СОРТӨБЕДЕН БАСТАЛҒАН САПАР

501

0

СОРТӨБЕДЕН  БАСТАЛҒАН САПАР Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық кіші экспедициясы өз жұмысын бастады.
Экспедицияның басты мақсаты – ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап өткен аймақтағы та­рихи-мәдени мұраларға саяхат жа­сау, ортағасырлық қалалар, сондай-ақ, ар­хео­логиялық ескерткіштер мен ке­сенелер тарихымен танысу, аудан­­дардағы түрлі этнос өкілдері ара­­сында қарым-қатынас орнату, та­нымдық тәжірибе алмасу болып табылады. 50 адамнан құралған топтың құрамында «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Асылбек Жұмабаев, аудандардағы белсенді этнос өкілдері, ғылыми-сараптамалық топ пен сарапшылар клубының мүше­лері бар.
Тарихи-танымдық саяхат Қармақ­шы ауданы, Жосалы кентінен батысқа қарай 12 шақырым қашықтықта орна­­ласқан  Сортөбе қалашығынан бас­тал­ды. Қалашықтың нысаны төрт­бұ­рыш­ты, кіреберісті екі жақтан қор­­ғайтын және бұрыштық мұнарасы бар мекеннің   қабырғаларының биік­тігі – 2, ені – 6-8 метр. Сырдарияның жа­ға­сында орналасқан бұл қала­шықтың сауда жолын реттеп тұратын сауда порты болуы да мүмкін. Бір айтарлығы, қалашықтың 30-40 про­центі ғана сақталған. Қалашықта зерт­теу жұмыстарын жүргізіп жат­қан Қорқыт ата     атындағы  ҚМУ «Архео­ло­гия және этнография» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі, т.ғ.к. Әзілхан Тәжекеев Сортөбе жайлы жаңаша мәліметтермен бөлісті.
Экспедиция мүшелерінің келесі аял­дамасы Оғыз мемлекетінің рухани астанасы –Жанкент қалашығы. Азия мен Еуропаны байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі ша­һар орта ғасырлардан сақталған. Қызылорда облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері, тарих магистрі Еркебұлан Елеуов экспедиция мүше­леріне Жанкент қалашығы жайлы қы­зықты, әрі құнды мағлұматтарымен таныстырды.
Жанкент қалашығынан кейін экс­педиция құрамы Қазалы ауданында орналасқан Ғани Мұратбаев музейіне аялдады. Көрнекті қоғам қайраткері, Қазалы өңірінің даңқты перзенті, Орта­лық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушыларының бірі, Шығыс жастарының көшбасшысы – Ғ.Мұратбаев жайлы аталған музей қызметкері Ақерке Бердібай тың дерек­тер айтты.
Саяхатшылар Әйтеке би кентінен батысқа қарай 4 шақырым жерде орналасқан Жанқожа батыр кесенесіне аялдады. Кесене 1992 жылы өзінің бү­кіл өмірін Арал маңы қазақтарының тәуелсіздігі жолындағы күреске арна­ған Жанқожа Нұрмұхаммедұлының құр­метіне қойылған.
Топ мүшелерінің соңғы аялдамасы Қармақшы ауданы, Жосалы кен­тінен солтүстік-батысқа қарай 18 ша­қырым жерде орналасқан Қорқыт ата мемориалды кешені болды.  Он­да қобызды бейнелейтін төрт эле­менттен тұратын, әр тарапқа қара­тып тұрғызылған құлпытастарға ұқ­сас стелла, қошқар мүсіні, оңаша ті­лек тілейтін жерасты мінәжат үйі – қылует, сондай-ақ, көне Рим дәуі­ріндегі архитектуралық құрылыс үлгі­сінде салынған түрлі ойындар мен сайыстарды тамашалауға арналған амфитеатр орналасқан. Экспедиция мүше­лері 3 экспозициялық залдан тұратын музей ғимаратымен танысып, ондағы Қорқыт өмірі мен мәдениетінен сыр шертетін құндылықтар мен жә­дігерлерді тамашалап, естелік су­ретке түсті. Музейде Қорқыт өмірі дәуірінің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін құнды жәдігерлер сақталған.
Осылайша, тарихи-танымдық сая­хатқа қатысқан экспедиция мүшелері өңірдегі мәдени ескерткіштерді тама­шалап ғана қоймай, тың деректерге де қанықты.

М.ОТАРАЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<