СЫР ЖУРНАЛИСТЕРІ ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

405

0

СЫР ЖУРНАЛИСТЕРІ ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫТалдықорған қаласында “Жетісу” және “Огни Алатау” газеттерінің 100 жылдығына орай БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылған шағын футбол турнирі өз мәресіне жетті. 

ОҚО, Жамбыл, Қарағанды, Алматы, Қызылорда облыстарынан және Астана қаласынан барлығы 9 команда бақ сынасқан доп додасы 2 күнге созылды. Топтық кезеңдегі алғашқы ойынын сырбойылық журналистер “Талдықорған” командасына қарсы өткізіп, 5:3 есебімен жеңіске жетті. Одан кейін “Тараздан” 3:2 болып ұтылса, “Егемен Қазақстан” командасын 8:1 етіп ойсырата жеңіп, топтан екінші орынмен жартылай финалға шықты. Жерлестеріміздің жартылай финалдағы қарсыласы футбол турнирлерінің фавориті “Хабар” болды. Финалға бергісіз өткен ойын 3:2 есебімен “Ақмешіттің” пайдасына шешілді. Ал, ақтық сында қызылордалық қаламгерлер Шымкент журналистеріне есе жіберіп алды. Қорытынды есеп: 4:0. 

– Қайсыбір кездесуімізді алып қарасақ та, талас-тартысқа толы, шиеленісті ойын болды. Турнирге қатысқан командаларды осал деуге келмейді. Барлығы жақсы дайындықпен келгенін көрсетті. Финалда ғана шымкенттіктерге күшіміз жетпей қалды. Әрине, біз үшін турнирдің күміс жүлдесі де жаман нәтиже емес деп ойлаймын. Жалпы, Сыр журналистері бүгінгі таңда бұқаралық спортты дамытуда, саламатты өмір салтын насихаттауда ақпараттық жағынан емес, іспен де дәлелдеп жүр. Алдағы уақытта жеңіс тұғырынан көрінеміз деген ойдамын, – дейді “Ақмешіт” командасының капитаны, “Qyzylorda” телеарнасының редакторы Әділбек Жақанов.

Айта кетейік, “Ақмешіт” командасы бұған дейін де республикалық жарыстарда Қызылорданың намысын абыроймен қорғап жүр. Жергілікті журналистер соңғы жылдары БАҚ өкілдері арасындағы облыстық турнирлерді көптеп өткізуді қолға алып келеді. Сыр спортының дамуына үлес қосып жүрген әріптестерді жеңісімен құттықтаймыз!

Рыскелді  ЖАХМАН,

«Халық» газеті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<