баян Дүйсенбек.

Аталмыш жобада ол сиыр сүтінен шығатын көк суды пайдаланады. Кейін көк су қымызға ұқсау үшін қалыпқа келтіріледі.  

Алдағы уақытта Б.Дүйсенбек сиырдың қаны арқылы оның ауруын анықтайтын ғылыми-тәжірибелік жұмысты қолға алуды жоспарлап отыр. Ол «Иммунохроматографиялық тест жүйесі» арқылы мал ауруын 20 минут ішінде  анықтамақ. Соның ішінде  малдан аусыл  ауруын  анықтауда ғылыми-тәжірибелік жұмыстар жасалды.

Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Наурыз мерекесі қарсаңында Шиеліде шұбат өңдейтін цех іске қосылды. Кәсіпкер Сабыр Ермахановтың бастамасымен ашылған цехта 7 түрлі өнім өндіріледі.  «Ару Ана» сүт өнімдерін өңдеу цехы халықты шұбат, айран, сүзбе, қымыз, ірімшік, балмұздақ өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Майлылығы 6 пайыз балмұздақтың мұнда шоколадты, ванильді, құлпынайлы «бубл гум» кілегейлі түрлері өндіріледі. Тәулігіне 600 литрден аса шұбат дайындалады. Биылдан бастап шұбаттан балмұздақ шығарыла бастады. Жапониядан әкелінген аппарат күніне 200 литр сүтті балмұздаққа айналдыра алады.

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<