Кеше Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Экономика және ақпараттық технологиялар» факультетінің түлектеріне салтанатты түрде диплом тапсырылды. Шараға университет ректоры, оқытушы-профессорлар, бітіруші түлектер, ата-аналар қатысты.
«Экономика және ақпараттық технологиялар» факультеті өзінің білім беру қызметін «Қаржы», «Мемлекеттік жергілікті басқару», «Әлеуметтік жұмыс», «Есеп және аудит», «Информатика», «Экономика» мамандықтары бойынша білікті мамандар даярлайды. Биыл «Экономика және ақпараттық технологиялар» факультетін 53 магистр, 120 бакалавр бітіріп, оның 31-і үздік диплом иегері атанды.
Салтанатты кеште университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қ.Бисенов бітіруші түлектерді құттықтап, диплом табыстады. Университет қабырғасында үздік оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, студенттік өзін-өзі басқару жүйесінің жұмысын жетілдіруге қосқан үлесі үшін бірнеше түлек университет ректорының алғыс хатымен марапатталды.
Кеш барысында оқу-тәрбие жұмыстар жөніндегі проректор, физика математика ғылымдарының докторы, профессор Б.Әбдікәрімов, ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы И.Тәутенов және факультет деканы, Phd докторы М.Әйтімов ізгі тілектерін арнады. Студенттер кәсіподақ комитетінің төрағасы Ш.Қаратайұлы түлектер арасында университетте ұйымдастырылған қоғамдық іс-шараларға қатысқан бітіруші белсенді жастарды алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Диплом тапсыру кеші концерттік бағдарламамен жалғасты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<