Тау-кен байыту фабрикасын салу жөніндегі меморандумға қол қойылды

899

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Шалқия» кенішінде тау-кен байыту фабрикасын салу жөнінде үшжақты меморандумға қол қоюға арналған рәсімге қатысты. Жиынға «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Құдайберген және «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ бас директоры Дамир Кәрім қатысты.

Облыс әкімі үшжақты меморандум арқылы облыстың 2 негізгі көрсеткіші яғни инвестиция тарту және жұмыс орындарын құру мәселесін шеше алатын боламыз деп атап өтті.

– Қазіргідей мұнай өндірісі төмендеген уақытта өңір экономикасын әртараптандырып өңдеу саласы мен металлургияны қолға алу, өңір экономикасын дамытудың басты жолы болып табылады. Осы меморандумға сәйкес «Тау-Кен Самұрық» акционерлік қоғамы Шалкия кенішінде бірнеше әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізуді жоспарлап отырғанын ерекше атап өткім келеді. Мәселен, Шалқия кентіне дейін ұзындығы 6 шақырым жол, Кеншілер саябағы мен аллея және контейнерлік қонақ үй салу арқылы Құттықожа бұлағының аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізу көзделуде,-деді облыс әкімі.

Айта кету керек, «Шалқия» кенішінде тау-кен байыту фабрикасын салу арқылы металлургия саласын бітірген жас мамандарды жұмысқа тарту көзделуде. Биыл көрші мемлекеттің жетекші университеттерін бітірген 111 түлектің ішінде 23 металлург пен 21 машинистер бар. Мұнан бөлек, биылғы жылы тау-кен ісі және металлургия саласында техникалық және кәсіптік білім ошақтарын бітірген 144 түлек бар.

Облыс әкімі қос тараптың өкілдеріне жас мамандарды кәсіпорындарға жұмысқа тартып, білікті маман ретінде шығаруымыз қажет деп атап өтті.

– Осы уақытқа дейін озық технологиялық білімді игеріп келген біздің түлектеріміз өңіріміздегі – цемент, күкірт қышқылы зауыттары мен «Фирма балауса», «РУ-6» және «Энергосервис» секілді ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналасты. Тәжірибемізді әрі қарай жалғастыру мақсатында Сіздерге 46 түлектің тізімі жолданды. Меморандумға сәйкес Сіздермен бірлесіп, облыстағы кәсіби білікті алғашқы «металлургтерді» тәрбиелеп, қалыптастырамыз деп сенім білдіремін,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Меморандум аясында «Тау-Кен Самұрық» акционерлік қоғамы Шалкия кенішінде бірнеше әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізу жоспарлануда.
Жиын соңында «Шалқия» кенішінде тау-кен байыту фабрикасын салу жөнінде үшжақты меморандумға қол қойылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<