Шиелі аудандық ардагерлер үйінде ардагерлер конференциясы өтті.
Кездесу барысында аудан әкімі Нариман Мақұлбеков екі жылдан аса аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарған, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауданымыздың медицина саласының қарқынды жұмыс жасауына үлес қосқан Әбдірахманов Аманкелді Әбдіжаппарұлына алғысын білдіріп, дәстүрге сай иығына шапан жауып құрмет көрсетті.
Аманкелді Әбдіжаппарұлы – әлемді індет шарпыған уақытта медицина саласының маманы ретінде және ұйымдастырушылық қабілетімен аудан әкімдігімен бірлесе отырып, бірқатар шаралардың жүзеге асырылуына қолдау көрсетті. Еріктілермен күні түні жүріп ерекше қызмет етті. Қызмет барысында, еңбектері еленіп Елбасының және денсаулық сақтау министрліктерінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Шиелі ауданының құрметті азаматы Әбдірахманов Аманкелді Әбдіжаппарұлы денсаулығына байланысты өз өтінішін білдірген болатын. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметіне Исмайл Өркен Әзімханұлы сайланды.
Өркен Әзімханұлы аудандық полиция бөлімінің құрметті ардагері, совхоз директоры, аудан әкімінің орынбасары, аудандық «Өскен өңір» газеттің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарған, Шиелі ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері.
Аудан басшысы жаңадан сайланған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исмайл Өркен Әзімханұлына және алқа мүшелеріне ауданымыздың бірлігі мен берекесін арттыру бағытында аудан әкімдігі тарапынан одан әрі бірлескен жобаларды жүзеге асырып, қолдау білдірілетіндігін жеткізді.
– Тәуелсіздік алғаннан бастап Шиелі ауданы да жылдан-жылға дамып, халықтың әл-ауқаты да жақсарып келеді. Халықтың бірлігі, ел қазынасын еселеу, әлеуметтік – экономикалық даму бағытындағы жұмыстар Мемлекет басшысының белгілеп берген нақты міндеттері аясында жүзеге асырылып келеді. Аудандағы атқарылған әрбір игілікті іс пен жаңалықтың, жаңарудың куәсі – өздеріңіз. Қазіргі таңда, аудан бойынша 8 211 ардагер болса, оларды біріктіретін аудандық, ауылдық ардагерлер кеңесі, аудандық, ауылдық әйелдер кеңесі, ауылдық қауымдастық өкілдігі, аудандық аналар кеңесі, аудандық қоғамдық кеңестері жұмыс жасайды, – деді аудан әкімі Нариман Мақұлбеков.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<