Тасбөгет мектебінде құстар бағы бар

414

0

Тасбөгет мектебінде құстар бағы бар Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі №11 мектепте «Жас орнитологтар» үйірмесінің мүшелері мектептегі құстар бағының қыр-сырына қанығып келеді. Онда оқушылар бүркітпен бірге үкі, қырғауыл және Мысыр тауығы секілді құстармен жете таныса алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл игі іске ұйтқы болған химия-биология пәнінің мұғалімі Гүлнәр Рекешова. Ол оқу барысын тәжірибемен үйлестіре отырып, орнитология саласына өз үлесін қосып келеді. Сондай-ақ, мектепте бүркіттің күтіміне жауапты арнайы маман қарастырылған. Бұл істі Ерболат Маханов атқарады. «Бүркітті балапан кезінен торда ұстап келеміз, Сондықтан қазір қолға толық үйреністі деуге негіз бар. Рас, дархан даланың еркін құсы қанатын кеңге жаюы шарт. Бір кездері қолдан ұшырып алған сәтіміз кездесті. Дегенмен көп ұзамай қайта оралды. Біз әрбір сенбіде оны тордан босатып, мектептің спорт залына бос жібереміз. Оған бірыңғай ет өнімін береміз. Күніне 300-400 грамм ет жейді. Ауырып қалған жағдайда ветеринар маманының көмегіне жүгінеміз», дейді Е.Маханов.

Тасбөгет мектебінде құстар бағы бар Оның айтуынша, бұл құс Сыр бойының бүркіті екен. Ол бүркіттің түр-түсіне қарай анықталған. Қазір жасы үште.  Бүркіттің жасы өскен сайын оған берілетін азық мөлшері де артып келеді. Жаңа сойылған малдың еті жылы күйінде азық ретінде беріледі. Ал жаз күндерінде күннің ыстық болуына байланысты етті пісіріп немесе өкпе беріледі. Жиі су беріп шомылдырады.

Мектепте жыл сайын 1 сәуір – халықаралық құстар күніне орай әртүрлі шаралар өтеді. Оны тұрақты түрде «Жас орнитологтар» үйірмесінің мүшелері ұйымдастырып келеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<