Шиеліде жаңа аурухана ғимараты бой көтерді

507

0

Шиеліде жаңа  аурухана  ғимараты бой көтерді Елбасы тапсырмаларына орай шеткі аймақтардың әлеуметтік мәселелерінің шешімін тауып келе жатқандығы жұртшылықтың көз алдында. Облысымыздың қиыр шеттегі ауалдарының өзінде мектеп пен ФАП-тар салынып, көшелерінің асфальттенуі үйреншікті жағдайға айналды. Атқарушы орын өкілдері халық тілектеріне орай осы секілді көптеген әлеуметтік нысандардың тез арада халыққа қызмет жасауына қарқынды жұмыс ұйымдастырып келеді. Соның бір дәлелі ретінде Шиелі ауданының орталығынан жыл басынан бері салына бастаған жаңа аурухана ғимаратын айтуға болады. 

 

  Облысымыздың көрікті аудандарының бірі Шиеліде жаңа аурухана салу қажеттілігі бұрынғы ғимараттың тіптен ескеріп, замана талабына сай болмауына байланысты екендігі түсінікті. Аурухана құрылысына мемлекет тарапынан 6 млрд 565 мың теңге қаржы бөлініп отыр. Құрылыс жұмыстары 2017 жылы желтоқсан айынанан басталды. Келісім шарт бойынша 2019 жылы 31 желтоқсанда ғимарат құрылысы аяқталып, халық пайдалануына ұсынылады деп күтілуде. Жалпы құрылыс аймағының көлемі 66 273 шаршы метрді құрайды. Ал аурухананың аумағының көлемі 7007 шаршы метр  болып табылады. Дәл қазіргі таңда аурухана құрылысына 160 құрылысшы еңбек етеді. Жұмысшылардың басымы Шиелі ауданының тұрғындары.

   Жаңа аурухананың ескі ауруханаға қарағанда қандай өзгешеліктері болады. Бұл туралы участок басшысы Айбек Мереев былай дейді:

   –Біріншіден,  аурухана  заманауи технологиялармен жабдықталады.    Екіншіден, салыстырмалы түрде қарағанда, бұрынғыдан жаңа ғимараттың  ауқымы үлкен болады. Негізгісі, аурухана 4 блоктан құралады. 3 блогы 3 қабаттан тұрады, ал  4-блогы 2 қабатты болады. Олардың ішінде қабылдау бөлімі, ота жасағаннан кейінгі бөлім, ота жасау блогы, физиологиялық босану бөлімі, неврология бөлімі, балалар бөлімі, хирургия бөлімі, терапия бөлімі және т.б. Сонымен қатар ас дайындау блогы болады. Барлық қызметкерлер сол жерден тамақтандырылады. Арнайы лифт қызмет жасайтын болады. Оның бір бөлігі науқастарды тасымалдауға арналса, екіншісі азық – түлік, ауыр зат тасымалына арналады. Одан бөлек жертөле қабаты да бар. Жаңа аурухананы заманауи құрал – жабдықтармен қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан 5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп отырғандығын да айтқан жөн болар.

    Сырт көздің өзіне белгілі болып отыр, жұмыс қарқынды түрде жүруде. Осыдан үш- төрт жыл бұрын салынған поликлиника жанына зәулім ғимарат қысқа мерзім ішінде бой көтеріп үлгерді.  Әр шаруаның қозғаушысы болатын мәлім, солардың бірі кезінде осы аурухананың бас дәрігері, нақты уақытта амбулаториялық – емханалық қызметі бар Шиелі аудандық емханасының бас дәрігерінің орынбасары Қазбек Шәукебаевтың белсене араласқанын айтпасақ, орынсыз болар еді. «2011 – 2012 жылдары Денсаулық сақтау министрлігіне барып, вице министрге жолығып, жаңа аурухана соғу жөнінде жобамызды өткізген болатынбыз. Жоба құпталып, сол уақыттан бастап жаңа аурухананың соғылуына жұмыс жасала бастады», – дейді Қазбек Шәукебаев. Білікті маманның айтуы бойынша жаңа аурухана 150 жатын орынға шақталған.

Аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған осы жұмыстардың орындалу қарқыны көңіл көншітерлік. Жаңа ғимаратта, соңғы үлгідегі құрал – жабдықтармен жабдықталған денсаулық сақтау мекемесінде емделу, дертіне шипа іздеген науқастарға да тиімді болмақ. Биылғы жылы ауданның құрылғанына 90 жыл толатын Шиелі ауданының тұрғындары бұл жаңалықты ерекше көңіл күймен қабылдап, Елбасы тапсырмаларының жер-жерде тиянақты орындалып, алдағы істерге серпін береріне сенімді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ, 

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<