Төретамда аса ауыр қылмыс жасаған күдіктілер ұсталды

904

0

Қызылорда облысында аса ауыр қылмыс жасаған күдіктілер ұсталды.


Қармақшы ауданы Төретам кентінде бір топ азаматтар жанжалдасып, қару қолданған. Салдарынан аялдамада тұрған үш жасөспірім оқтың ұшқынынан жарақат алды.


Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 3-бөлігімен (Адам өлтіруге оқталу) тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Жасөспірімдер дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, көмек көрсетілді. Олардың біреуі сол күні қайтарылса, қалған екеуі дәрігерлік бақылауға алынған. Қазіргі уақытта жасөспірімдердің жағдайы тұрақты.


Орын алған қылмыс бойынша полиция қызметкерлерінің шұғыл әрекеттерінің нәтижесінде “ізін суытпай” 8 күдікті анықталып, ұсталды.


Бұдан бөлек, кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде, оқ атқан негізгі күдікті құрықталды. Ол кінәсін мойындады. Қылмыс құралы тәркіленіп, айғақты зат алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабының (Ұстап алудың негіздері) талаптарына сәйкес, ұсталған 9 күдіктіге қатысты “күзетпен ұстау” бұлтартпау шарасы таңдалып, олар қамауға алынды. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Тергеп-тексеру әрекеттері жалғасуда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<