ТҮКТІ КІЛЕМ – КӨНЕНІҢ КӨЗІ

2769

0

ТҮКТІ КІЛЕМ – КӨНЕНІҢ КӨЗІ  Қазақтың бір өнері – кілем тоқу. Ұлттық қолөнердің бұл түрі облыста қаншалықты дамыған? Оның қандай түрлері бар? Қазіргі күні қандай технологиялар қолданылады? Осындай сансыз сұрақтарға жауапты аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы ұйымдастырған баспасөз турында алдық. Сырдария ауданы, Айдарлы ауылына сапар барысында біз отбасылық үлгідегі «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілерімен бірге шебер Роза Әлбатырованың түкті кілем тоқу цехын аралап, көне өнердің тарихына бойладық.

Ұршықты шыр көбелек айналдырып, кілем тоқығанда қолы қолына жұқпайтын Роза Әлбатырова бұл өнерді бала кезінен меңгеріпті. Анасы үйреткен. Алдымен жүнді сабап, иіріп, түрлі түске бояйды. Сосын өрнек салып, тоқиды. Оның айтуынша, қазір кілемді қолмен де, заман ағымына сай арнайы құрылғылардың көмегімен тоқуға болады.

– Кілем үй ішіне сұлулық та, жылулық та сыйлайды. Жайсаң төсек, ілсең суреттей сыр ақтарып тұратын сиқыры бар. Көз майын тауыса отырып, өрнектейсің. Оның үстіне қазақ оюларды кілем бетіне өзіндік мазмұнына сай түсіреді. Бұл кәсіппен айналысқанымызға 8 жылдай уақыт болды. Бірақ, кілем тоқуға тек кәсіп ретінде ғана емес, жүрек қалауы ретінде қараймыз. Ең бастысы, ұлттық өнерді жаңғыртып, осы дүниені бренд ретінде қалыптастырғымыз келеді. Ұлттық бояуы бар төл өнімдерімізді тұтына білсек, жеткілікті деңгейде насихаттай білсек, ұтқанымыз. Ұрпақ сабақтастығын өрбіту деген осы. Мен үшін басты мақсат – ақша табу емес, құндылықтарымызды насихаттау. Білсем, көрсем, үйренсем деушілерге де есігіміз ашық. Қазір цехта 12 қызметкер бар. Тапсырыс көлемі артып келеді. Демеуші көмегімен қала орталығынан да бір цех ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді Р.Әлбатырова.

Кәсіпкер бойжеткендерге кілем тоқудың қыр-сырын да таныстырып, шеберлік сабағын өткізді. Тоқу ісінде қолданылатын станок қарапайым екен. Ал, негізінен ол кілемнің көлеміне қарай жасалады. Тікелей ілінген жіп – арқау, жоғары-төмен түсіріп отыратын белдеу ағаш адарғы аталады. Арқау жіптің астынан алынған өрмекті шатыс деп айтады, бұл арада бойлардың ерсісі мен қарсысы ауысып тоқылып отырады, яғни тоқыма жіпті күршекпен іліп алып, ортасынан өткізгенде өзінен өзі байланып шығады. Жіпті кесіп алып, өрмектің үстіне тоқпақпен ұрып, арқау жіпке қысады. Кілемге салынатын ою-өрнекті қағазға салып алады да, ілмекті санап отырып, кілемге бейнені салып шығады. Осындай күрделі жұмыс процесімен бастан-аяқ танысқандықтан, тоқыма өнерінің ұқыптылыққа үйретіп, шыдамдылыққа баулитынына тағы бір рет көз жеткіздік. Арамыздан бұл іске қызығушылық танытып, болашақта кілем тоқуға ниеттілер де табылды.

– Қолөнерге бұрыннан қызығамын. Алайда, кілем тоқу жайлы бұрын ойламаппын. Бүгінгі шеберлік сағатынан соң біраз идеялар келіп отыр. Алдағы уақытта осы іспен айналыссам деген ой бар. Себебі, ұлттық ерекшелікті дәріптейтін сапалы дүниелер өз құндылығын жоймайды, – дейді «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушісі Нұршат Нұршанова.

Қызықты өткен шара соңында Р.Әлбатырова ісмерлікке жақын қыздарға арнайы дайындаған сый-сияпатын ұсынды. Ұлттық дәстүрге жанашыр болуға, қазақтың ұлттық дүниелерін, оюлы кілемдерін әлемге паш етуге шақырды. Шынында да, көрген көздің жауып алып, таңғалдыратын оюлы кілемдеріміз – халқымыздың мақтанышы, ертеңгі болашақ үшін баға жетпес мұра болып қала береді. Ал, оны брендке айналдыру – өз қолымызда!

М.СНАДИН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<