ТАЛАНТТАРДЫ ТОҒЫСТЫРҒАН «ТУҒАН ЖЕР»

389

0

ТАЛАНТТАРДЫ ТОҒЫСТЫРҒАН  «ТУҒАН ЖЕР» Сыр тумасы, белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев атындағы республикалық «Туған жер» әншілер байқауы осымен 6-шы рет ұйымдастырылып отыр. Еліміздің барлық өңірінен 18 талапкер қатысқан өнер додасы Астана қаласының – 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналды. Талапты жастардың өнерін өрістетіп, шығармашылығын шыңдауды мақсат ететін конкурстың ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келе жатқанын да айту керек. Біз мұны өнерпаздардың белсенділігінен, ерекше ынта-жігерінен айқын аңғардық.

– Байқау біріншіден, жас өнерпаздардың өздерінің шама-шарқын білуге мүмкіндік жасайды. Екіншіден, кәсіби тұрғыда шыңдалуға көмектеседі деп есептеймін. Конкурсқа қатысу үшін арнайы Атырау қаласынан келіп отырмын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Осындай шараға демеу болған Кеңес ағамызға, Қызылорда облысының әкімдігіне, облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына да алғыс білдіремін, – деді байқау қатысушысы Мұратбек Жұмаш.

Байқаудың алғашқы күні өнерпаздар белгіленген тәртіп бойынша сазгердің шығармаларын орындады. Ал, келесі күні жас вокалистер өз таңдаулары бойынша ән шырқады. Композитор Кеңес Дүйсекеев бастаған қазылар алқасының құрамындағы қазақ эстрадасының майталмандары, драматург, сазгер, «Платинді Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты Исраил Сапарбай, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, облыс әкімінің кеңесшісі Ержан Абдрахманов, ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық конкурстар мен фестивальдар ассоциациясының мүшесі, халықаралық «Бозторғай» конкурсының директоры Қарлығаш Әбдікәрімова, әнші, сазгер Дүйсенхан Сыздықов жастардың өнеріне баға берді. Байқау қорытындысы бүгін Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрда өтетін гала концертте белгілі болады. Думанды кеште композитордың мерейлі мерекеге арнаған «Сыр елі» атты жаңа әнінің де тұсауы кесілмек.

Естеріңізге сала кетейік, музыка әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған К.Дүйсекеев бұған дейін 200-ден астам ән жазған. «Жайлаудағы таң», «Көшпенділер», «О, туған жер» секілді туындылары қазақ эстрадасының алтын қорына енген. Бүгінде композитордың әсем әуендерін белгілі эстрада жұлдыздары шырқап, көпшілік көңілінен шығып жүр.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<