Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласында болды. Облыс басшысы әуелі Қармақшы ауданындағы «Жаңажол» серіктестігінде ұйымдастырылған астық жинау рәсімі мен «Дала күні» семинар-кеңесіне қатысты. Басқосуда қызылордалық аграршылар аймақтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелерін талқылап, алдағы атқарылуы тиіс шараларға тоқталды.
Биылғы ауа райы егінші қауымға үлкен сын болды. Мамыр, маусым айларында ауа температурасы аса жыли қойған жоқ. Шілдеде Сырдария өзенінде судың айтарлықтай азаюынан су тапшылығы орын алған еді. Соған қарамастан шаруалар бұл кедергілерге тойтарыс бере алды. Қазір олар егін жинау науқанына қызу кіріскен.
– Биылғы жағдайды ескере отырып, шаруашылықтың одан әрі дамуы үшін барлық шараларды жасауға тиіспіз. Су тапшылығының кері әсерін азайтудың бірден-бір жолы – «Күміскеткен» су қоймасы мен Қараөзек арнасындағы тоғанның құрылысын бастауды жеделдету. Су қоймасын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Қараөзекте тоған салынған жағдайда 1,5 миллиард текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік туады, – деді аймақ басшысы.
Семинар-кеңесте суармалы суды үнемдеу және тиімді пайдалану бойынша толық шаралар кешенін енгізу қажеттілігі де айтылды.
– Елбасының алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру тапсырмасын орындау үшін егін шаруашылығында суды аз қажет ететін, экономикалық жағынан тиімділігі жоғары, сыртқы нарықта сұранысы мол дақылдарды және цифрлық агротехнологияларды енгізу қазіргі жағдайда өте маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарды өз дәрежесінде атқару үшін біз облыстың аграрлық саласын 2020 жылға дейін дамыту Агрокартасын жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарын бекітіп, аграрлық ғылымның озық жетістіктерін кеңінен пайдалануды бастадық, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі көршілес Қытайда сұранысқа ие соя тәрізді жоғары өнімді дақылдарды өсіру агроөнеркәсіп кешенінде экспорттың үлесін ұлғайтатындығын атап өтті. Шиелі ауданында өткен жылдан бастап «Ақмая смарт ферм» интеллектуалды технологиясын қолдану арқылы дақылдардың өнімділігін арттыратын нақты ауылшаруашылық жобасы іске асырылып отырғанын алға тартты. Жиында тамшылатып суару тәсілін кеңінен қолдану мәселесі де шет қалмады. Сондай-ақ мамандардың айтуынша, көктемде топыраққа түскен ылғалды сақтай отырып, аквасорбенттерді қолданған тиімді. Пайдалы әдіспен Қаратау беткейінде бос жатқан жерлерге малазықтық дақылдарды егуге болады. Ол өз кезегінде, мал шаруашылығы, оның ішінде сүт бағытындағы шаруашылықтарды құнарлы мал азығымен қамтамасыз етеді. Бұл мәселеде аймақ басшысы жаңа алқаптарға су жеткізу инфрақұрылымын мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде жасауға шақырды. Мемлекет кеткен шығындарын кезең-кезеңімен 3-4 жылда қайтарып беретінін, тамшылатып суару жүйесін енгізген жағдайда, оған жұмсалған шығынның 30 процентін мемлекет субсидиялайтынын мәлімдеді.
Шарада облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов пен аудан әкімдері егін жинау науқаны барысын баяндап, шаруа қожалықтарының басшылары әртүрлі дақылдарды өсірудегі тәжірибесімен бөлісті. Келелі кездесу соңында облыс басшысы алдағы уақытта аграрлық сектордағы ықтимал қауіптерді ескере отырып, қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану қажеттілігін атады. «Жаңажол» шаруашылығының егіс алқабын аралап, егін орағын бастау рәсімін өткізді. Диқандар дәстүрі бойынша Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекова жиналған жұртшылыққа батасын берді.
***
Түс ауа сапар Байқоңыр қаласында жалғасты. Мұнда облыс басшысы құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үйлердің, газдандырылған әлеуметтік нысандардың және Қазақстан азаматтарына арналған медициналық ұйым жұмысымен танысып, жұлдызды қаланы дамыту мәселелеріне арналған жиынға қатысты. Ауқымды шарадан ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қызметкерлері, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, Байқоңыр қаласы, Төретам мен Ақай елді мекендеріндегі қоғамдық бірлестік өкілдері мен кәсіпкерлер, мемлекеттік органдардың және қаржы институттарының басшылары, «Роскосмос» және «ЦЭНКИ» мемлекеттік корпорациялары бөлімшелерінің басшылары да табылды.
– Мемлекет басшыларының тапсырмасын орындау барысында ғарыш айлағын және Байқоңыр қаласының дамуын қамтамасыз ету үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. «Бәйтерек» бірлескен зымыран кешенін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Байқоңырға үшінші елдің инвестициясын тарту мақсатында Қазақстан, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктері «Союз» ғарыш орталығын жаңғырту арқылы №1 алаңда ғарыш зымыран кешенін құру мәселесін шешу үшін бірлескен жұмыс тобын құрды. Бүгін біз осыған дейін межеленген жоспарлардың қалай жүзеге асырылып жатқанын, үкіметаралық комиссияның алдағы кездесуінде қандай мәселелерді қарастыратынымызды талқылау үшін жиналып отырмыз, – деді кездесуді ашқан облыс әкімі.
Осыдан біршама уақыт бұрын «Байқоңырдың болашағы бар ма?» деген сауал жиілеп, келешегiне күмәнданушылар табылды. Бірақ, даурықпа әңгімеге дауа болар жобалардан соң мәселе мәнісі ашыла түскендей. Қазір мұнда ұзақ мерзімді даму бағдарламасының аясында тұрғын үй құрылысы, газдандыру, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғырту, жолдар мен тұрғын үйлерді жөндеу, тұрғындар үшін жайлы жағдай жасау күн тәртібіндегі мәселеге айналғанын байқадық.
– Байқоңырда ұзақ мерзімді бағдарламаны іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде, дегенмен, қала бюджеті барлық мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін жеткіліксіз. Ресей Федерациясына қарасты қаланың заңнамалық ерекше мәртебесі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік бермейді. Қала Қызылорда облысының әкімшілік-аумақтық бірлігі болмағандықтан, даму шығындары да облыстық бюджеттің негізгі шығындарына кірмейді. Бұл мәселенің маңыздылығын ескере отырып, жергілікті бюджеттен айрықша жағдайларда біз тұрғын үй құрылысын дамытуға, сондай-ақ, қаланың су және кәріз желілерін жаңғырту мен қайта құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қаржы бөлдік, – деді облыс әкімі.
Жиында қаланы абаттандыруды қаржыландырудың негізгі көздерін анықтау мәселесі де көтерілді. Осыған орай облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына Қаржы, Ұлттық экономика, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен Байқоңыр қаласының дамуын қаржыландыру үшін бөлек бюджеттік бағдарлама құру және ҚР-ның бюджетіне әлеуметтік-экономикалық салада ғарыш айлағын жалға алу үшін жыл сайын Ресей Федерациясынан төленетін қаражаттың бөлігін Байқоңыр қаласының, Төретам мен Ақай елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бөліп беру бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды.
Шілде айындағы іссапар барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозинмен ресейлік және қазақстандық тараптардың қаланы дамытуды қаржыландыру мәселесін нақтылау қажеттігін айтқан болатын. Аталған мәселе төңірегінде «Байқоңыр» ғарыш айлағында бірлескен ғарыштық жобаларды жүзеге асыру туралы Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Данбаев баяндама жасады. Сондай-ақ, отырыста мемлекеттік органдардың басшылары Байқоңыр қаласын абаттандыру, оның тұрғындарын жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы тарқатып айтты.
Еске салайық, бірлескен «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей жобасы 2022 жылы жүзеге асырылады, қазіргі таңда қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Байқоңыр кешенінде медицина туралы келісімге өзгертулер енгізу, жер учаскелерін бизнес-жобаларды іске асыру үшін жалға беру, Төретам және Ақай елді мекендерін дамыту мәселелері бойынша хаттамаларға да қол қойылды. Қала әкімшілігі «Роскосмос» корпорациясының қолдауымен қала аумағын абаттандыру, жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстарын бастады. Өз кезегінде облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен көппәтерлі 5 үйдің құрылысын бастады, су құбыры мен кәріз жүйесін коммуналдық меншікке қабылдап, оларды жетілдіруге байланысты техника-экономикалық негіздемелерін дайындап, қазақстандық мектептер мен емханаларды көгілдір отынмен жабдықтады. Осыған дейін Байқоңырдағы 5 мектеп бітірушілерінің ҰБТ-ны тапсыруда қиындықтарға тап болмауы үшін қазақстандық білім беру стандартына көшкені де баршаға мәлім.
Кездесу қорытындысында облыс әкімі Қармақшы ауданының әкімдігіне облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп, Төретам және Ақай елді мекендерін дамыту шараларына арналған Жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».
Суреттерді түсірген: Б.ЕСЖАНОВ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<