Қызылорда облыстық сотының ұйымдастырумен Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде, аудандық және оған теңестірілген соттар судьяларының арасында құқықтық турнир өткізілді.
Турнир жаңадан тағайындалған судьялар мен бес жылға дейін өтілі бар судьялар қауымдастығының біліктілігін артыруға, олардың байқау негізінде креативті ой-өрісін одан әрі дамытуға бағытталды.
Өзінің алғы сөзінде облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев жаңа буын судьялардың кәсібилігінің артуына, өзара достық пен ұйымшылдыққа ықпал ететін құқықтық турнирдің маңыздылығын атап өтті. «Адал еңбек, кәсіби шеберлік және креативті ой – кез келген судьяның өмірлік ұстанымы болуы тиіс», – деді ол.
Сайысқа Қызылорда облысының жергілікті соттарының азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерді қарайтын әрқайсысы 12 судьядан тұратын 3 команда, яғни «Сыр билері», «Тас түйін», «Әділет қорғаны» командалары қатысты.
Командалар 8 тур аясында сынға түсті. Олар қолданыстағы заңнамалар мен «Жеті жарғы» заңдар жинағын білу деңгейі бойынша құқықтық сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, әр команда сот отырысына қатысушылар бейнесінде көріністер көрсетіп, ұсынылған тапсырмаларды орындады. Турнир барысында көрермендер назарына бейнероликтер мен сазды нөмірлер де ұсынылды.
Байқау соңында командалар Судьялық әдеп кодексінің нақты нормаларымен байланысты театрландырылған қойылымдар қойды.
Сайыс соңында облыстық соттың судьялары мен ардагер судьялардан тұратын әділқазылар алқасы турнирдің жоғарғы деңгейде өткендігін атап өтіп, жеңімпаздар анықтады.
Құқықтық турнир қорытындысы бойынша Қазалы, Арал, Қармақшы аудандық, Байқоңыр қалалық және мамандандырылған экономикалық сотының судьяларынан құралған «Тас түйін» командасы 1 орын иеленді.
Сонымен бірге, қазылар алқасының шешімі бойынша турнирде белсенділік көрсеткен қатысушыларға түрлі номинациялар бойынша дипломдар табысталды.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<