Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен аппарат мәжілісі өтіп, жиын кадрлық өзгерісті таныстырудан басталды.
Аймақ басшысының өкімімен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы лауазымына Нұрғали Қордабай тағайындалды. 2016 жылдың мамыр айынан бастап ол басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Н.Қордабай 2018 жылға белгіленген экономиканың нысаналы өсу индикаторлары мен облыс әкімінің бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарының орындалу барысына кеңінен тоқталды. Өнеркәсіп өндірісін есепке алмағанда биыл экономиканың нысаналы өсу индикаторында оң динамика қалыптасып отыр.
Экономика салаларына 243 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 19,8%-ті құрады. Бұл ретте Қызылорда облысы республика бойынша 5-орынға табан тіреді. 2018 жылдың 11 айында аумағы 588 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, көрсеткіш 5,9%-ке артығымен орындалды.
– Ауыл шаруашылығында өсім динамикасы жыл бойы сақталып, 92 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Шағын кәсіпкерлік саласында да оң нәтиже бар. Жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 13%-ке артып, Сыр өңірі республикада 2-орыннан көрінді, – деді ол.
Одан бөлек, басқарма басшысы облыс әкімінің 2018 жылға арналған бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарының орындалуы туралы айтты. Белгілі болғандай, бүгінде жоспарда қамтылған шаралардың 124-і орындалды, 53-і бойынша жұмыс атқарылып жатыр.
Аппарат мәжілісінде жаңа жұмыс орындарын құру және бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру бағытындағы шаралар қорытындыланды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың сөзіне сүйенсек, жыл басында аймақта 114 046 азаматтың мәртебесі нақтыланбаған болса, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 78 857-ге немесе 69,1%-ке азайды. Қалған бөлігі – негізінен өз бетінше жұмыспен қамтылғаны мен тіркелмеген жұмыссыз азаматтар.
Биыл өңірде 11227 жаңа жұмыс орны құрылып, 10777 тұрақты жұмыс орны ашылды. Осылайша жоспар 107%-ке артығымен орындалды. Кешенді жоспар шеңберінде бүгінгі күні 41515 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Оның бірінші бағыты аясында техникалық және кәсіптік оқытуға 500 адам жолданған. Қысқа мерзімді курсқа жіберілген 1603 адамның 1354-і оқуды аяқтады. Қазір олардың 72%-і жұмыспен қамтылды.
– Қысқа мерзімді курс бітірген азаматтарды жұмысқа орналастыруда қиындық бар. Көбі стипендия үшін оқиды. Мысалы, жұмыс берушіге 5 кондитер қажет болып, 70 шақты адамның 2-і ғана жұмысқа орналасқан жағдайлар кездесті, – деген басқарма басшысы ендігі жерде оқудың тиімділігіне баса көңіл бөлінетінін жеткізді.
Жалпы, есепті мерзімде жұмыспен қамту саласы бойынша белгіленген көрсеткіштер орындалды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% шамасында жоспарланса, оның орнына 4,8%-тік көрсеткіш сақталды.
Биыл өңірде тіркелген еңбек саласындағы заңбұзушылықтардың 75%-і – жеке кәсіпкерлік субъектілеріне, 24,1%-і мемлекеттік мекемелерге тиесілі. Бұл туралы облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев мәлімдеді. Тексеру нәтижесінде 69 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 8,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, аталған соманың 7,8 млн-ы өндірілді.
– 11 айда 86 кәсіпкерлік субъектісі 1816 жұмыскерге 179,5 млн теңге жалақы берешегін өтеді. Қазіргі уақытта банкроттық және оңалту рәсімі жүргізіліп жатқан 3 кәсіпорынның 45 адам алдында 18,3 млн теңге жалақы қарызы қалыптасып отыр. Олардың басым бөлігі – кәсіпкерлік субъектілері. Әйтсе де, осындай фактілер мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде де кездеседі, – деді ол.
Жұмыс істеп жүріп жазатайым оқиғалардан жапа шеккен азаматтар да аз емес. Статистикадан өткен 11 айда тіркелген өкінішті жағдайлар саны – 21,9%, ал оның зардабын тартқандар үлесі 30,2%-ке артқаны аңғарылады. Сала жетекшісі мұның негізгі себептері ретінде жұмыс берушілер тарапынан жұмысты қауіпсіз жүргізудің тиісті дәрежеде ұйымдастырылмауын, еңбек қорғауда ішкі бақылаудың жасалмауын және еңбектi қорғау қағидаларының бұзылуын атады. Жолда желмен жарысатын көлік жүргізушілер ақхалаттылардың жұмысына кедергі келтіріп, өміріне зиянын тигізіп жүр. Облыстық жедел жәрдем станциясында биылдың өзінде 4 жазатайым оқиға болып, соның салдарынан 5 медицина қызметкері ауыр жарақат алып, 3 жұмыскер орта дәрежеде жарақаттанды.
Аймақ басшысы жиын барысында құқық сақшыларына мұндай келеңсіздіктерге бей-жай қарамау керектігін ескертті.
– Жеке автокөлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзып, арнайы дыбыс және жарық құралдарымен жабдықталған жедел жәрдем көліктерінің басымдықпен жүруіне кедергі келтіру жағдайлары бойынша қатаң шара көрілуі тиіс, – деді облыс әкімі.
Жиын қорытындысында жауапты сала басшыларына жаңажылдық мереке кезіндегі қауіпсіздік шараларына мұқият болу жөнінде тапсырма жүктелді.
Назерке САНИЯЗОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<