Кеше Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен жерлесіміз, ақын Толқын Қабылшаның әдеби-сазды «Туған ел – менің тұмарым» атты кеші өтті.
Шараға Мәдениет және спорт министрлігінен, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалынан өкілдер арнайы келіп, кеш иесіне ізгі лебіздерін жеткізіп, құттықтау хаттарын табыс етті. Одан бөлек, әншілер Елена Әбдіхалықова, Ақбота Керімбекова, Роза Әлқожа, Мұрат Қожа, Маржан Арапбаева және Индира Елубаева ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, көпшіліктің көңілін сергітті. Ал «Шабыт» өнер академиясының актерлік мамандығында оқитын студенттер қойылымдарымен тәнті етті.
Толқын Қабылша – «Шабыт» халықаралық шығармашылық фестивалінің жүлдегері. «Жаныммен жалғыз кешкем мұң», «Жаңбырдағы сағыныш» жыр жинақтарының авторы. Өлеңдері «Өркениет» баспасынан шыққан «Алаштың жас тұлпары» атты республикалық ақындар антологиясына енген. Республикалық, облыстық жыр мүшайраларының жүлдегері. Бірнеше өлеңіне белгілі сазгерлер Сәбит Қорабаев, Индира Елубаева ән жазып, «Күз кеуде», «Жадымда», «Ғажайып күндер» атты әндері тыңдарман қауымның сұранысына ие болып жүр.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<