Сыйынар ем, Ана деген тәңірге…

731

0

Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай «Сыйынар ем, Ана деген тәңірге…» атты мерекелік іс-шара өтті.


Салтанатты кешке Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, басқармасы мен бөлімдерінің әскери қызметшілерінің аналары мен жұбайлары, Қарулы күштердің ардагерлері, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова қатысты.

Жиынды ашқан жергілікті әскери басқару органының бастығы полковник Айдын Сағынбеков әйел-аналарды көктем мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде мерекелік шараның мақсаты әскери қызметшілердің мәртебесін көтеру, болашақ Отан қорғаушыларын тәрбиелеп отырған аналарға құрмет көрсету екенін атап өтті.


– Ана – тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, адамзаттың тәрбиешісі, жақсылықтың бастауы. Сіздер қандай құрметке болса да лайықсыздар, – деді полковник Айдын Сағынбеков.


Салтанат кеш соңы Қызылорда облысы филармониясының өнерпаздары мен әскери қызметшілердің бірлесе дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<