Сырдың жәрмеңкесі елордалықтарды сүйсінтті

992

0

Күрішті, ырысты Сыр елінде ырзық-несібе толысты. Облыс диқандары өткен аптаның соңында ел байтағы – Нұр-Сұлтанға барып жәрмеңке өткізді. Қызылорда өңірінің молшылық сыйын елордалықтар үлкен ықыласпен қабылдады.


Биыл Сыр елі күзгі егін науқанын табысты бастады. Күріштен жоғары өнім алу мақсатында 100 процент жоғары репродукциялы тұқым себілді. Бүгінгі күні 4 716 гектар күрішке орақ салынып, оның 2 495 гектары бастырылды. Әр гектарынан орташа 42,3 центнерден өнім алынуда.

Өткен сенбіде астаналықтар «Хан Шатыр» жанындағы жәрмеңке алаңына қарай ағылды. Мұнда Сыр бойынан әкелінген өнімдер былайғы нарықтан 10-15% төмен бағамен халыққа ұсынылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, жәрмеңкеге 450 тоннадан астам 29 түрлі өнім келген.


– Біздің облыс күрішпен танымал ғой. Жәрмеңкеге 150 тоннадан астам күріш әкелдік. «Лидер» сортынан. Халық жақсы алып жатыр. Одан бөлек, 14 тоннадан астам балық, 150 тоннадан аса бау-бақша өнімі бар.

Тауарларымыздың жалпы құны 100 млн теңгеден асады, – деді басқарма басшысы.

Жәрмеңкеде елордалықтарға таңсық біршама өнім түрлері ұсынылды. Мысалы, жантақ балы мен қауынқақ – оңтүстік өңірде ғана әзірленетін өнімдердің бірі.


– «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды қаржыландыру жағынан көмек көрсетеді, сол арқылы бірлескен кәсіпорын құрылады. Бізде қазір бірлесе құрылған кәсіпорындар қатарында «Шиелі шұжық» ЖШС, «Жас Агро», «KZO Food», «Аруана», «Агролидер», «Қызылорда жантақ балы» секілді ұйымдар бар. Елордалықтарға солардың өнімдерін ұсынып отырмыз. Мысалы, осы жәрмеңкеге 3 тонна жантақ балын алып келдік, – дейді «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жеңісбек Ахметов.


Қызылорданың Жаңақорған ауданында әзірленетін жантақ балы денсаулыққа пайдалы өнім.
– Мұны нағыз оңтүстіктің балы десек те болады. Оның іш құрылысына, тыныс алу органдары ауруларын емдеуге және артық тұзды ыдыратуға септігі көп тиеді. Құрал-жабдықтарымыз Польшаныкі, өте сапалы, – дейді «Қызылорда жантақ балы» орталығының директоры Асхат Раисов.


Жәрмеңкеге келген елордалықтар дән риза. Әсіресе Сыр өңірінде туып-өскен астана тұрғындары өздеріне бала кезден бері таныс өнімдерін тауып, мәре-сәре болуда.

– Өзім Қызылорданың тумасымын, 2002 жылдан бері елордада тұрамын. Сырдың жәрмеңкесі болатынын естіп, арнайы келдік. Келе сала қауын сатып алдым. Мынадай әміре, қара қауын, күләбі дегенді мұнда кездестірмейсіз. Бағасы да жап-жақсы екен, – дейді қала тұрғыны Айдарбек Есов.


Нұр-Сұлтан қаласын өзіндік думанға бөлеген ауқымды шараға жаңбырлы ауа райына қарамастан, тұрғындар көп жиналды. Жәр­меңкені аралай жүріп, Аралдың балығы мен Қазалының конфеті, Қармақшы мен Жаңақорғанның қауын-қарбызына деген сұраныс жоғары екенін байқадық.


– Қызылорда облысы ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізеді деген хабарды әлеуметтік желіден көргеннен бастап бұл күнді асыға күттік. Сырдың дәмін алыста жүріп аңсайтынымыз рас. Сондықтан ерте келіп, күріш пен қауын-қарбыздан, ет пен құрт-ірімшікті барынша көп етіп алдық. Күн суық болғанмен, жәрмеңкедегі көңіліміз көтеріңкі, – дейді астаналық Нұрхан Тасболат.


Сырбойылықтар бұл шараға 140 тонна күріш, 20 тонна балық, 150 тонна бақша өнімдерін, 40 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 5 тонна сүт және кондитер өнімдерін әкелген. Жəрмеңкеге облыстың 7 ауданы мен Қызылорда қаласы жəне «Байқоңыр» ƏКК» АҚ қатысты.

Сенбілік саудада сұраныс пен ұсыныс бір-бірін адаспай тапты.


– Әр аптаның демалыс күндері болатын жəрмеңкені асыға күтеміз. Себебі, мұнда елордалықтар үшін азық-түлік, бақша өнімдері мен дақылдары арзан бағамен сатылады. Мəселен, Қызылорда облысы жəрмеңке ұйымдастырса, күріш пен балық алуға тырысамыз. Өйткені кез келген дүкеннен арзан. Қалада күріштің келісі 350 теңге болса, мен 250 теңгеден алдым. Сондай-ақ, дəмі ерекше Аралдың балығын, Жаңақорғанның қауынын сатып алдым, – дейді елорда тұрғыны Əсем Жапарова.


Айта кетейік, екі күнге созылған жәрмеңкеде карантин талаптары сақталып, тауар ұсынушылар дезинфекциялық құралдармен толық қамтылды.

Жалпы Қызылорда өңірінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және агроөнеркәсіптік кешен қызметін тиімді жүргізу мәселелері жолға қойылған. Атап айтқанда, соңғы 10 жылда облыстың жалпы өңірлік өнім құрылымдағы ауыл шаруашылығының үлесі 4,3%-тен 5,9%-ке дейін ұлғайған.


Мал шаруашылығын дамыту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде ірі қара мал басы 1,5 есе, жылқы 2,3 есе, түйе 2 есе өсті. Биылғы жылы да облыстың жалпы егін көлемі 3,9 мың гектарға ұлғайып, барлығы 188,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде дәндi дақылдар 96,6 мың гектар, майлы дақылдар 6,7 мың гектар, малазықтық дақылдар 66,4 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 18,3 мың гектарды құрады. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 83,6 мың гектар.


Сонымен қатар, бүгінгі күнге облыста 242,7 мың тонна картоп, көкөніс, бақша және 20,2 мың тонна ет, 49,5 мың тонна сүт өндіріліп отыр.

Еске салайық, Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 16 мемлекетіне экспортталуда. Экспортталған өнімнің 95%-і облыстың негізгі дақылы – күріш Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан және Ирак мемлекеттеріне жіберілуде.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қызылорда-Нұр-Сұлтан-Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<