Сындарлы шақта шыңдала түстік

717

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 50-ші сессиясы өтті. Сессия төрағасы депутат Нұридин Әмитов қатысушыларды сессияның күн тәртібімен таныстырып, алғашқы мәселе облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау туралы есебіне арналатынын хабарлады.

Аймақ басшысы өз сөзінде әлемдік пандемия қалыпты тіршілігімізге біраз өзгеріс енгізіп,  экономикалық даму біршама бәсеңдегенмен, Мемлекет басшысы қабылдаған шаралар экономиканы құлдыратпай, оны тұрақтандыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Тұрақты табыс пен халықтың өмір сүру сапасы – ең маңызды басымдықтар болып қала беретініне назар аударған облыс әкімі биылғы жылға арналған «Жұмыспен қам­тудың Жол картасы» аясында өңі­рімізде жалпы сомасы 40,1 млрд  теңгеге 291 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделіп, 10 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылғанын жеткізді.

– Биыл облыста 1946 пәтерлік 98 көппәтерлі тұрғын үй салынуда, оның ішінде  жыл соңына дейін барлығы  969 пәтерлік 74 үй пайдалануға беріледі.

Өткен жылы Байқоңыр қала­сында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 30 жылда алғаш рет 250 пәтерлік бес тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Келесі жылы Қазақстан азаматтары үшін тұрғын үй салуды жалғастырамыз. Кезекте тұрған 1300-ден астам қазақстандықты ескере отырып, Байқоңыр қаласында тағы да елу пәтерлік 5 үйдің құрылысын 2021 жылы бастау туралы шешім қабылданды, – деді облыс әкімі.

Мұнан әрі атап өтілгендей, облыс халқының 97% орталықтан­дырылған сумен қамтамасыз етілген және халықтың 63% табиғи газ тұтыну мүмкіндігіне ие. Маусым айында Арал ауданының Жақсықылыш кентіне газ жеткізілсе, келесі жылы жалпы саны 50 мың халық тұратын 5 елді мекенге, оның ішінде 3 аудан орталығына көгілдір отын беріледі. Нәтижесінде, жыл соңына дейін облыс халқының 70% табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, су құбыры және кәріз желілерін қайта жаңартуға жалпы құны 4,2 млрд теңге болатын 28 жобаны іске асыру қолға алынған. Бұл 101 мыңдай тұрғынды таза ауызсумен қамтамасыз ететін болады.

Сессияға қатысушылардың облыс әкімі есебінен тыңдаған ке­лесі жағымды жаңалығы – аймақ үшін ең өзекті мәселелердің біріне айналған    «Қызылорда – Жез­қазған» автомобиль жолының қайта жөнделуіне қатысты. Бұл жоба «Нұрлы жол 2020-2025» мем­­лекеттік бағдарламасына енгі­­зі­ліп отыр. Бүгінгі күні Ин­дустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі «Қызылорда – Жезқазған» жолын қайта жаңар­тудың жобалық-сметалық құ­жаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптама қорытындысын алуда. Жол Нұр-Сұлтан қаласына дейінгі қашықтықты 1000 шақырымға қысқартып, Түркістан, Жезқазған және Қарағанды қалалары арқылы Ресей Федерациясының өндірістік аймақтарына тікелей шығуға мүмкіндік береді. Жол жөндеу жұмыстары 2021 жылы Қызылорда қаласы тұсынан басталады деп жоспарлануда. Жоспар жүзеге асқан жағдайда облыс кәсіпкерлері мен жұмыспен қамту саласына септігін тигізері сөзсіз.

Биыл әлеуметтік салада жалпы құны 16,6 млрд теңгені құрайтын 30 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 7-і пайдалануға берілді. Тағы 16-сының құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ.

Денсаулық сақтау саласында аудандық орталық ауруханалар салу мәселесі түбегейлі шешілгені туралы айтқан облыс басшысы 2024 жылға дейін 62 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын жаңарту жоспарланып отырғанын, осылайша, бұл мәселе толығымен шешілетінін мәлімдеді.

– Әлемді шарпыған корона­вирус­тың ықтимал екінші толқы­нының алдын алуға дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Аймақта індет күшейген жағдайда, 3200 инфекциялық төсек-орны бар 21 стационар дайын. Алдағы 10 күндікте 200 орындық модульдік жұқпалы аурулар ауруханасын пайдалануға береміз. Көпбейінді облыстық ауруханада оттегі стан­сасын іске қостық, жақын арада Қазалы ауданаралық ауруха­на­сында да дәл осындай оттегі стан­сасы іске қосылатын болады. Ме­ди­циналық ұйымдар 682 оттегі кон­центратормен, 244 ИВЛ және 60 рентген аппаратымен жаб­дық­талған. Қараша айында 44 сани­тарлық автокөлік табысталып, нәти­жесінде автокөлік паркі 96%-ке жаңартылды, – деді ендігі сөзінде облыс басшысы. Меди­цина­лық мекемелер мен дәріха­на­­­ларда қорғаныш киімдері, дәрі-дәрмектен тапшылық болмауы керек. Өйткені 2 айға жетерлік дәрі-дәрмек қоры жасақталған.  Дәрілік заттардың тұрақтандыру қо­рын қалыптастыруда жергілікті бюджеттен 488 млн теңге бөлінген. Кадрлық құраммен қам­ту және резерв жасақтау да орындалды.

Спорт саласында жетістік бар. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы аясында 22 жоба іске асты. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 денешынықтыру кешендері пайдалануға беріліп, 55 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Кешендерде ашылған 60 спорт секциясына 720 бала тартылған. Жыл басынан бері облыс спорт­шылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарында 293 медаль жеңіп алса, Азия чемпионаттарында 23 медаль еншіледі. Токио олим­пиадасына 2 лицензия бар.

Облыс әкімі есебінде айтылғандай, биыл 300 мектептің 225-і жаңа оқу жылын қашықтан оқытудан бастаса, қазір 121 мектеп дәстүрлі режимде жұмыс істеуде. 40 мыңға жуық бала оқитын 2 мыңнан астам кезекші топ ашылды. Қашықтан оқытуға қажет мектеп теңгеріміндегі 14 мыңнан астам компьютер оқушыларға берілді. Бюджет қаражаты мен демеушілер есебінен 27 мыңға жуық компьютерлік техника сатып алынды, олар тұрмысы төмен отбасы балаларына табысталды.

– Жыл басында аймақта 3 апатты мектеп болды. Біз 140 орындық бір мектепті аяқтадық, тағы бір мектептің құрылысы жалғасуда. Келесі жылы үшінші мектептің құрылысын бастаймыз, – деп толықтырған облыс әкімі жекеменшік мектептердің құрылысы бойынша инвесторлармен келісімдер  жүргізіліп жатқанын айтты. Биыл 300 және 500 орындық 2 мектеп салынуда, жыл соңына дейін біреуі пайдалануға беріледі.

Халықты бірінші кезектегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету күн тәртібінен түскен емес. Жергілікті бюджеттен 834,9 млн теңге қаржы бөлініп, 4 мың тоннадан астам азық-түлік сатып алынды.

Облыс әкімі агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына биылғы жылдың он айында  10 млрд теңгеден астам инвестиция салынғанын мәлімдеді. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты шамамен 11%-ке өскен, оның 98%-і – қайта өңделген өнім. Алғаш рет Германия нарығына 517,1 тонна қамыс және Өзбекстанға 136 тонна бидай ұны жөнелтілді. Жалпы, биыл әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталуда. Диқандар 550 мың тоннадан астам күріш жинап, тағы да жоғары нәтижеге қол жеткізді. Мал, балық шаруашылығын ілгерілетуде ілкімді істер бар.

Биыл облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары қабылданды. Оның аясында экономиканың түрлі салаларында жалпы құны 271 млрд теңгені құрайтын 265 жобаны іске асыру жоспарлануда. Осы жылдың өзінде 2069 жұмыс орны құрылатын жалпы құны 29 млрд теңгеге 110 жоба іске асырылуда. Оның бүгінгі күні 7,4 млрд теңгені құрайтын 83 жобасы іске қосылып, 667 жұмыс орны ашылған. Ауылдық елді мекендерге әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым орналастыру бойынша «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы да жалғасуда. Биыл облыстың 8 елді мекенінде құны 5 млрд теңгеден асатын 62 жоба іске асуда.

Жалпы халықтың өмір сүру деңгейін сипаттайтын көрсеткіштер бойынша оң динамика бар. Мәселен, 10 ай ішінде экономика салаларында 19805 жаңа жұмыс орны құрылса, оның 14761-і тұрақты еңбек көзі.

Мемлекет басшысының Қызылорда облысына экономикалық көмек көрсету туралы тапсырмасына сәйкес орталық мемлекеттік органдармен инвес­тициялық жобалар негізінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 85,5 млрд теңгені құрайтын 74 жоба анықталды. Жобаларды 2020-2023 жылдары, оның ішінде 2020 жылы қаржыландыру мәселесі толықтай шешілген құны 15,6 млрд теңге болатын 42 жобаны іске асыру көзделген.

Облыс әкімі сөз соңында 2020 жылға арналған облыс бюджеті 301,7 млрд теңге көлемінде бекітіліп, жыл ішінде 5 рет нақтыланғанын еске салып өтті. Нәтижесінде облыс бюджетінің көлемі 377,4 млрд теңгені құрады.

Сессияда сөз сөйлеген депутаттар И.Құттықожаев пен І.Тілеп талайды тығырыққа тіреген жаһандық пандемия кезінде облыста атқарылған жұмыстарға оң пікір білдірді. Уақытылы қабылданған шешімдер негізгі көрсеткіштердің төмендеуіне жол бермегенін атап өтті.

Сессияның күн тәртібінде белгіленген басқа да мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<