Кеше Сырдария ауданының құрылғанына 90 жыл толуына арналған мерекенің алғашқы күн шаралары өтті. Айтулы мерейтойға туған жерден түлеп ұшқан, елімізге белгілі азаматтар жиналды. Құрметті қонақтар алдымен аудан орталығында «Парасат» алаңының ашылу салтанатына қатысты.
Алаңның салтанатты ашылуында аудан әкімі Ғанибек Қазантаев сөз сөйлеп, аудан тұрғындары мен мерейтой қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады.
– Тәуелсіз қазақ елінің тарихында өзіндік орны, бай шежіресі бар Сырдария ауданының 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Жайқалған ақ күріші мен жерасты мұнайынан табысы тасқындап, өнері мен мәдениеті өрге басқан, 40 мың халқы бақытты өмір сүріп, берекелі еңбек етіп жатқан ауданның 90 жылдық белесі – бәріміз үшін зор қуаныш. Тамыры терең тарихында ұзақ жылдар «Тереңөзек ауданы» деп аталып, бірлігі бекем аудан ретінде танылған, бүгінде өсіп-өркендеп, жаңарып-жасарған, көрікті де көркем Сырдария ауданы тұғырлы Тәуелсіздігіміздің жемісі, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Б.Еламанов, білім саласының ардагері Г.Әбілова ауданның 90 жылдық мерейтойында ауданнан шыққан даңқты тұлғаларға құрмет көрсету – «Рухани жаңғырудың» жарқын көрінісі екенін атап өтті.
«Парасат» алаңында ауданнан шыққан Кеңес Одағы Батырларының, Социалистік Еңбек Ерлері мен мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ескерткіш-бюсттері қойылған. Олардың қатарында халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов, сатира сардары Асқар Тоқмағанбетов, қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы Әбділда Тәжібаев, Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов, Жаппасбай Нұрсейітов, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» Бекайдар Жүсіпов, Социалистік Еңбек Ерлері Балдырған Мұстапаева, Күләнда Әбдіраманова, Цой Ги Хва, Қасым Бөдеев, Дүйсенбай Керейтбаев, Ибадулла Ақниязов, Ахмет Халықовтардың ескерткіштері бар.
Алыс-жақын қалалар мен шетелдерден келген меймандар «Тағзым» алаңында орналасқан «Құрметті азаматтар» аллеясы мен «Еңбек даңқы» музейінің жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған мақсат-міндеттер аясында ашылған аллеяда «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленген азаматтардың есімі жазылған. Ал, «Еңбек даңқы» музейі негізгі үш бөлімнен тұрады. Мұражайда сыр шертетін құнды мәліметтермен қатар атақты тұлғалардың өмірбаяны, ауданның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістігінен хабардар етеді.
Мұнан соң аудандық мәдениет үйінде «Тамыры терең, тарихы кемел – Сырдария» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған елімізге белгілі ғалымдар, жазушылар, мәдениет, өнер қайраткерлері, тарихшылар, зерттеушілер, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, қоғамдық кеңес төрағалары қатысты.
Ғылыми практикалық конференцияның ашылуында Сырдария ауданы туралы деректі фильм көрсетілді.
Шара барысында облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов мерейтойға арналған ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың, облыс әкімі Қ.Көшербаевтың құттықтау жеделхатын оқыды.
Конференция барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов, еңбек ардагері Д.Айсина қойнауы қазынаға толы, жері киелі, тарихы шежірелі Сырдария ауданы – Сыр өңіріндегі іргелі, алдыңғы қатарлы аудандардың бірі екенін атады.
– Ауданда тұрғындар игілігі үшін соңғы жылдары жасампаз жұмыстар атқарылуда. Халық бірлігінің нәтижесінде жүзеге асқан еңбекті өзге өңірлер өз тәжірибесіне енгізіп жатқаны қуантады, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Конференция барысында Сырдария ауданының 90 жылдығына орай жарыққа шыққан «Сырдария ІІ» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың алғашқы даналары құрметті меймандарға және де аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Омаров пен аудандық орталық кітапхананың директоры Г.Нұржакиеваға тапсырылды.
«Сырдария ІІ» кітабы 1000 дана таралыммен шықты. Онда тарихы терең ауданның әр жылдардағы жетістіктері кеңінен жазылған. Сонымен бірге, ауданнан шыққан еңбек майталмандарының өмірбаяндарынан мәліметтер келтірілген.
Шаралар легі «Қаламы қарымды тұлғалар» атты әдеби кешпен жалғасын тапты. Көрнекті қаламгерлер Қалтай Мұхамеджанов пен Әбіраш Жәмішевтің прозалық және шығармашылық әдеби өмірін арқау еткен кеште белгілі ақындар мен әдебиеттанушы ғалымдар сөз сөйледі. Кеш соңында Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» атты спектаклі қойылды.
Тойдың қызығы ат бәйгесімен толықты. С.Сейфуллин ауылында өткен аламан бәйгенің бас жүлдесін Жамбыл облысынан келген шабандоз Тоқтар Рәтпек иеленді. ІІ орынды жамбылдық шабандоз Сайлау Нұр еншілесе, ІІІ орынды қоғалыкөлдік Жандос Бақберген алды. Сонымен бірге, мәреге төртінші жеткен аралдық Өтеш Ерлан 200 мың теңге иеленді.
Кешке аудан мерейтойы жергілікті өнерпаздар мен эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Айта кету керек, кеше басталған мерейтой бүгін де жалғасын табады. Спорттық жарыстар, аудан жастарының танымал тұлғалармен кездесуі, театрландырылған көрініс, гала-концерт, лазерлік шоу мерейтойдың көрігін қыздыра түспек.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<