Алғыс айту. Құрмет қылу. Ықылас таныту. Мейірім төгу. Адамзатта бұрыннан бар ізгі қасиеттерді күнделікті тұрмыста істеп келеміз. Сонысымен алдыңғы буыннан кейінгі ұрпаққа өнеге. Ақтарылған тілек пен алғаусыз көңіл – адам жанын шуаққа бөлейтіні шын мәнісінде ғажап дүние.
Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылдың 14 қаңтардағы Жарлығы ел есінде. Елбасы көктем айының алғашқы күнін «Алғыс айту» күні деп бекітті. Бұл – «Мәңгілік Ел» бірлігін айқындайтын, ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудағы өз құндылығымызды ашып көрсететін мереке.
«Алғыс айту» күні, біріншіден, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің алғышарты еді. Түрлі тағдыр тәлкегімен еріксіз қоныс аударған жүздеген этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай халқына деген терең тағзымның белгісі.
Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты бірге көтерді. Бұл бауырластық болатын. Ал сол қасиет бүгінде елдегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшемін айғақтайды.
Тұңғыш Президент бұл мереке жайлы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.
Аталған мереке – қиын заманда бірге иық тірестірген, түрлі дағдарысты еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасы басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен Қазақ жұртындағы барлық азаматтардың бір-біріне құрмет білдіретін күні.
Өткеннің өзегі
Алғыс айту, ризашылық білдіру салты – адамзаттың өсіп-өркендеуімен бірге келе жатқан дәстүр.
Құрандағы: «…Маған деген шүкірлерің мен адамдарға деген алғыстарың үшін сендерді сыйға бөлеймін»,– деген Алла сөзі тәубе мен алғыс үшін екі дүниеде де жақсылық бар екендігін айғақтайды.
Осы мағынадағы «Шын бақытты боламын десең, алғыс айта біл» деген мағынадағы сөз қасиетті Інжілде де бар екен.
Алғыс айту мерекесінің түп-тамырын қаза бастасақ, бүгінгі күннен төрт ғасыр кейінге шегінуге болады.
Америка құрлығын отарлаушылар 1621 жылы қатал қыстың құрсауында қалып, аштыққа ұшырайды. Сонда жергілікті үндістер өздеріне қару кезене келгендерге аяушылық танытып, оларды паналатып, тамақтандырады. Сөйтіп, отаршылар қаһарлы қыс құрбандығынан құтылады. Сол кезден бастап бұл күн аман-есен қалғандары үшін Жаратушыға құлшылық ету және көмек қолын созғандарға ризашылық білдіру күні ретінде аталып өтеді. 1789 жылы Джордж Вашингтон ризашылық білдіру күнін «ұлттық мереке» деп жариялайды.
Қазір бұл мерекені американдықтар мемлекет деңгейінде атап өтіп келеді.
Израиль елінде негізгі мақсаты Құдайға құлшылық етіп, мол астық бергеніне ризашылық білдіру болып табылатын «Астық ору» мерекесі бар.
Оның идеясы – күздің соңына қарай мол астық беріп, Израиль халқына қамқорлық жасағаны үшін Жаратушыға ризашылық білдіру.
Вьетнам мен Қытайдың кейбір өңірлерінде күз мезгілінде ризашылық фестивалі өткізіледі. Мереке астық жинауға арналып, халық жаңбыр жауғызып, мол астық алуға жағдай тудырған Айдаһарға алғыс айтады.
Осыған ұқсас мерекелер Барбадоста, Жапонияда, Беларусьте, басқа да көптеген елдерде бар екен. Демек, Алғыс айту күнін өзімізді даралау үшін біз ойлап тапқан жоқпыз.
Бұл күн негізінен өткен ғасырдың отызыншы жылдары мыңдаған адамға жасалған қысастық пен аяусыз жазалау кезінде қамқорлық көрсеткен жұртқа алғыс айтып, сол қиындықтан бірге өткен халықтардың бір-біріне риясыз ықыласы мен сүйіспеншіліктерін білдіруге арналған.
Қазақстан халқы Ассамблеяның ХХІІ сессиясында: «Сталиндік режим кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілі, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасы қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді.
Ол кезде мұнда қазақтар ғана тұратын, қабылдаған да солар болды. Өздері де мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды саман үйлеріне кіргізді. Біздің отбасымыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыларды қабылдады», – деп Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөз сөйлеп, өткен күндерді еске түсіргені бар.
Елбасының Алғыс айту күнін белгілеп, күнтізбеге енгізуі – қазақ халқының қысылтаяң кезеңде қиналған ұлт өкілдеріне қол ұшын созып, бауырына тартқанын тағы бір мәрте еске салып, тарихи жадымызды жаңғыртуы.
Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді
Қазақстан 1933-1950 жылдар аралығында Кеңес халықтарының депортациялау аймағына айналды. Тоталитарлық жүйе жер аударғандарға кулактар, сенімсіздер, профашистік ойдағы халықтар деген негізсіз айыптар тақты. Мәселен, 1923 жылы Әзербайжан республикасы құрамында өздерінің автономиясын жариялаған күрділердің мақсатын аяқасты еткен тоталитарлық жүйе оларды таратып, 7,3 мың адамын қазақ жеріне күштеп көшірген. Корей ұлтын депортациялаудың екінші кезеңінде, 1939 жылы Қызылордадағы корей педагогикалық институтын жауып, оқулықтарын жойып жіберген.
Осы әрекетімен оларды біржола өз болмысынан айыруды ойлаған.
Міне, үстемшіл-өктемшіл жүйе осылайша, қазақ даласына 3,2 млн өзге ұлт өкілдерін жер аударған.
Қазақ халқы да басқалар секілді тоталитаризм құрбандығы болған еді. Қазаққа отырықшыландыру, кәмпескелеу, колхоздастыру секілді кеңестік реформалар үлкен зардаптар алып келді. Осындай нәубет, адам төзгісіз азаптарды бастан кешіп жатқан қазақ жері иыққа ілер киімі, тіске басар азығы жоқ қоныс аударушыларды құшағын жая қарсы алды. Өздерінің есіктен аяғы шығып жатқан лашықтарына кіргізді. Бір ауыз сөзді екі көңілге, бір үзім нанды екі таңдайға бөлді.
Қазақ халқының ұлықтығын сезінген өзге ұлттар жергілікті жұртпен тізе қосып еңбек етті. Қазақтың салт-дәстүрін құрметтеп, тілін үйренді, балаларына қазақ есімін қойды. Нанын жеген елдің қамын да жеді. Кеңестік дәуірде бір ғана Шиелі ауданынан 29 корей ұлты өкілінің Социалистік Еңбек Ері атануы олардың алаңсыз еңбек етіп, елмен бітеқайнасқан бейнесін көрсетеді.
Бүгінде Қызылорда облысында 35 этностың 809 мың азаматы өмір сүріп, еңбек етіп жатыр. Олардың қазақ халқына деген ризашылықтары шексіз. Ата-аналары «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген қазақ мақалын балаларының құлағына құйып кеткен. Мұны өздері айтады.
Ассамблея және этнос
Жыл басындағы статистикалық ақпаратқа сүйенсек, облыс халқының 96,3%-і қазақ ұлтынан, 3,7%-і 35 этностық топтан құралады.
Этностық топтардың көпшілігі – Қызылорда мен Байқоңыр қалаларының тұрғыны. Сондай-ақ, Қармақшы ауданының «III Интернационал» ауылындағы тұрғылықты түріктер саны едәуір. Бұл ауылдағы 2464 тұрғынның 1116-сы – түрік этносының өкілдері. Этникалық түріктер жергілікті халықпен тату қарым-қатынаста, этностық топ ретінде ерекшеленіп, бөлек өмір сүрмейді және барлығы қазақ тілін жетік меңгерген. Қалған ауылдық округтер негізінен моноұлттық сипатқа ие. Олар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, шағын және орта бизнес, білім беру мен мәдениет саласында еңбек етеді.
Байқоңыр қаласы этностық топтардың басым көпшілігі орналасқан стратегиялық маңызы бар аумақтардың тізіміне енеді. Қалада жалпы саны 77387 адам тіркелсе, оның 49276-сы Қазақстан Республикасының азаматы.
Мемлекеттік этносаясатты жүзеге асырып отырған облыстық ҚХА құрамында 11 этномәдени бірлестік, аудандарда 6 этнобағытталған үкіметтік емес ұйым және 9 қоғамдық құрылым жұмыс атқарады. Сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы университеттің «Тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасымен тығыз әріптестік байланыс орнатылған.
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттау бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған 75 тармақтан тұратын облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асырылуда.
Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Қайырымдылық керуені» акциясы, «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» этномәдени бірлестіктердің мәдени күндері және «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобалары жүргізілді.
Коронавирус індеті салдарынан енгізілген карантиндік шектеулерге байланысты наурыз айынан бастап барлық іс-шаралар онлайн форматқа көшірілген. Түрлі форматтағы 318 іс-шара өткізіліп, онлайн аудитория бойынша 17154 адам қамтылған.
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісіне арналған жас зерттеушілердің ең үздік ғылыми жобасы байқауының қорытындылары шығарылды.
Татулық пен тұрақтылықтың басты кепілі – қоғам тыныштығы, отбасы бірлігі, өзара татулық екені мәлім. ҚХА құрылымдары бұл мәселелермен де етене айналысады. Аймағымызда тіркелген 615 қоғамдық медиатордың 42-сі облыстық ҚХА-мен бірлесіп жұмыс атқарады. Медиация институтын насихаттауға арналған барлығы 88 түрлі форматты іс-шара ұйымдастырылса, аталған шараларға 2600-ден астам тұрғын қамтылған.
Қоғамдық медиаторлар барлығы 667 дауды шешсе, оның ішінде 249 дау бойынша сотқа дейін, 102 дау бойынша сотта медиациялық келісім орнатылған. Ал 316 дау қоғамдық медиаторлардың кеңес беруі нәтижесінде тоқтатылған. Оның ішінде 180 неке-отбасы дауы, 104 жер дауы, 187 келісімшарттық, қаржылық, қарыз даулары және 196 дау өзге әкімшілік, азаматтық және қылмыстық нормалар бойынша есепке алынған.
Облыстық ҚХА құрылымдары, ЭМБ белсенділері 98 жалғызбасты жанға және 88 мұқтаж отбасына, ауруханаларға 14 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсеткен.
Алдағы кезеңде жалпы жұртшылық этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Қоғамдық келісім» КММ мен «Qyzylorda» телеарнасының бірлескен «Татулық пен алғыс» атты мерекелік фильм-концертін тамашалайды. Сондай-ақ, Алғыс айту күніне арналған «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл: бірлік пен бірегейліктің моделі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция, «Жаныңда жүр жақсы адам» атты еркін форматта жастардың кездесуі және барлық білім беру мекемелерінде «Анама алғыс айтамын», «Ұстазыма мың алғыс» тақырыптарында тәрбие сағаттары ұйымдастырылады.
Облыстың орта білім беру ұйымдарында «Қазақстан халқы Ассамблеясы: өткені мен бүгіні», «Әлем елдеріндегі алғыс айту дәстүрлері» тақырыптары бойынша дәрістер өткізіледі.
«30 игі іс» қайырымдылық акциясы аясында «Жүрек жылуымен» атты қоғамның осал топтарына әлеуметтік көмек көрсету шаралары жүргізілмек.
Қараңғыдан қашып
шыққан сәуледей
«Қызылорда корейлер қауымдастығы» облыстық филиалы төрағасының орынбасары Вилорий Шин 1936 жылы Хабаровск қаласында дүниеге келген.
Ол өзінің қиын-қыстау, талайлы тағдырын былайша еске алады: «Бір жасқа толған шағымда әке-шешем репрессияға ұшырап, біз Қазақстанға жер аударылдық. Мен ол оқиғаларды, әрине, үлкендердің айтуымен білемін. Сол кезең біздің халқымызға аса ауыр қиындық әкелген. Мәселен, мен туған әке-шешемді көрмегенмін. Бала үшін мұның қаншалықты қасірет екенін әрбір адам түсінетін шығар. Бірақ, ешқашан қиындықтан жасыған жан емеспін.
«Сұлутөбе» стансасында тұратын ата-әжем мен немере ағам Иннокентий Цхайдың қолында тұрып, М.Ломоносов атындағы орта мектепте білім алдым. Жас кезімнен спортты жақсы көретінмін. Спорт менің ұстаз атануыма үлкен септігін тигізді, ұстаздық абырой, бақытқа бөледі.
Жалпы, өмір жолымдағы жеткен жетістіктерім үшін қазақ еліне, оның қонақжай халқына басымды иіп өтемін.
Қазақстанды өзімнің Отаным деп есептеймін. Біз қазақ халқына шын мәнінде борыштармыз. Қазақ халқы репрессияға ұшырап, тағдыр теперішін тартқан барлық ұлыстарға туған бауырындай жылылық сыйлады. «Қазақтарды сыйлаңдар, біздің тірі жүргеніміз, сендердің амандықтарың тікелей қазақ халқының арқасы», – дейтін еді ата-әжеміз.
Сол қамқорлықты бүгінгі буын да жақсы сезінеді. Қазақ ағайынның қамқорлығын көрген барлық ұлт, ұлыс өкілдері де менің сөзімді айтады деп санаймын.
Алғысымыз шексіз саған, ақпейіл қазақ елі!
Ұстаздан ұлық жан бар ма?!
Вилорий Николаевич Шин еңбек жолын Қазалы ауданындағы №16 мектептен бастаған. Бірнеше жыл еңбек ете жүріп, Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында оқып, білімін жетілдірген. Он бес жыл сол мектепті басқарған.
Өз ісінің хас шебері болған Шиннің педагогикадағы адал қызметі бағаланып, «Қазақ ССР-нің білім беру ісінің үздігі» атанған.Ол зейнетке шыққаннан кейін де Қызылорда қаласындағы №6 орта мектепте сабақ беріп, мемлекет және құқық пәнінің мұғалімі болған.
Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құйып, оларды бақытқа жеткізем деп еңбек еткен ұстаз Вилорийдің жөні де, жолы да бөлек. Бүгінгі таңда ардақты әке, асыл ата атанған абзал ұстаздың шәкірттері еліміздің әр аймағында беделді қызметтер атқарып жүр.
2016 жылдың қазан айында Вилорий ақсақалдың 80 жасқа толған мерейтойы болып өтті. Оған Ресей Федерациясы мен шет елдерден ат терлетіп, ақ тілек арқалап өзі білім нәрімен сусындатқан шәкірттері келді. Ұстаздарына деген риясыз ризашылығы мен сый-сияпаттарын ақтарды. Сол шәкірттердің бірі, Қазалы ауданының экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің экономисі Қазынагүл Бәкен:
«Вилорий ағай мен үшін Сыр елінің зиялы азаматтарының көшбасшысы дер едім. Ол өз ақыл-парасатымен жастарға үлгі-өнеге бола білді. Оның Қазалы ауданының дамуына қосқан үлесі мол. Біз Вилорий ұстаздан сабақ алдық, ол кісі тәлім берген әрбір шәкіртінің бойына адамзаттық құндылықтарды дарытты. Біз өмір бойы ол кісіні ардақтап өтеміз, осындай зерделі де зерек ұстаздың шәкірті болғанымызға мақтанамыз. 1981 жылы мектеп бітірген 47 түлек әлі күнге дейін ұстазымызбен жиі хабарласып, жағдай білісіп тұрамыз», – дейді.
Вилорий ұстаз 2014 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін дамытуда қосқан үлесі үшін» Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен бірге, Қазақстан халқы Ассамблеясының даму жолында өз үлесін қосып, жалпыхалықтық бірлікті нығайтудағы еткен еңбегі бағаланып, «Қазақстан патриоты» номинациясын иеленді.
«Төртінші жүздің»
төбе биі
Вилорий Шин – қазақтармен құда-жекжат болып араласып кеткен адам. Оның айтқаны өз қандастары арасында төрден айтылған төбе бидің сөзіндей, бәрі сыйлайды, құрмет тұтады. Өйткені, ол Сыр еліне сіңіп кеткен туыстарын бірлік пен тірлікке үндеп отырады.
Жүзі бөлек болса да, жүрегі қазақ деп соғатын ақсақал былай дейді: «Біз қазақ халқымен бірге бітеқайнасып кеткенбіз. Жас күнімізде қазақ балаларымен асық ойнап, мал бағып, айран ішіп, тезектің шоғына піскен нанды жеп өстік. Елдегі қуанышты да, қайғыны да бірге көрдік.
Қазақстанда тұратын әрбір этнос өкілдерінің бір-бірімен қарым-қатынасы, ынтымақтастығы жоғары. Қандай жағдайда да біз бәріміз бірігіп, әрбір шараны бір үйдің баласындай атқарамыз. Бізбен жүздескен сәтінде Елбасы корей этнос өкілдерін «Біздің төртінші жүзіміз» деген болатын. Расында, еліміз барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасап отыр. Соның ішінде әлемде теңдесі жоқ бірден-бір құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, оны жетілдіру, басқа елге үлгі ету Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі.
Біз бұған дейін өз ана тілімізді ұмыта бастаған халық едік. Бүгінгі күні Үкіметтен кең қолдау көріп отырған «Корейлер қауымдастығы» бірлестігі ұмыт болған салт-дәстүрімізге, ауызекі сөйлеу, жазу мәселелеріне мән беріп, осы бағытта жұмыс жасап келеді. Негізінде мен өз тілімді жете білмеймін. Туған тілім – әуелі қазақ тілі, сосын орыс тілі деп санаймын. Ал, біздің балаларымыз өз тілін, дәстүрін үйренетін болады. Әр халық өзінің табиғи бейнесімен сұлу. Достық оларды онан да сұлулай түседі, бақытқа кенелтеді.
Халықтың сөзіне қарағанда бақ дегенің кез келген жерге табан тірей бермейтін көрінеді. Ынтымақ, ауызбіршілік, жарасымдылық ұялаған жерге барып қонақтайды. Сол бақ – қазақ елінде».
Вилорий атайдың өмірі қараңғыдан қашып шыққан сәулені елестетеді. Ақтаңдақ жылдардың екпінімен ел асып кеткен бір жұрттың алдынан құшағын жая қарсы алған қазақтың жарық кеудесі олардың үміт сәулесіне от тұтатып қана қоймай, бақ пен берекені, баянды өмірді тарту етті.
Сол үшін олар осы бір дана да дархан халыққа өздерін қарыздар санайды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<