Қазақстан Республикасы экономикасын тұтастай алғанда, соның ішінде өңірлердің дамуын айқындайтын факторлардың бірі тау-кен металлургия кешенінің жұмысы. Бұл ретте Қызылорда облысы мұнай, газ, полиметалл кендері мен уранды қоса алғанда, минералдық-шикізат ресурстарына бай.
«Өздеріңіз білетіндей, мұнай-газ саласын дамытудың осы проблемалық мәселелерін біз бірнеше жыл бойы, соның ішінде 2019 жылғы наурызда Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында баяндадық. Нәтижесінде, Үкімет Қаулысымен Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді. Республикалық бюджет есебінен Шу-Сарысу, Сырдария, Оңтүстік-Торғай бассейндерін жалпы сомасы 11 млрд теңгеге геологиялық зерттеу шешімі қабылданды», – деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Айта кету керек, биылғы жылы Шу-Сарысу және Оңтүстік-Торғай бассейндері бойынша зерделеу жұмыстары басталды. Бұл үшін ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 1,47 млрд теңге бөлінді. Сырдария бассейнін зерттеуге қаражат бөлу Үкімет деңгейінде қарастырылуда.
Қазіргі уақытта 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Арал өңірі бассейнін зерделеу көзделеп отыр. Бұл зерделеу жұмыстарының негізі Арал теңізінің бұрынғы түбін зерттеуге бағытталады.
«Қазіргі кен орындарының тау-кен бөліністерінің тереңдік шекаралары – 1500-2000 метр ал, іргетас тереңдігі – 3000 метр. Жоғарғы, орта, төменгі Юра және палеозой шөгінділері зерттелмеген. Осыған байланысты өндіру және барлау ұңғымаларының тереңдігін 3 000 метрден астам асыру мәселесі өзекті болып отыр. Мысалы, «Қуатамлонмұнай» мұнай компаниясы 5000 метр тереңдікте тірек-параметрлік ұңғыманы бұрғылау үшін өтінім берген болатын. Алайда, Энергетика министрлігі тарапынан қолдау көрсетілмеді. 5000 метр тереңдікте тірек-параметрлік ұңғыманы бұрғылау мәселесі оң шешілген жағдайда компания қызметкерлерінің жалақы мәселесі де шешімін табар еді. Сондықтан Ақбатыр Алуадинұлы, сізден осы мәселенің оң шешілуіне көмек көрсетуіңізді сұраймыз,» – деді облыс әкімі Қуанышбек Досмайлұлы.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысында қатты минералдық-шикізат ресурстарының болашағы зор. Мәселен, қорғасын, мырыш, кадмий, германия, алтын, күміс, селен, темір, жанғыш тақтатастар, қоңыр темір, фосфориттер, молибден-ванадий және цирконий-титан кендерінің қорлары анықталды. Сонымен қатар, облыс аумағында темір, фосфориттер, жанғыш тақтатастар, тальк, мыс, алтын кен орындары да бар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<