Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры Шотландияның Эдинбург қаласында өтіп жатқан «ФРИНДЖ» өнер фестиваліне қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» лиро-эпостық драмасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» спектаклімен қатысуда.
Халықаралық фестиваль Эдинбург қаласында 3 тамыз күні басталып, 27 тамызға дейін жалғаспақ. «Ақбаян» спектаклі көрермендерге 6-8 тамыз аралығында көрсетілетін болады.
«Фриндж» («Fringe») фестивалі 1947 жылдан бастап жыл сайын ұйымдастырылады және әлем бойынша театр өнеріндегі ең ірі шара болып табылады. Биыл фестивальге әлемнің 50 елінен келген 50 000-ға жуық артист қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальде көрермен назарына 3700 түрлі жанрдағы қойылым ұсынылады.
«Бұл фестиваль театр қоғамдастығында өте беделді әрі танымал, әрине, осы халықаралық іс-шараға қатысу мүмкіндігіне ие болғанымызға және өнер көрсетіп, ұлттық мәдениетті әлемге танытатынымызға өте қуаныштымыз. Ұйымдастырушыларға және бізге көмектескен, қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысымызды білдіреміз», – деді команданың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хусейн Әмір-Темір.
Фестиваль аясындағы Қызылорда драма театрының көрсетіліміне Англия мен Шотландиядағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
«Спектакльді көріп туған жеріме барып қайтқандай сезіндім, салт-дәстүрімізді еске түсірдім. Сіздерді көргеніме өте қуаныштымын. Отандастарымызды жиі көргіміз келеді. Шамамыз келгенше қазақтың салт-дәстүрлері мен қазақи өмір салтын ұстануға тырысамыз. Қазақстандықтарға бейбітшілік пен береке тілеймін! Қазағым аман болсын!»- деді Алматының тумасы, 10 жыл бойы Англияда өмір сүріп жатқан Нордон (Англия) қаласының тұрғыны Раушан Стайлс.
Қызылордалық әртістер көрермен назарына «Ақбаян» қойылымын ұсынды. Спектакльде ұлттық билер, ойындар және асық, көкпар, арқан тарту сияқты спорттық сайыстар мен ұлттық киімдер арқылы халық нақышы мен қазақ мәдениетін көрсетеді.
Қоюшы-режиссер – театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хусейн Әмір-Темір. Суретші-декоратор – Нұркен Қалымбетов. Қойылымдағы әртістердің көпшілігі жастар екенін ерекше атап өту керек. Мысалы Ақбаян рөлінде – Зарина Кенжалы, Қозы рөлінде – Санат Жүзбай, Қодарды – Қанат Архабаев, Қарабайды – Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері Бахытбек Темірбеков сомдаса, Мақпал рөлінде – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет қызметкері» төсбелгісінің иегері Залипа Төлепова, Күнікей рөлінде – Ақтолқын Төлеуова ойнады.
«Ұйымдастырушылардың талаптарының бірі – берілген уақыттан аспау. Дүниеге келгенінен басталатын Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу оқиғасын 55 минутқа шақтап, қойылымды «Ақбаян» деп атадық. Қазақи әуен, ұлттық нақыштағы декорациялар, костюмдер мен ойындар көрермендерге ұнады, біз үшін ең маңыздысы да – осы», – деді Хусейн Әмір-Темір.
Сонымен қатар, театр әртістері фестивальдің әртүрлі алаңдарында, мысалы, «Royal Mile» (Корольдік миль) атты туристер арасында ең танымал көшелерінің бірінде импровизацияланған қысқа спектакльдер қойды.
Жарты ғасырлық тарихы бар Нартай Бекежанов атындағы театрдың репертуарында әртүрлі жанрдағы көптеген пьесалар қойылған. Театрда жастар тобы, қуыршақ театры және драмалық ұжым, барлығы – 50-ге тарта әртіс бар. Осыған дейін театр Түркия, Әзірбайжан және Ұлыбритания сияқты елдерде өнер көрсеткен, енді театр қоржынына Шотландиядағы қойылым да қосылды.
Қосымша: Эдинбургтегі «ФРИНДЖ» – әлемдегі ең ірі өнер фестивалі. Шын мәнінде, бұл музыкалық, этникалық, кино, кітап және опера мен эксперименттік театр фестивалі болып табылады.
«ФРИНДЖ» (аудармасы «шеткі») фестивалінің тарихы 1947 жылдан басталады. Халықаралық бірінші Эдинбург фестивалнің бағдарламасына енбей қалған бірнеше театр ұжымы, аталмыш фестивальге балама ретінде шығармашылық еркіндікке бағытталған іс-шараны ұйымдастыру туралы шешім қабылдайды. Олар бүкіл қала бойынша табиғи алаңдарда өздерінің фестивальдерін өткізіп, сыншылардың таңданыс пікірлерін естиді. Содан бері «Фриндж» Халықаралық Эдинбург фестивалімен бірге өткізіліп келеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<