Соңғы жылдары облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Қамбаш көлінің жағасында Арал өңірі балықшыларының слетін өткізу дәстүрге айналды. Бүгін ауданда төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған слет аясындағы шаралар бастау алады.
Тоқсаныншы жылдардағы теңіз тақсіретін көрген балықшы қауым бұл шара тоқыраған балық шаруашылығы саласын қолдаудың батыл бастамасы деп бағалайды.
– Арал теңізінің тартылып, түпсіз айдынның шөлге айналған сол бір қасіретті шағында балық аулау кәсібі мүлде тоқырап, жұмыссыз қалған жандар көбейді. Теңіз беткейінен үдере көшкендердің қатарында менің де отбасым бар еді. Талдықорған қаласына қоныс аудардық. Жұмыс та табылды. Деседе, ата қонысымыз, киелі теңіз ойымыздан шықпады. Ақыры елге қайтадан көшіп келдік. Балық аулау саласында еңбек жасап, зейнеткерлік демалысына шықтым. Кезіндегі дәстүрді жаңғыртқан балықшылар слеті – оң бастама. Осы арқылы шаруашылықтың беталысы айқындалып, алдағысы жобаланады, – дейді байырғы балықшы Шархан Орынбаев.
Шын мәнісінде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС – 1) жобасы Сыр өңіріне, оның ішінде Арал аймағына соны серпін, тың өзгерістер әкелді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған «Көкарал» бөгеті, өзге де қуатты нысандар теңіз жағалаған елдің өмірін жаңа белеске көтерді. Ата-бабадан мұраға қалған балық аулау саласы қайта қарқындап, кәсіптің тынысы кеңейді. САРАТС жобасының алғашқы кезеңінің жүзеге асуы өңірдің экологиялық, халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын оңалтуға ауқымды әсерін тигізді. Теңіз суының тұздылығы төмендеп, балық қоры молайды. Айдын Арал қаласына біршама жақындады. Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі ұлғайып, көптеген ірі көлдер қалпына келе бастады. Балық шаруашылығы жанданып, теңізде бұрын жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайтадан пайда болды. Балық аулау көлемі екімыңыншы жылдармен салыстырғанда 20 есеге көтерілді. Аудан аумағында балық шаруашылығы үшін маңызды Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені мен 20 көл бар. Биылғы жылға Кіші Арал теңізінен, Қамыстыбас, Ақшатау, көлдер жүйесінен, аудан бойынша балық аулау лимиті 6919 тонна болып бекітілді.
Оған қоса теңіз төскейінде жылдық қуаттылығы 18900 мың тоннадан астам 7 балық өңдеу зауыты жұмыс жасайды. «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық», «СДО Қарашалаң» ЖШС-ның балық өңдеу зауыты балықты терең өңдеумен айналысса, «Бөген СДО», «Қуаныш», «Ар –М–Кон» шағын балық өңдеу зауыты балықты қатыру, мұздату, ыстау сияқты жеңіл өңдеумен шұғылданады. Еврокод белгісі «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС балық өңдеу зауытының еншісінде. Арал аудандық аумақтық инспекциясының дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері балық өнімі Ресейге, Польшаға, Грузия мен Украинаға экспортқа шығарылған.
Аудандағы балық өңдеу саласындағы 31 балықшылар бригадасында төрт жүзден астам адам жұмыс істейді. Олар кемелермен құрма ау, жылым, кермешелермен қамтамасыз етілген.
Балық аулау көлемінің өсуі балық өңдеу саласының дамуына мүмкіндіктер жасайтыны белгілі. Аудандағы балық аулайтын шаруашылықтар мен балық өңдеу кәсіпорындарында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Ал «САРАТС» жобасының екінші кезеңі жүзеге асырылса, Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына оңды әсер етеді. Ондай жағдайда Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі және өзен сағасындағы көлдер сумен қамтамасыз етіледі. Балық аулау көлемі 30000 тоннаға жетіп, балық шаруашылығы саласында жаңадан 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Теңіз айдыны бұрынғыдай Арал қаласының іргесіне келеді. Су айдынының алаңы елді мекендерге жетеді. Теңіздің кеуіп қалған ұлтанынан ұшқан шаңды тұздар азайып, туризмді дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<