СЫР ӨҢІРІ – ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ

788

0

СЫР ӨҢІРІ – ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ Сейсенбі күні Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының облысымызда жүзеге асырылуы жөнінде брифинг өткізді. Оның барысында «Қазмедиа» орталығы ғимаратының кіреберісіне «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген облыстағы 12 нысан үлгісі, сырбойылық суретшілер мен қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген кітаптар да қонақтардың назарына ұсынылды. 

– Cыр өңірі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Алаштың ана­сына» балаған, сасқанға сая, та­лайға пана болған қасиетті мекен. Ұлы ойшыл Қорқыт ата дүниеге кел­ген, ежелгі шығыс өркениетінің орта­лығы, түркі мәдениетінің ал­тын көмбесі болған, адамзаттың Айға ұшар арманы орындалған өмір­шең өлке. Еліміздің өзге де өңір­лері секілді мемлекеттілігіміздің қа­лып­тасу тарихының талай із­дері сақталған аймақ. Сақтардың ордасы – Шірік-Рабат, оғыздардың астанасы – Жанкент, қыпшақтардың және қазақ хандығының бірінші астанасы Сығанақ – осы жердегі ежелгі мәдениеттің дәлелі болса, Кеңес­тік дәуірде Қызылорда Қа­зақ Республикасының алғашқы ас­танасы болып тарихта қалды. 1925 жылы Қызылордада халқымыздың қазақ деген атауы ресми бекітілді. Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылуы – заңдылық. Осы ретте, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы руха­ни сілкініске жол сілтеуші бағдар болмақ. Сыр өңірі – рухани бай мұра­­ларымызды сақтау, оларды кеңі­­нен насихаттау мақсатындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асы­рып келе жатқан бірден-бір ай­мақ, – деді облыс әкімі брифингтің ал­ғы сөзінде.

Одан кейін Мемлекет басшы­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласы аясында облыста атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндалды. Бұл мақала қазақ қоғамына тың түрен салып, санада рухани сілкініс туғызды. Айтулы тарихи құжат тармақтары аймақта мақсатты түрде орындалып келеді. Өткен жылы іс-шаралар жоспары бекітіліп, соған сәйкес 600-ден астам іс-шара, 79 жоба жүзеге асырылды. Бағдарлама қамтыған арнайы жобалар мен оның басым бағыттарын ілгерілетуге әрі үйлестіруге өңірлік жобалық офис, өңірлік комиссия мен сарапшылар кеңесі күш жұмылдырды. Айта ке­тейік, сарапшылар кеңесінің құра­­мында зиялы қауым, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы Ассам­блеясы мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, белгілі әлеуметтік пі­кір иелері бар.

– Олар аймақтағы бұқаралық ақпа­рат құралдарына мақалалар жариялап, ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, әртүрлі тақырыптық жобаларды іске асыруға белсене қатысты. Ірі форматтағы түрлі деңгейдегі кездесулерде бағ­дарламаның басымдықтарын наси­хат­тауға үлес қосты. Облыстық, қа­ла­лық және аудандық ақпарат құралдарының басын біріктірген «Сыр медиа» медиа-холдингі мемле­кеттік ақпараттық саясатты сапалы әрі жоғары деңгейде жүргізді, – деді облыс әкімі.

Одан кейін аймақ басшысы журна­листерге Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаланың құрылыс барысымен таныстырды. Мұнда әлеуметтік-инженерлік ин­фра­құрылым объектілерінен бөлек, аймақтық рухани жаңғыру, жастар, IT саябағын қамтитын жастар ресурстық орталықтары бой көтереді.

Аймақтық рухани жаңғыру орта­лығын салу кезінде бұрынғы Қазақ орталық атқару комитеті ғима­ратының сызбасы негізге алынды. 1925 жылы дәл осы орында «қазақ» деген тарихи атауды қайтару туралы қаулы қабылданған болатын. Ғи­ма­раттың бір жағында музей ор­на­ласады. Орталық Елбасы бағ­дар­ламасынан туындайтын мін­деттерді жүзеге асыру мақсатында ашылған еді.

Сол жағалауда салынатын тағы бір нысан – облыстық физика-мате­матика мектеп-интернаты. Қазір 400 орынға лайықталған білім ошағының құрылысы мен қара­жатын ұйымдастыру, дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Мұнда Сыр топырағынан түлеп ұшқан  атақты математик, академик Асқар Жұмаділдаевтың ізбасарлары білім алып, болашақта Сыр елінің даңқын биікке көтеретініне сенім мол.

Қоғамдық сана жаңғыруының қоз­ғаушы күшіне айналуда, ғы­­лым, білім беру және жас ұр­пақты тәрбиелеуде жоғары оқу орындарының орны ерек­ше. Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верси­тетінде тақырыптық кафедралар ашы­лып, «Рухани жаңғыру», «Мәң­­гілік ел және ұлттық дәстүр», «Өр­ке­­ниеттің негіздері» сияқты ар­найы пәндер оқытыла бастады. Маңызды жұмыстың айналасына университеттің профессор-оқы­тушы құрамымен бірге өзге де білім беру ұйымдарының оқы­тушылары топтасқан.

Бағдарламаның басым бағыт­тарының бірі – «Өлкетану» оқу­лығын дайындауға облыстық бюд­жет есе­бінен 25 млн теңге бөлінді. Оқу­лық бүгінде Білім және ғылым министрлігінің сараптамасынан өтіп, баспаға жіберілді.

Ұлы ойшыл Қорқыт ата дү­ниеге келген, ежелгі шығыс өрке­ниетінің орталығы, түркі мәде­ниетінің алтын көмбесі болған, адамзаттың Айға ұшар арманы орындалған өлкеде мәдени құн­дылықтарды көздің қара­шы­ғын­дай сақтап, келешек ұрпаққа аманаттауға көбірек көңіл бөлініп отыр. Өйткені тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр.

СЫР ӨҢІРІ – ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ Бес жыл бұрын құрылған мәдени мұра жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес жұмысы нә­тиже беріп үлгерді. Былтыр, мы­салы, Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраларының алдын ала тізі­міне енді. Бұл қатарды сондай-ақ, Сығанақ, Жанкент, Кескен күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жеті­асар мәдениетінің ескерт­кіш­тері мен Сауысқандық пет­­ро­­­глифтері то­­лық­тырды. Елба­­сының тап­сырмасына сәй­кес Қармақшы ауданындағы «Қор­қыт ата» ескерткіш кешені то­лық реконструкциядан өткі­зіл­ді. Бүгінгі күні ескерткіш рес­публикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді.

«Қазақстанның киелі жер­лерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, Жанкент, Сортөбе, Жент, Шірік-Рабат қалашықтары, Кер­дері ке­сенесі және де Қазақ хан­дығының алғашқы астанасы болған Сығанақ қалашығына археологиялық зерт­теу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі күні олардың 3D форматындағы картасы әзірленіп жатыр. «Қазақс­танның киелі жерлерінің гео­гра­фиясы» жобасы бойынша облыстан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне 12, өңірлік киелі нысандар тізіміне – 35 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілді, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Тұма жырдың бастауын Қор­қыт­тан алған Сыр өңірі – талайды таңдай қақтырған, Сыр сүлейлері деген атауды ұлттық мәдениет төрінде берік орнықтырған жыр­шы-жыраулардың, дарабоз ақын­дар мен шайырлардың мекені. «Сыр елі – жыр елі» десек, қазіргі таңда киелі өлкеде бірнеше жы­раулар мектебінің өкілдері ұлттық өнерді ұрпақтан ұрпаққа жалғап, дәріптеп келеді.

– Оларды заманауи деңгейде дәріптеп, насихаттау үшін аймақта Қазақ дәстүрлі өнер академиясын ашуды жоспарлап отырмыз. Үкі­мет қарауына тиісті ұсыныстар дайындалды. Осы ретте Иран Ислам Республикасының Қазақс­тандағы елшілігі биыл 25 мамыр мен 3 маусым аралығында Қызыл­ордада «Шахнама» атты иран­дық көрме өткізбек. Олар көрме өткізу арқылы Тұрмағанбет Ізтілеу­ұлы­ның Фирдоусидің «Шах­намасын» қазақ тіліне аударып, жырлатуы зор маңызға ие екенін жеткізді, – деді аймақ басшысы.

Облыста мәдени мұраларды на­­­си­­хаттау шаралары үздіксіз жүр­­­­­­гізіліп келеді. Осы мақ­сат­­та облыстық тарихи-өлке­тану музейінде «Қасиетті Қазақстан және археология» залы ашылды. Республикада ал­ғаш­­­қы болып тарихшылар мен өлкетанушылардың І облыстық форумы Сыр өңірінде өтті. Онда «Өлкетанушылар бірлестігі» құ­рылып, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жоба­сына сәйкес алда атқарылатын жұмыстар пысықталды. Аймақта орналасқан 12 музейде «Рухани жаңғыру» тақырыбында мұражай экспозициялары толығымен жаңар­­­тылды. Жаңартылған экспо­зиция өңір қонақтарына аймақтың бай тарихымен танысуға мүм­кіндік береді. Ол үшін мұра­жай залдарында сенсорлық мо­­но­­блок, мұражай залдары ар­қы­лы виртуалды экскурсияға ша­қыратын қондырғылар орна­тылды.

Ұлттық бірегейлік темір­қа­зығы саналатын «Туған жер» ар­найы жобасы өңірлерге тың серпін берді. Жобаны іске асыру және ілгерілету процесіне жергілікті меценаттар белсене араласып жүр. «Туған жерге тағ­­зым» акциясы аясында бірік­кен кәсіпорындармен, акцио­нерлік қоғамдармен облыс әкімдігі арасында өзара келісім жасалды. Нәтижесінде 2017 жы­лы меценаттар есебінен білім, мәдениет ұйымдарының ғима­раттарын қайта жаңғыртуға, балаларға арналған ойын алаң­дарын, аллеялар мен скверлер салуға 6 млрд-тан астам қаржы тартылды.

– Мысал ретінде Қызылорда қала­сында жаңадан ашылған «Аналар» аллеясы мен онда орна­тылған «Ана бақыты» ескерткішін айрықша айтар едім. Біз аймақтың әрбір елді мекенінде анаға деген осындай құрмет көрсету қажет деп ойлаймыз, – деді облыс әкімі.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын жүзеге асыру аясында өңірімізде спорт кешендерінің аздығы өзекті мәселе болып келді. Бағдарлама жарық көрген бір жылдың ішінде облыс орталығында «Тарлан» бокс орта­лығы, бірнеше ауылдық елді ме­кенде ойын алаңдары, спорт кешендері салынды.

Әлемдік кеңістікте ұлтымыз­дың табысты болуы оның табиғи байлығынан бұрын адамдарының бәсекеге қабілеттілігімен өлше­неді. Сондықтан әрбір қазақс­тандық сол арқылы тұтас ұлт  ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Ол – ұлттық намыс, мәдени ашықтық, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу. Осы ретте «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» арнайы жобасын жүзеге асыру мақсатында эксперттік қауым­дастықтың, тілші-ғалым­дардың қатысуымен 500-ден ас­там шара ұйымдастырылды. Ақ­парат құралдарында және әлеу­меттік желілерде кең ауқымды ақпараттық-насихат шаралары жүр­­гізілді. Ұсыныстар айтылды.

Бағдарламадағы маңызды ба­ғыт­тардың бірі − сананың ашық­тығы. Ал жаһандану үрдісі кең қанат жайған заманда шет тілдерін меңгермей әлемдік кеңістікке шығу туралы ойлаудың өзі әбестік. Осы мақсатта талантты да талапты балалардың заманауи ілім-білімді игеруі, өркениет талаптарына сай болуы үшін барынша жағдай жасалып келеді. Бүгінгі күні 452 түлек келісімге сәйкес, Ресей Федерациясы Үкіметінің бюджеті есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургтің беделді инженерлік жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Қызылорда – осындай білім беруді ұйымдастырған бір­­ден-бір облыс. Биыл жазда алғашқы 78 жас оқуларын бітіріп, елге пайдасын тигізбек.

Ал, осы жылдан бастап М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университеті «Кибер­қауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» маман­дықтары бойынша Сыр жастарына 20 грант бөледі. Сонымен қатар, Татарстан Президентімен жыл сайын 20 адамды ақпараттық және цифрлық технологиялар бойынша Иннополис университетінде оқы­ту туралы келісім жасалды.

Жуырда Ресей Федера­ция­сы­ның бюджеті есебінен Ресей мемлекеттік аграрлық уни­вер­­си­тетінің К.А.Тимирязев атын­­дағы Мәскеу ауыл шаруа­шы­лығы академиясына бака­лавр бағдарламасымен білім сала­сындағы ақпараттық жүйелер мамандығына 8 талапкерді және магистратура бағдарламасы бойын­­­ша инженерлік білім беру жүйе­­сін ақпараттандыру маман­ды­­ғына 20 талапкерді жаңадан оқуға қабылдау жөнінде келісімге қол жеткізілді.

– Сонымен бірге, біз жыл сайын облыс әкімінің грантымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық дарынды ауыл баласын сұранысқа сай мамандықтар бойынша елі­міздің жетекші жоғары оқу орындарына жіберудеміз. Бүгінде осындай гранттарға 700-ге жуық адам ие болды. Біз биыл тағы 159 дарынды баланы оқытуды, оның 70%-ін ІТ-мамандықтарына бағыттауды жоспарлап отырмыз, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев былтыр мектеп бі­тірген облыс түлектерінің 97%-нің жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға түсуін мақ­танышпен айтып, өте үлкен жетістік ретінде атап өтті.

«100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» жобаларына өңірден ұсы­нылған қатысушылар респу­бли­калық және жергілікті ақ­па­­­рат құралдарында кеңі­нен дәріптелді. Олармен кез­­­­­­де­­сулер ұйымдастырылды. Өңір­­­лік электронды және бас­па басылымдарда арнайы тақы­ры­птық айдарлар ашылды. Бұл бағытта ұйымдастырылған ша­ралар мен ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарына 2017 жылы жер­гілікті бюджеттен 460 млн 123 мың теңге қаралып, меценаттар есебінен 6 млрд-тан астам қаржы тартылды.

Алдағы жоспарларға сәйкес өңірде биыл «Жол картасына» енгізілген 81 жоба жүзеге асы­рылады. Өңірлік «Жол кар­тасында» жоспарланған жобалар мен іс-шараларға облыстық бюд­жеттен 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінсе, демеушілер есе­бінен 22 млрд теңгеден астам қаржы тарту жоспарланып отыр.

Сонымен бірге, жұмыстарды жүйелеуде көпшіліктің, зиялы қауымның пікірлері, жиындарда айтылған ұсыныстар ескеріліп отырады. Сондай ұсыныстардың бірі әрі ауқымдысы былтыр күзде «Байқоңыр-инвест» фору­мы аясында өткен «Туған жерге тағзым» шарасында түскен бола­тын. Сол ұсыныстар ескеріліп, қазіргі таңда жүйелі жұмыс атқарылып жатыр.

Атап айтқанда, біріншіден, үш тілде Сыр даласының терең тарихы, мәдениеті, экономикалық жетістігі қамтылатын фотоальбом шығарылады. Кітапқа АҚШ пен Еуропа елдеріндегі архивтерден Сыр өңірінің тарихи орындары туралы бұрын еш жерде жария­ланбаған фотодеректер енгізілмек.

Екіншіден, облыстағы тарихи және мәдени ескерткіштер теле­атласы мен өңір тарихы тура­лы электронды оқулық не­месе жинақ әзірленеді. Жоба бойынша бейнемұрағаттарда сақ­­­талған өңір тарихына, та­ри­хи-мәдени ескерткіштеріне қатысты түсірілімдер, деректер жинақталады. Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен орындар, өмір сүрген тари­хи тұлғалар, батырлар мен шайырлар, жыраулар және тағы басқалар туралы ел аузында жүрген әңгімелер мен аңыздарды жинақтап, бейнематериалдар әзір­лейді.

Үшіншіден, еңбек адамының шынайы бейнесін көрсететін, Қызылорда облысының эконо­микалық, әлеуметтік және мәдени даму қарқыны туралы мәлімет беретін, ғарыш әлемі туралы сыр шертетін еңбектер шығарылады. Айту керек, космос тақырыбы қазіргі қазақ әдебиетінде мүлдем көтерілмеген деуге болады. «Бай­қоңыр» ғарыш айлағы мен ғарыш тақырыбында деректер жинақтауға тарихшы-әдебиетші ғалымдар мен арнайы мамандар жұмылдырылды.

– Қазіргі таңдағы өзекті мәсе­лелердің бірі – деструктивтік ағым­­дардың діни жоралғылар мен ұлттық салт-дәстүрлердің ара­жігін ажырату әрекеттері. Осыған байланысты облыстық «Дін мәселелерін зерттеу» және аймақтық «Рухани жаңғыру» орта­лықтарына арнайы тапсырма беріліп, ақпарат құралдарында, әлеу­меттік желілерде, жұртшылық көп орналасқан орындарда, базар­лар мен сауда қатарларында кеңі­нен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді облыс әкімі.

Баспасөз мәслихатында Жоғар­ғы Сотпен арадағы келісім аясында Қызылордада «Сотсыз татуласу орталығы» құрылатыны айтылды. Игі бастама рухани жаңғыру аясында қоғамда даукестік дең­гейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институттарын дамыту мақ­сатында қолға алынып отыр. Бүгінде пилоттық жоба іске асырыла бастады. Ұлттық әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлеріміздің сабын бұзбай сақтаған, рухани құндылықтарын ұлықтаған халық, кезінде билер институты, ақсақалдар алқасы болған, шетке шыққанды шет­тетпеген, тентекті түзей білген ел ретінде осындай орталықтың болуы өте маңызды.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, тәуелсіз еліміз үшін ең басты құндылық – тұтастық. Ал бірлік бекем болған жерде ұлттық мәдениет, ішкі-сыртқы саясат орнықты қыз­мет етеді. Қазақ елі тегінде бар тектіліктің, қанында бар қасиеттің, ұрпақтан ұрпаққа жалғасар ұлттық идеологияның алтын тамырына сызат түсірмей, әлем алдындағы абыройын сақтап отыр. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың ерен еңбегін халық ерекше құрметтейді. Олай болса, біз жұрт болып жұмылып, ел болып бірігіп, Елбасының алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға тиіс­піз, – деген аймақ басшысы елі­мізде жасалған үлкен әрі маңызды реформалар жалғаса беретінін жеткізді.

Ең бастысы, қандай жұмысты болмасын, нәтижелі жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндік бар. Тек соны тиімді пайдаланған озады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын өңірімізде жүзеге асыру алдағы уақытта да бекітілген өңірлік «Жол картасына» сәйкес жалғасын таба бермек.

Гүлжазира Жалғасова,

Қызылорда-Астана-Қызылорда,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<