Сырдария ауданында «Public Talks» форматындағы кездесу өтті

438

0

Сырдария ауданында «Public Talks» форматындағы кездесу өтті Сырдария ауданында  «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы аудармашы, педагог-психолог Сымбат Әбдірахмановамен және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушысы, А.Нобель атындағы медальдың иегері Нұрбол Аппазовпен,  Оңтүстік Кореяның Дэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық жобалар байқауының жеңімпазы Дінмұхамед Ақпанмен «Public Talks» форматындағы кездесу өтті. Шараны жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Сыр елі және ХХІ ғасыр» қоғамдық қоры ұйымдастырған.

Шараның мақсаты – өз замандастары арасынан білімімен, ізденімпаздылығымен оқ бойы озық шыққан көшбасшыларды жастар арасында насихаттау. Олармен еркін форматта, ашық байланыс орнату арқылы, жастырды жігерлендіру. Бәсекелік қабілеттерін дамыта отырып, сананың ашықтығын, ой еркіндігін қалыптастыру, прагматик болуға тәрбиелеу.

«Public Talks»-те бірнеше тілді меңгерген Сымбат Әбдірахманова қаржы қажет етпейтін жобаларды жүзеге асырудың жолдарын айтып, өз тәжірибесімен бөліседі. Балалардың танымдық әрекетін дамытатын мультфильмдер дайындап  жүрген Сымбат Нұртазақызы өз туындылары жайында да сөз қозғады.

Ғылым жолында жүріп, биік белестерді бағындырған Нұрбол Аппазов бүгінде Қорқыт ата атындағы ҚМУ базасында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен жүргізілетін ғылыми жобаларға жетекшілік жасайды. Ресей Жаратылыстану Академиясынан өнертабысты дамытқаны үшін А.Нобель атындағы медальды кеудесіне таққан жас ғалым жастарға ғылым саласындағы жаңа, заманауи мүмкіндіктер жайында айтады. Ал келешек ғылым саласында өзіндік қолтаңбасын қалдыратын, болашағынан үлкен үміт күттіретін Дінмұхамед Ақпан замандастарына тың жобалары жайында айтады. Заман көшінен қалмай, әр адам үнемі өзін дамытып, жетілдіріп отыру керектігін айқындап, өз тәжірибесімен бөлісті.

«Public Talks» (қоғам алдында сөйлеу) форматы еркіндікке, адамдар арасындағы ашық байланыс орнатуға негізделген. Онда талқыланатын тақырыпқа шектеу болмайды. Кейіпкерге қатысушылар толғандырған сауалдарын ашық жолдай алады.

Шара нәтижесінде жастар білім-ғылым саласында жетістікке жетіп, өз істерінің шебері атанған кейіпкерлермен ашық әңгімелесе отырып, болашаққа бағдар алады. Жігерленіп, бәсекеге қабілетті болу бүгінгі күннің талабы екендігін ұғынады деген ойдамыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<