Сымбат Мергенбай – Сыр спортының үкілі үміті. Шынашақтай болса да, шымыр қыз жуырда Шымкент қаласында таэквондодан балалар мен жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, шаршы алаңдағы шеберлігін тағы бір шыңдаған Сымбат бұған дейін де биік белестен көрінген. Осының алдында ғана Алматы қаласында, Түркістан облысында өткен республикалық жарыстарда алтын жүлдені иеленген ол облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шұғылданады. Бапкері Г.Мажиковтің айтуынша, Сымбат залға алғаш келгеннен-ақ өзінің ептілігін көрсетіп, таэквондо спортының қыр-сырын тез меңгеріп кеткен.
– Таэквондошы әрқашан өзіне сенімді, салқынқанды, сабырлы, қандай әрекет жасаса да, ойланып істеуі тиіс. 7 жасар Сымбаттың бұл спорт түрімен айналысқанына жыл толмаса да, ол ерекше техникасымен, шаршы алаңда қарсыласының осал тұсын дәл таба білуімен көзге түседі. Алар асуы әлі алда, үлкен сенім артамыз, – дейді Г.Мажиков.
Расында, қаршадай қыздың талабы таудай. Ол талантқа тұсау жоқ екенін, оны еңбексүйгіштікпен байланыстыруға болатынын көрсетуде. Олимп шыңына шығуды армандайтын Сымбат секілді жас жеткіншектердің өсіп келе жатқаны көңілге мақтаныш сезімін ұялатады.
Мөлдір Қалымбет.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<