Есіл мен Сырдың екі жағасына қанат жайған елордамыз Астананың – 20, төл тойы басталып кеткен туған қаламыз Қызылорданың 200 жылдығы тұсында Сырдария өзеніндегі су тоспасымен тағдырлас Тасбөгет кентінің де 70 жылдығы лайықты аталып өтті.
Салтанатты мерекелік шараны Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов құттықтау сөз сөйледі.
Мерейлі мерекелердің құрметіне орай туған жердің туын көтерген азаматтар марапатталып, «Тасбөгет кентіне 70 жыл» мерекелік медалі табысталды.
Кент орталығына қазақтың ақшаңқан киіз үйлері тігіліп, жұртшылық мерекені азанғы көңіл-күймен айтыс тамашалаудан бастады.
С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде өткен «Сұлу Сырдың егізіндей, сүлейлердің лебізіндей – Тасбөгет» деп аталатын аймақтық ақындар айтысына Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе ақындары қатысты.
Сөз жүйріктері туған жеріміздің қадір-қасиетін тіл кестесіне салып, ел мерейін көтерді. Түркістан облысының ақыны Дәурен Ысқақов 1-ші, Тасбөгеттің төл баласы Мөлдір Айтбай 2-ші орын жүлдесін олжалады. 3-ші орын жезқазғандық Ботагөз Мұхитдиноваға тиді.
Шара басында ақын Тілеген Бекарыстановтың сөзіне жазылған композитор Сәбит Ұлықпанның жаңа әнінің және «Тұран төріндегі Тасбөгет» атты деректі кітаптың тұсаукесері жасалды.
Делебе қоздырған той қызығының бірі – қазақша күрестен өткен облыстық турнир болды.
Ал, отшашумен жарықтанған Тасбөгеттің түнгі аспаны «Азия» тобы, Ернар Айдар, Жанболат пен Жазира, Мұхтар Ханзада секілді қазақ эстрадасы жұлдыздарының ән-жырымен ажарлана түсті.
Қазіргі күні Тасбөгет кенті облыс орталығының оңтүстігімен тұтасып жатқан үлкен аймағының бірі.
1947 жылы республика Жоғарғы Кеңесінің арнайы қарарымен «Қызылорда плотинострой» қыстағынан қала типтес жұмысшы поселке салынып, ол «Тасбөгет» деп аталды.
Республика Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1958 жылғы 28 қаңтардағы жарлығымен Сырдария ауданының орталығы Тасбөгет қонысына көшірілді. Оған дейін аудан орталығы қазіргі Әйтеке би көшесіндегі №49 үйде болған. 1962-1967 жылдарда бұл аудан Тереңөзектің құрамына еніп, 1967 жылы Сырдария ауданы қайта құрылғаннан кейін Тасбөгет қала типтес қонысқа айналды.
1997 жылдан бері Тасбөгет қыстағы әкімшілігі Қызылорда қаласына қарайды.
Әр жылымыз бен әр күнімізді жарқын етіп, мерейімізді тасытып тұрған Тәуелсіздігіміз бен ел бастаған Елбасының сарабдал саясатының арқасында киелі өлке Сыр елінің іргесінде орналасқан Тасбөгет кентінде тарихи сәті осылайша қуаныш дүбіріне бөленді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<