Сол жағалауда «Шығыс базары» болады

1862

0

Байқадыңыз ба? Қызылорда қаласындағы «Сыр ана» монументі маңы сұлуланып, көшелерге көз тартатын жарықшам, субұрқақ орнатылып, жаңа кейіпке енді. Облыс орталығының көркіне көркем кейіп үстеген басқа да бастамалардың нәтижесі көзге көріне бастады. Кеше Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдарияның сол жағалауындағы қала құрылысының бас жоспарына сай атқарылып жатқан жұмыстарды бақылау мақсатында нысандарды аралады.

Алдағы уақытта сол жағалауда «Шығыс базары» бой көтереді. 3 гектар аумақта тұрғызылатын жабық сауда орнының бірінші кезеңі 2021-2022 жылдары салынып бітеді деп жоспарлануда. Әзірге алғашқы дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Сол жағалауда «Шығыс базары» болады

Сол жағалаудағы қаланың алғашқы нысаны – Қазақ Орталық атқару Комитетінің ғимараты үлгісіндегі қалалық музейден кейін мұндағы ел игілігіне берілген қай ғимарат та өзіндік архитектурасымен тұрғындарға қуаныш сыйлап келеді. Жыл соңына дейін мұнда «Транстелеком» АҚ әкімшілік ғимараты аяқталады. Ал, алдағы уақытта 9 қабатты 4 тұрғын үй, көпсалалы аурухана, физика-математикалық мектеп, қан орталығы сынды елге аса қажет нысандар бой көтереді.

Қала әкімі жауапты мамандарға бас жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары уақытылы аяқталып, сапалы жүргізілу керегін тапсырды. Сондай-ақ, сол жағалаудағы Шіркейлі каналының үстінен өтетін көпір құрылысының жүргізілу барысымен танысты. Мамандардың айтуынша, бүгінде құрылыс салынып бітті деуге де болады.

Сол жағалауда «Шығыс базары» болады

– Қазір жұмыстың 90 проценті аяқталып, мемлекеттік қабылдау комияссиясына дайындалуда. 4 жолақты көпірдің ұзындығы – 102,8 метр, ені 21 метр. «Сервис НС» ЖШС құрылысты қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды межелеп отыр, – деді облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының бөлім басшысы Нұртай Қуанышбай.

Тұңғыш Президент паркінен Рәміздер алаңына дейінгі аралықты бұрын көргеннің бәрі жақсы біледі, сайы көп, кедір-бұдырлы дала болатын. Қазір мұнда қалалық денсаулық және демалыс саябағы бар. Екі жыл бұрын құрылыс жұмыстары басталған еді, 20 мыңнан астам көшет, 60 мыңнан астам гүл егіліп, қазір  жайқалған жасыл желекке айналған. Жұмысқа жауапты «Бақ-Береке» ЖШС 2 шақырым веложол, 6 балалар ойын алаңын салып, 386 жарықшам орнатқан.

Шаһар басшысы бұл аумақты одан әрі дамыту жұмыстарын талқылап, саябақты көркейту жұмыстарын күшейту керек екенін атап өтті.

– Қазір күзгі уақыт. Дарияның суы келіп тұр. Қала күніне орай көгалдандыру жұмысына тұрғындарды ұйымдастыруға болады, – деді қала әкімі.

Сапар барысында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар да назарға алынды. Қазір қалада Бейбарыс сұлтан көшесінен Қызылжарма каналына дейін 4,6 шақырымды құрайтын магистральды жол құрылысы қарқынды жүруде. Жол бойында 4 автобус аялдамасы, 3 автотұрақ,  145 түнгі жарық шам орнатылған. Сондай-ақ, ені – 3 метр, ұзындығы – 2830 метрді құрайтын жаяу жүргінші жолы мен 2830 метрді қамтитын веложол салынатын болады.

Нұрлыбек Нәлібаев «Сыр ана» монументін қайта жаңғырту және абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Әдемі аумақ, субұрқақпен қарсы алатын «Сыр ана» монументінің маңы қазір демалыс орнына айналған. Мұнда 3150 шаршы метр аумаққа  көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 2 субұрқақ, жаяу жүргінші жолы, жаңа үлгідегі орындықтар, жарық бағаналары және 2 спорттық-ойын алаңы салынуда.

Сапар соңында қала әкімі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылын абаттандыру жұмыстарын да арнайы көрді. 6 шақырымға жуық жол бойын көгалдандырып, тротуар салу жұмысы «Асанас-Дар» ЖШС жауапкершілігінде. Қазір облыстық көпбейінді аурухананың алдындағы ландшафтты аумақ, аққу бейнесіндегі субұрқақ орталыққа өзгеше өң беріп тұр. Қала әкімі бұл аллеяны «Дәрігерлер аллеясы» деп атауды ұсынды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<