Теңіз тағдыры мүдде тоғыстығына тәуелді

1068

0

Экономиканы экологиядан бөліп қарамау керек. Себебі, климаттық өзгеріс пен құрғақшылықтың салдары сан алуан. Өзекті проблемалардың алдын алмаса, бір Аралдың өзі үлкен табиғи апаттың орын алуына себеп болуы мүмкін. Күрделенген мәселелерді шешу – барша адамзаттың ортақ шаруасы. Сондықтан бас біріктіріп, күш жұмылдырған жөн. Өзбекстаннан Сыр өңіріне арнайы келген делегация осыны алға тартты.

Теңіз тағдыры мүдде тоғыстығына тәуелді

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен өткен кездесуге Өзбекстан Республикасы мемлекеттік орман шаруашылығы комитетінің төрағасы Низомидин Бакиров бастаған делегация, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Құтпанбаев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының төрағасы Марат Нұрмағанбетов пен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов қатысты. Отырыста жаһан жұртын алаңдатып отырған экология мәселесі мен Арал теңізінің жағдайы талқыланды. Аймақ басшысы Аралдың тартылуы Сыр еліне ғана емес, көршілес мемлекеттер үшін де аса маңызды мәселеге айналғанын айтты. Теңіз акваториясының тартылуы балық шаруашылығының дамуын тежеді. Дегенмен, 1993 жылы 26 наурызда Қызылордада өткен Орта Азия елдері басшыларының саммитінде Аралды құтқару бойынша халықарылық қор құру туралы шешім қабылданған болатын. Бұл – экологиялық ахуалды жақсартуға жасалған қадамның бірі.

– Мемлекет басшыларының шешімімен халықаралық қаржы ұйымдары мен мүдделі тараптардың қолдауы нәтижесінде Арал теңізінің тартылуы мен теңіздің солтүстік бөлігін сақтау бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Соның бірі – «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы. Бұл арқылы теңіздің солтүстік бөлігінде балықтың 10-нан аса түрі пайда болды. Қазір Арал балығына Еуропа мен Азия елдерінен сұраныс жоғары. Теңіз табанындағы құмның көшуін тоқтату мақсатында «жасыл белдеуді» дамыту мәселесі қолға алынды. Орман қорын көбейту жұмыстары шеңберінде 337 мың гектар жерге тал отырғызылды. Президенттің Жолдаудағы тапсырмасы аясында 5 жылдың ішінде теңіз ұлтанының 1,1 миллион гектар жеріне сексеуіл отырғызуды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте Өзбекстан Республикасының тәжірибесін пайдалану қажет. Бірлескен іс Аралдың кепкен табанын көгалдандыруда оң септігін тигізеді деп ойлаймын, – деді облыс әкімі.

Бауырлас елдің Өзбекстан аумағындағы Арал теңізі ұлтанын көгалдандыруда тәжірибесі мол. Табиғи апат салдарын жеңуге көмектесу үшін өзбекстандықтар кеуіп қалған су қоймасының түбінде жас сексеуіл орманын өсіруді қолға алған. Көгалдандырумен қатар олар ауыл шаруашылығын дамытуды да жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Зиновий Новицкий су қоймасын құтқару мүмкін емес деп санайды, бірақ бұл жерде сексеуіл мен жусан орманын отырғызуға мүмкіндік мол деген пікірде.

Теңіз тағдыры мүдде тоғыстығына тәуелді

– Өзбекстан аумағында Арал теңізінің батыс бөлігі ғана қалған, оның өзі жыл сайын 60 сантиметрге кеміп барады. Ол жергілікті флора мен фаунадан зардап шегетін экологиялық апатқа алып келді. Бірақ, орман мелиорациясы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған шаралар кешеніне кіреді және оның берер нәтижесі зор. Қазір тұзды құмның арасында «жасыл белдеу» пайда болды. Соңғы бірнеше жылда 1 миллион гектардан астам жерге өсімдік отырғызылды. Сексеуіл, шеркез және басқа да тұзға төзімді өсімдіктерді отырғызу жаңа орман экожүйесін құрды, мұнда қоян, түлкі, қырғауыл пайда бола бастады. Үстірттен ақбөкендер келіп, азық іздеуде. Бұрын осы жерде тұрған, теңіз көрген жергілікті тұрғындар оның орнын орман басып жатқанын көргенде таңданысын жасыра алмайды. Орманшылардың үздіксіз еңбегінің нәтижесінде жасыл кеңістік пайда болуда, бастысы дефляциялық процестер толығымен тоқтады. Айтқым келетіні, сексеуіл тұзды топырақта өсе алады. Ал, сексеуіл тоғайы желді ұстап, тұзды шаңның көтерілуіне жол бермейді. Біз бұл жұмысқа қазақстандық орманшылардың қосылуын қалаймыз. Өзбекстан мен Қазақстанның теңіздің құрғаған түбін қалпына келтірудің біртұтас жүйесін әзірлеуді ұсынамын. Қазақстан өз жағынан, біз өз тарапымыздан жұмыс істейміз. Ал, 5-7 жылда біз шекарада түйісеміз, – дейді академик.

Теңіз тағдыры мүдде тоғыстығына тәуелді

Арал мәселесін зерттеп жүрген ғалым теңіз табанынан көтерілген тұзды жел оның жолындағы таулардың басында ғасырлар бойы қатып тұрған мұздықтарды еріте бастағанын еске салды. Сондықтан, ол – Қазақстан мен Өзбекстанның ғана емес, бүкіл әлемнің проблемасы. Бірақ, ортақ деген ұғым мәселенің жүгін жеңілдеткенімен, қауіпті сейілтпек емес. «Мәселені сырғытып отыратын кез емес, сөзден іске көшу керек. Біз келер ұрпақ алдында оның экологиялық тағдыры үшін жауаптымыз. Арал теңізінің кебу салдарын халықаралық консолидацияның көмегімен шешу қажет» деп түйіндеді ол. Жиын соңында облыс әкімі мүдделік танытқан Өзбек делегациясына алғыс айтып, бірлескен жұмыс жемісті боларына сенім білдірді. Сапар барысында делегация өкілдері Арал теңізіне барып, нақты ахуалды бағамдап, тәжірибесімен бөлісті.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<