Тарихы тереңнен тамыр тартқан Сыр топырағының мәдениеті мәңгілік, өнері өміршең. Қасиетті өнердің қадірін түсіне білетін өлкеге «жыр елі» деген теңеу тегіннен-тегін телінбесе керек. Басқасын айтпағанда, қазақ театрының қарлығашы дәл осы өңірден қанат қаққаны көпшілікке мәлім.
Біз сөз етіп отырған Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры тұңғыш рет шымылдығын 1926 жылдың қаңтар айында Қызылорда қаласында түрген еді. Ал Сыр өнерінің қарашаңырағы саналатын Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры өзінің бастауын өткен ғасырдың 50-жылдарынан алады. 1955 жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ және Қаратал аудандық колхоз-совхоз театры негізінде ұйымдастырылған өнер ордасы төрт жылдан кейін Қызылорда қаласына қоныс аударды. 1967 жылы сырнаймен саз төккен саңлақ Нартай Бекежановтың есімін иеленді. Шығармашылық ұжым бүгінде еліміздің маңдайалды театрларының біріне айналды.
Биыл 64-маусымына аяқ басқан жергілікті өнер ошағы өзінің тарихи жолында талай асудан өтті. 1970-1990 жылдар театрдың кәсіби деңгейі өсіп, өркендеген кезең болды. Шығармашылық жетістіктері үшін ұжым 1978 жылы – Бүкілодақтық венгр драматургиясы, 1980 жылы – неміс драматургиясы, 1982 жылы СССР халықтары драматургиясы фестивальдарының лауреаты атанды. 1980 жылы Қазақстанның халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Серке Қожамқұлов, КСРО халық артисі Сәбира Майқанова Қызылордаға гастрольдік сапармен келіп, шәкірттерімен бірге бір сахнада өнер көрсетті. Олардың қатарында бойындағы жастық қуатымен күрделі рольдерді игере бастаған Ізбасқан Шәкіров, Рашида Түгелбаевалар да бар еді. Театр тарландарының Сыр жастарымен тәжірибе бөлісуі шығармашылық ұжымға қанат бітірген мәдени құбылыс болды.
Театр – өнеге көзі, өмір айнасы десек, режиссер – оның жүрегі. Әдебиет сыншысы Асқар Сүлейменов: «Режиссер жүрек сияқты. Соққаны білінбеу керек», – дейді. Расымен, біз театрға барғанда сахнадан актерларды ғана көреміз. Олардың өнерін қызықтаймыз, шеберлігіне тамсанамыз. Сомдаған кейіпкерлерімен бірге жасасып, неше түрлі көңіл-күйге бөленеміз. Алайда, осының бәрінің сыртында режиссердің ерен еңбегі тұрғанын аңғара бермейміз. Қазақ өнері қарашаңырағының іргетасын қалауға алғашқы бас режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жақып Әбілтаевтың қосқан үлесі орасан зор. Ол өзі қойған пьесалардың идеясына, тақырыптық өзектілігіне мән беруімен, адам мінезінің әртүрлі қырын ашып көрсету үшін суреткерлік шеберлігін сарқып жұмсағанымен есте қалды. Режиссерлық қызмет тізгіні Қазақстанның халық артисі Маман Байсеркеновке сеніп тапсырылған тұста Шолпан Бәкірова, Жібек Бағысова, Тұрысжан Айнақұлов, Оралбек Әбдімомынов Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атақтарын иеленді. Театрда белсенді қызмет еткен Исмайыл Құрымов, Төлеш Тұңғышбаев, Тастан Өтебаев сынды режиссерлар өнер ошағының жұмысын жандандыруға атсалысты.
1971-1972 жылдары Ресейдің театр өнері институтын тәмамдаған Хұсейін Теміровтың бас режиссер боп бекітілуі театрдың тамырына қан жүгіртіп, тіршілігіне тың серпін берді. Ол сахналаған туындылар әлі күнге театр сыншылары мен мамандарының жоғары бағасын алып келеді. Сонымен қатар, режиссер мен өнерпаздардың бірлескен еңбегі театрды талай мәрте биікке көтерді. Ұжым көркемдік шоқтығы биік спектакльдерімен бірнеше фестивальдан олжалы оралды. Мысалы, 2000 жылы Павлодарда өткен республикалық VІІІ театрлар фестиваліне Дулат Исабековтің «Аққу-Жібегімен» қатысып, театрдың бас суретшісі Серік Пірмаханов – «Ең үздік сценография», Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бақытбек Алпысбай «Ең үздік эпизодтық роль» номинацияларын жеңіп алды. 2003 жылдан бастап Хұсейін Теміровтың жетекшілігімен театр жаңа белестерге бет түзей бастады. Ол сахналаған спектакльдер мамандардан да лайықты бағасын алып, көрермен көңілінен де шығып үлгерді. Өнер ошағы көптеген бәйгеде топ жарып, жүлделерді қанжығасына байлап жүр.
60 жылдан астам тарихы бар театр – бүгінде республикадағы белді театрлардың бірі де бірегейі. Сыр бойындағы басты өнер ордасының материалдық-техникалық базасын жақсарту, репертуарын жаңа қойылымдармен толықтыру мәселесі – ұдайы басты назарда. 2008 жылдан бастап театрда «Нартайдың бүлдіршіндері» атты қуыршақ тобы жұмыс істесе, 2014 жылы жастар труппасы құрылды. Талантты жастар осы уақыт ішінде «Ең сұлуым – Меңсұлу», «Сыған серенадасы», «Қысылғаннан қыз болдық» атты қойылымдарды жұртшылық назарына ұсынып үлгерді. Осы орайда 2008 жылдан бергі театр директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхит Әбдікәрімовтің өрісті өнер ұжымының бірлігіне ұйытқы болып отырған еңбегін ерекше атап өткен ләзім. Ал театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Хұсейн Әмір-Темір өзінің мол тәжірибесімен күрделі міндеттерді жүзеге асыру жолында тынымсыз еңбек етіп келеді.
Қазіргі таңда театр ұжымы киелі қарашаңырақта шығармашылық байланыста тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Мәдениет пен әдебиеттің дамуына өзінше үлес қосып, биік шыңдардан көрінуде. Театр тіршілігі алға басып, жаңа үлгідегі пьесалар заман талабына сай сахналануда. Театр – адамның рухани серігі, ұлт рухының жаршысы. Адам мұнда өзін айнадан көріп, жан дүниесін сергіту үшін келеді. Демек, ұжымның басты мақсаты – көрермен көңіліндегісін дөп басу. Бұл ретте актерларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Театрды өркендету бағытында аянбай тер төгіп жүрген талант иелерінің арасында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бақытбек Алпысбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Үмігүлсім Бегімова, Кәмила Әбжанова, мәдениет қайраткерлері Бектеміс Ботбаев, Залипа Төлепова, Алмагүл Артықбаева, мәдениет саласының үздіктері Айгүл Байдалиева мен Бақытбек Темірбеков, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Қарлығаш Айтжанова, артистер Ұғым Баймаханов, Зәуре Көздібаева, Сырым Әбдіразақов, Арай Көшімбаевтар ерекше аталады. Ұжым әркез жалынды да дарынды жастармен толығып отырады. Олардың қатарына, мысалы, үнемі ізденіс үстінде жүретін Еркін Асанов, Гүлназ Дәужігітова, Ақтолқын Төлеуова, Ақтөре Оразалиев, Қанат Архабаев секілді талантты қыз-жігіттерді қосуға болады.
Тиісті қолдаудың арқасында соңғы жылдары жергілікті өнер ұжымының өзге өңірлермен ғана емес, басқа мемлекеттермен де шығармашылық байланысы нығая түсті. Театр 63 жылдық маусымында бес мемлекетке гастрольдік сапармен барып, қазақ өнерінің мәртебесін көтеріп, мерейін асқақтатты. Оның ішінде Татарстан, Түркия, Әзербайжан, Ұлыбритания елдерінде өткен өнер додаларына қатысып, ауыз толтырып айтарлық жетістіктермен оралды. Былтыр сәуір айында Әзірбайжан мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толуына орай облыс әкімдігі ұжымның Әзірбайжанның Баку мен Шеки қалаларында өнер көрсетуіне мұрындық болды. Ал өткен тамыз айында Шотландияның Эдинбург қаласында ұйымдастырылған «Фриндж» халықаралық өнер фестиваліне қатысты. Онда Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» лиро-эпостық драмасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» спектаклін ұсынды. Ауқымды шарада әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған маңдайалды өнер ұжымдары бақ сынады. Биылғы бәйгеге шамамен 50 мемлекеттен 50 мыңға жуық өнерпаз қатысты. Әлемдік дода шотландиялық көрерменнің 3 мыңдай қойылымды тамашалауына мүмкіндік берді. Соның бірін қазақ театрларының арасынан фестивальге бірінші боп қатысқан қызылордалық өнерпаздар ұсынды. Бұл – театрдың ғана табысы емес, бүкіл Сыр жүртшылығы сүйіншілейтін жаңалық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында рухани мәдениетіміз бен ұлттық рухты дамытудың негізгі бағыттарын айқындап бергені белгілі. Маңызды міндеттерді іске асыруда театрдың тигізер ықпалы басым. Басты мақсат – рухани кемелдік пен мәдени өсуге ықпал ететін қойылымдар арқылы көрермен бойында адами құндылықтарды арттыру. Сырбойылықтарға ғана емес, өзге облыстар мен мемлекеттерде де өзінің кәсіби деңгейін мойындата білген жергілікті театр ұжымы алдағы уақытта та сенім үдесінен көріне береді деп білеміз.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<