Шиелілік шаруаларға лимит бойынша су берілуде

838

0

Биыл «Шиелісушар» өндірістік учаскесіне Сырдария өзенінен 539 млн. текшеметр, ал таза егіске 444 млн. текшеметр лимит берілді. Осы бөлінген лимит негізінде Шиелі ауданы бойынша 12037 гектар күріш дақылын егу жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов мәлімдеді.

– Биыл ауданда 30 246 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленген. Негізгі күріштің үлесі 12037 гектар. Су шаруашылығы нысандарын дайындау жоспары жасалынған. Биыл 0-2 және Р-12 каналдарын қазу жұмыстары аяқталды. 15 сәуірден бастап Жаңа Шиелі магистралды каналына су жіберілді. Қазіргі таңда Сырдария өзенінің Шиелі ауданы тұсындағы су деңгейі 158,18 см-ге тең, – деді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов.


Жалпы аудан шаруашылықтарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ауданда егін шаруашылын әртараптандыру жұмыстарына басымдық беріліп, 95 гектар жерге бақша дақылдарын тамшылатып суару әдісімен егілді.

– Бүгінгі мәлімет бойынша, Шардара су қоймасына секундына 96,3 текше метр су түсуде. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37,7 текше метрге кем. Қоймадағы су көлемі 4120 млн. текше метр, өткен жылдан 542 млн. текше метрге кем. Ал қоймадан төменге секундына 250 текше метр су жіберілуде, бұл өткен жылдан 50 текше метрге кем, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Оспанов.


Бүгінгі күні Жаңа Шиелі магистралді каналы бойында орналасқан егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету тұрақты жүргізілуде. Жоспар бойынша 52,8 м3/сек су алу қажет болса, нақты алып жатқаны 54,0 м3/сек құрап отыр.

– Жаңа Шиелі магистралді каналының ПК-85 бекетінен бастау алатын О-2 каналының Р-8 тармағынан су алатын Ақмая ш/қ су деңгейі жетіспеушілігінен 67 гектар егіс алқабын қысқартты. Қазір 2 дана насос қондырғысын орнатылған. Сол сияқты Р-12 каналы бойындағы Бестам елі ш/қ Р-12-7 каналына 1 дана насос қондырғысын орнатып су тарту жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, Қамыстықақ каналы 8,0 м3/сек су алып отыр. Канал бойында су тапшылығы жағдайына байланысты «Байдалиев» ш/қ 2 дана насос қондырғысын орнатып К-4 қашыртқысынан су тартуда, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының су шаруашылығы нысандарын пайдалану бөлімінің басшысы Айдос Асанбаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<