Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова егісті суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Нұрымбетовты, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Б.Шәменовті және «Қазсушар» кәсіпорны Қызылорда филиалының директоры Х.Бейімбетовті қабылдады.
Қабылдауда сала басшылары қазіргі уақытта облыстағы егін шаруашылығы жағдайы мен суармалы су жеткізу жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Атап айтқанда, С.Нұрымбетов биылғы нақты егілген егіс көлемі мен жағдайы, аудандар бойынша су тапшылығы орын алған егіс көлемі мен су жеткізу барысында атқарылып жатқан шаралар туралы айтып өтті. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Б.Шәменов Сырдария өзені бассейніндегі судың жай-күйін баяндады. «Қазсушар» кәсіпорны Қызылорда филиалының директоры Х.Бейімбетов шаруашылықтармен бірге суды тиімді пайдалану бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы хабарлады.
Облыс бойынша 184,7 мың гектар егіс егіліп, негізгі дақыл – күріш 89,6 мың гектарды құрады. Бүгінде каналдар арқылы егіске күнделікті секундына 404 текше метр су алынуда.
Атап айту керек, өткен жылмен салыстырғанда, «Нарын – Сырдария» каскадының су қоймаларында су көлемі 4,4 млрд текше метр аз. «Шардарадағы» жиналған су 2,3 млрд текше метрді құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,1 млрд текше метрге азайып, төменге Сырдария өзені арқылы секундына 520 текше метр су тасталуда. Бұл былтырмен салыстырғанда 180 текше метрге аз болып отыр.
Осы жағдайлар сумен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізіп, барлық аудандардың егіс алқаптарында су тапшылығы байқалып отыр. Аймақтағы 1853 гектар күріш егісіне су жетпей 405 гектар егіс мүлдем сусыз қалған.
Өңір басшысы Сырдария өзеніндегі тапшылыққа байланысты облыстың егін алқаптарын сумен қамтамасыз етуде қалыптасқан күрделі жағдайды күнделікті бақылауда ұстап, тікелей ұйымдастыруды және су тапшылығын алдын алу бағытында жұмыс жасауды тапсырды.
– Су тапшылығын қайта болдырмас үшін алдағы жылдың егісін жоспарлағанда күріштен басқа суды аз қажет ететін, тиімділігі жоғары дақылдарды егу жолдарын қарастырыңыздар, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы қалыптасқан мәселені жедел шешу бойынша Үкімет пен салалық министрлікке шұғыл ұсыныс жолданатынын және алдағы күндері Үкіметте өтетін мәжілісте аталған мәселені Премьер-Министрдің назарына жеткізетіндігін айтты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<