СУ ҮНЕМІ БАСТЫ ТАЛАПҚА АЙНАЛДЫ

384

0

СУ ҮНЕМІ БАСТЫ ТАЛАПҚА АЙНАЛДЫ Қызылорда қаласында «Арал-Сырдария» бассейндік кеңесінің ХХІ мәжілісі өтіп, оған кеңестің облыстардағы өкілдері қатысты. Мәжілісте ҚР Қоршаған орта және су ресурс­тарын пайдалануды реттеу және қорғау жө­ніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қар­лыханов бұған дейін өткізілген отырыс­тарда су ресурстары саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары қаралғанын атап өтті.

Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақ­стан­дағы атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекниязов мамыр айының басында Қызылорда қаласында мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комис­сиясының 73 отырысы өтіп, нәтижелі келісімдер жасал­ғанына назар аударды. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, мұздақтар еруіне орай 2050 жылға қарай су көлемі қазіргі көрсеткіштен 30 проценттей азаюы мүмкін деген де болжамдар бар. Сондықтан да алдағы кезеңдері суды үнемдеп жұмсау жағына көп ден қойылатын болады.

Мәжіліс күн тәртібіне сай Қызылорда облысындағы көлдерге су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Шәменов хабарлама жасады. Ол су нысандарын санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес ұстау, жерүсті суларының ластануын, қоқыстануы мен сарқылуын болғызбау, сондай-ақ, өсім­діктер мен жануарлар дүние­сін сақтау үшін ерекше пай­далану шарттары бар су қорғау аймақтары мен бел­­деулері белгіленетініне назар аударды. ҚР Ауыл шаруа­шылығы министрлігі бе­кіт­кен қағидаға сәйкес су қорғау аймағы – 500, су қорғау белдеуі 35 метр болып белгіленген. Бүгінгі күні облыс аумағында 216 су нысаны есепке  алынған. Оған Сырдария өзені, Қараөзек арнасы, 203 көл, 10 су қоймасы мен тоған және Арал теңізі кіреді. Б.Шәменов 2007-2016 жылдар аралығында облыстық бюджеттен 174 млн теңге қаржы бөлініп, Сырдария өзені бойынша барлық аудандар мен Қы­зылорда қаласы бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жобалық құ­жат­тамалары әзірленіп, 1851 дана су қорғау белгісі орнатылғанын атап өтті. Енді облыс аумағында орналасқан көлдердің су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жұмыстарының жобалық құжаттамаларын әзірлеу басталған. Өткен жылы 22 көл және Қараөзек арнасы, Арал теңізінің су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жобаларын әзірлеуге 49,8 млн теңге қаржы бөлінсе, биылғы жыл 26 көлге 49,8 млн теңге қаржы  қаралған. Ал келесі жылы 33 көл аймағы үшін 52,9 млн теңге қаржы бөлуге бюджеттік өтінім беріліп отыр. Осылайша бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғастырылатын болады.

Мәжілісте Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық мелиоративтік экспедициясының басшысы Карл Анзельм Оңтүстік Қазақстанда суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайының мониторингі мен бағалау жөнінде есеп берді. Оның айтуынша Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 570,4 мың, Жамбыл облысы бойынша 105,5 мың гектар аумаққа мониторниг жүргізілген. Жерасты суларының тұздық деңгейіне стационарлық гидрогеологиялық бақылау жасау үшін 30 мыңнан аса өлшем жасалса, коллекторлық-дренаждық жүйелерге 2300-ге жуық өлшем жасалған. Маман суармалы алқаптардың басым бөлігі жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екенін мәлімдеді. Оңтүстік Қазақстан облысының суармалы алқаптарының 18,3 процентінің тұздалуы орташа, жоғары және өте жоғары деңгейге жатады.

Бүгінгі таңда Қазақстанның су шаруашылығы нысандарының 60 проценті тозып тұр. Қазақстандағы көптеген ірі су қоймалары (Қапшағай, Шардара, Бөген, Қаратомар, Сергеевский және т.б) өткен ғасырдың 70 жылына дейін салынған. Мәжілісте бұл деректерді «Қазсушар» РМК «Суметрология» филиалының бөлім басшысы Мақсат Тұрдиев жеткізді. Оның айтуынша, еліміздегі гидротехникалық құрылыстарға көпфакторлы зерттеулер жүргізудің тәртібі келесідей. Пайдалануға берілгеніне 25 жыл толғанша бес жылда бір рет зерттеулер жүргізіледі. Ал 25 жылдан асқаннан кейін зерттеулер жыл сайын жүргізіліп тұрады.

«Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС директоры Серікбай Өмірзақов облыста күріш және басқа да дақылдарды суару режимін ғылыми тұрғыдан негіздеу мәселелері жайлы ой қозғады. Ол облыстағы суармалы массив алқаптары 231 мың гектардан асқанмен, оның 60 мың гектардан астамы айналымнан шығып кеткенін айтып өтті. Жыл сайын 160-170 мың гектар шамасындағы аумаққа түрлі дақылдар егіліп жүр. Оның ішінде күріш егістігі жыл сайын су көлеміне қарай өзгеріп отырады. Мәселен, өткен жылы 94 мың гектар алқапқа күріш егілсе, биыл ол көрсеткіш 81 мың гектар болады деп межеленуде. Зерттеулер көрсеткендей, күріш дақылын облыста 75 мың гектардан асырмаса, су ресурстарын реттеу оңайға түсетіні байқалып жүр. Ғалым сонымен қатар күріш егістігін барынша азайту қажет деген пікірлермен де келіспейтінін атап өтті. Ол жағдайда мелиоративтік алқаптарды жоғалтып алу қаупі күшейеді.

Институт директоры қазіргі уақытта күріш алқап­тарын суғарудың тиімді жаңа тәсілдерін қолдану арқылы өнімділікті арттыру бағытында зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. Ол сонымен бірге облыста егілетін барлық дақылдарды өсіруге тамшылатып суару әдістерін қолдану бойынша зерттеулер жүргізілетінін жеткізді. Негізгі мақсат – табиғаттың ең басты байлығы суды үнемдеп қолдануға көшу.

Кеңесте сондай-ақ, Сырдария өзені суының сапасын қалпына келтіру мәселелері бойынша Қызылорда гидрогеологиялық мелиоративтік экпедициясының басшысы Қ.Құламбаев және  түрлі меншіктегі гидробекеттердің жағдайы туралы «Қазсушар» РМК-нің «Суметрология» филиалының бас метрологы С.Бекжанов хабарлама жасады. Мәжіліс соңында күн тәрібінде айтылған ұсыныстар бойынша шешімдер қабылданды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<