Бүгін облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Әмір-Темір Хұсейін Жүсіпұлының 80 жылдығына арналған «Театр – тағдыр тұмарым!» атты шығармашылық кеші өткізілді.
Мерейлі кеште облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мерейтой иесін құттықтап, өнер саласындағы еңбегін ерекше бағалады.
«Тәуелсіздігімізге 30 жыл болған еліміздің рухани байлығын арттырып, төл өнерімізді халықаралық деңгейде танытуда өнер өкілдерінің алар орны бар.
Қазіргі таңда Сыр елінде мақтаныш етіп айтатын өнердің тұғырлы тұлғаларының тұтас ансамблі бар. Солардың сапында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал режиссер, талантты сахна майталманы Хұсейін Жүсіпұлы Әмір-Темірдің есімі ерекше аталады. Еліміздің бірнеше театрында қызмет етіп, алайда, туған жерге деген перзенттік парызын өтеу үшін Қызылорда драма театрында қалған Хұсейін ағамыз бүгінде қазақ театр өнеріндегі өр болмысты өнер иесіне айналып отыр.
Хұсейін ағамызды Сыр театрының ғана емес, жалпы қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер деп танимыз. Театрдың шығармашылық ұжымын бір арнаға тоғыстырып, сахналық өнерді толыққанды жасауға үздіксіз қызмет атқарып келеді.
Міне, бүгін Сыр жұртшылығы, өнер сүйер қауым өзіңізбен бірге қуана тойлап жатыр. Мерейлі жасыңыз құтты болсын!», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы мерейтой иесіне Сыр елінің өнер саласына қосқан зор үлесі үшін алғыс білдіріп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жапты.
Мерейтойлық кеште өнер майталманын КСРО және Қазақ КСР Халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі Талғат Теменов құттықтап, маэстроның театр өмірінде қалдырған өзіндік қолтаңбасы мен жоғары репертуарлық талғамын атап өтті. Ал, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын аталмыш министрліктің жауапты қызметкері Гүлнафис Мырзашева жеткізді.
Шығармашылық кеште көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының иегері Дулат Исабеков және С.Вургун атындағы Әзірбайжан Мемлекеттік орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Мирбала Салимли бейнеқұттықтауын жолдады.
Іс-шарада Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрының әртістері, Сыр өнерпаздары Самал Байсейітова мен Мақсат Мақұлбеков бастаған өнер саласының қызметкерлері режиссердің өмірлік жолы мен қызметіне арналған сахна қойылымдары мен ән композицияларын орындады.
Кеш соңында мерейтой иесі жиналған жұртқа көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.
Хұсейін Әмір-Темір Сырдария ауданында туған. Қызылорда, Талдықорған, Алматы, Шымкент, Орал театрларының сахнасында түрлі жанрдағы, әртүрлі стильдегі 200-ден аса спектакль қойған. Сыр өңіріндегі халық театрларында 15-тен аса спектакльді сахналаған. Өнер иесінің туындылары отандық және шетелдік театрларында қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Шығармашылық жетістіктері үшін кеңестік Мәдениет министрлігінің, 2 мәрте Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің, Қызылорда және Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<