Төрт түліктің өнімі теңдігін қашан алады?

790

0

Өткен жылдың қазан айының соңында «Qazaqstan» Ұлттық арнасында «Ашық алаң» бағдарламасы «Мал шаруашылығын дамыту» жайлы тақырыпты талқылады. Оған қатысушылар мал шаруашылығын дамыту және субсидиялау жайлы көптеген ұсыныс-пікірлерін айтып, тақырыптардың әрқайсысына жеке-жеке бағдарлама арнаймыз деп тарасты.

Менің көңіліме қонғаны – субсидия жөнінде жаңа ереже бойынша, бір бас бұқашық болса да, мал бордақылау алаңына немесе ет өңдеу зауытына өткізсең – килограмына 200 теңге және бұрыннан бар ереже – сүтке 20 теңге субсидия беріледі дегені.

Осы субсидия 2020 жылға Қызыл­орда облысы бойынша ет бағытындағы 1000 басқа арналған бордақылау алаңына не 50 бас мал соятын алаңға өткізгенге килограмына 200 теңге, сүт бағытында 600 бас сауын сиыры барға литріне 35 теңгеден, 400 басқа 20 теңгеден, 50 басқа 10 теңгеден, ауыл шаруашылығы кооперативіне біріккендерге 10 теңгеден өткізгеніне  беріледі делінген.

Бірақ, Қызылорда облысында 1000 бастық бордақылау алаңы бар ма? Қазалы ауданында «Сыр маржаны» салған 300 бастық бордақылау алаңынан басқа Қызылорда қаласында 50 бас соятын екі ғана сою цехы бар. Оған шаруа мал өткізбек түгілі, есігінен қарай алмайды. Себебі олар етті өңдемейді, бірден дүкендерге, базарға жібереді. Сүтке келсек, аймақта 600-400 аналық сиыры бар тек  Қазалы ауданындағы «РЗА» ААҚ. Ал, 50 бас аналық сиыры бар және ауылшар­уашылық кооперативіне біріккендер сүттерін қайда өткізеді? Бұл жағдай тек Қызылорда облысында ғана емес, еліміз бойынша маңызды екенін «Ашық алаң» бағдарламасына қатысушылар нақты дәлелдермен айтқан болатын.

Субсидия беру ережесі кейінгі бес жылда 47-рет өзгерген екен. Мал жағдайымен жүрген шаруа бұл өзгеріс­терге ере ала ма? Зерделеп құжатын дайындап болғанда ол ереже өзгеріп кетеді, электронды кілтпен (ЭЦҚ) субсидия құжаттарын шаруа өзі тапсыру керек, кейбір жерлерде интернет жоқ.

«Қазақстанда 1990 жылы 35 миллион қой болды, қазір 18 миллион бас, ал Моңғолияда 1990 жылы 25 миллион  қой болған, осыны үш есеге көбейтіп алды. Қазір олар жылына 45 миллион қой сояды,  біздегідей көп қаржы да бөліп жатқан жоқ» – дейді бағдарламаға қатысушы  Н.Әлтаев. «Оның себебі, Моңғолияда шаруа тек малды өсіруді біледі, өнімін қайда өткізем, қандай бағаға өткізем деп бас қатырмайды,  үкімет реттеп отырады, шопандарына жағдай жасалған», – деді бұл жөнінде «Қазақстан Фермерлер одағы» төрағасының орынбасары Е.Абуов.

Бұл жағдай Қазақстанда 1990 жылдарға дейін болды. Мен Қармақшы ауданында бірыңғай мал шаруа­шылығымен айналысқан, 7 рет Одақ, 10 рет Республика жарысы жеңімпазы атанған, «Қармақшы» совхозында, серіктестігінде 1969 жылдан бастап мал маманы, бухгалтер, бас маман, серіктестік директоры болып 50 жыл қызмет атқардым. Сол кезде Қызылорда қаласында үлкен, Ақайда орташа ет өңдеу комбинаттары болды. Осы екі комбинат аймақтағы төрт түлік малды сойып,  өңдеп,  сатып,  таратып  үлгеретін.

Облыс ауданға, аудан шаруашылық­тарға әр тоқсанда қанша тонна ет керектігін мал санына қарап жоспарлап, өздерімен келісе отырып бөліп, қай комбинатқа апаратынын көрсетіп кесте жасайтын, сол бойынша шаруашылықтар ыңғайланып, қыс айларында малын бордақылап, жаз айларында жайып семіртіп уақытында апарып өткізетін. Ал субсидиясы өткізген етіңнің көлеміне, қоңдылығына, санатына (категория) қарай тоқсанның аяғында есептеліп берілетін. Мысалы, жоғары санатты, сапалы ет өткізсең бір келі еттің құнына 90% ақша қосылады, яғни бір келі етіңіз  субсидиямен екі келінің құнын береді. Жүнді Тараз қаласындағы ПОШ-қа өткізесіз, қаракөлді Шымкенттегі өңдеу зауытына. Сүтке келсек, әрбір аудан орталығында сүт қабылдайтын, өңдейтін шағын зауыт және тері, мүйіз, тұяқ дегендерді де қабылдайтын мекеме болды. Яғни мүйіз, тұяқ та жерде қалмай шаруаның қалтасына түсті, әрі тұтынушының қажетін өтеді. Ақшасына бас қатырмайсыз. Құжат дұрыс болса, ауылыңа келем дегенше счетыңа түсіп тұрады, субсидия өткізген өніміңнің сапасына, сортына, көлеміне сай белгіленген ережемен төленеді. Жоғары сортқа жоғары, орташаға орташа, стандартқа сай келмесе, төленбейді, сүтке де майлылығы, қышқылдығы, тығыздығына қарап ережеге сай берледі және  сапаға айырудың барлығы да  арнайы мамандармен өткізушінің өкілі қатысуымен атқарылатын еді.

Мұны сол кездерде қызмет ат­қарған аза­маттардың барлығы біледі. Кезінде өзіміздің қазақстандық мамандар атқарған жоғарыда аталған іс­терді, Үкімет қолға алса, әкімдерге, ауылшаруашылық министрлігіне, вете­рина­риялық  құрылымдарға, тапсырма берсе, жаңғыртып іске асыруға болады.

Субсидияны жем-шөп, селекция, т.б. деп бөлмей, тек өткізілген өнімдердің көлеміне, сапасына және асылтұқымды мал сатып алғандарға берілсе. Сол кезде өндіруші өткізетін өнімнің көлемі мол болса, субсидияны көп алатынын біліп, малының  басын көбейтеді, әрі сапаға жұмыс жасайтын еді.

Мұндай жағдайда субсидия «жыр» болмай, ережесі де қайта-қайта өзгермей тұрақтанады. Шаруа сапалы өнімін тиім­ді бағаға өткізетініне, қабылдайтын жер барына, қаржысын, субсидиясын алатынына сеніп, мал басын өсіруді тежемей, өнімділігі жоғары малдарын сатпай басын көбейтеді,  ең бастысы азық-түлік қоры молаяды.

Ол үшін Үкімет кәсіпкермен бірлесіп, түрлі жеңілдіктермен ынталандырып, ет, сүт, жүн, тері, т. б. мал өнімдерін шаруалардан қабылдап, өңдеп, сақтап, таратып, үлгіртетін ет комбинатын,  зауыт, шағын цехтар салса, пайдалы болмақ. Сол зауыт, цех иелерінің өнімді қабылдауынан, (сақтауын, өңдеуін) тұтынушыға жеткенге дейінгі аралықты және шаруалардың қаналмауын, өнімдерінің делдалсыз өткізілуін, өткізген өнімінің көлеміне, сапасына сай уақытылы қаржысын, субсидиясын алуларын мемлекет бақылауда ұстаса, өте орынды болар еді. Осы жерде жеке шаруашылықтың ішкі жұмыстарына мемлекет араласпайды делінуі мүмкін. Жеке шаруашылық, өзіне қыз­мет ету арқылы еліміздің тұрғындарын мал-өнім­дері, азық-түлігімен қажеттілігін өтеу­ге жұмыс жасап отыр. Сондықтан мем­лекет мал-өнімдерінің нарықта ойып орын алатындай, заманауи өңделіп, тұты­ну­шыға таза, сапалы, зиянсыз, жетуінде шаруаға да, өңдеушіге де бағыт-бағдар беріп, түрлі кедергілерден қорғағаны дұрыс. Осылай болса, өндіруші шаруалар бірыңғай уайымсыз малын бағумен, өңдеуші өңдеуімен айналысып, тұтынушы да сапалы мал өнімдерімен қамтамасыз етіледі, шаруаның да еңбегі еш болмайды.

Қазіргі жағдайда субсидия ережесіне сай аналық басын 50 бастан  төмен түсірмейміз  деп өнімділігі нашар, саны бар да сапасы жоқ аналық мал қалып, өнімділігі жоғары келісті мал сатылып, сойылып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Ірі шаруашылықтар болмаса, орта, шағын шаруашылықтар, алып-сатарларға жем болып, соларды байытуда. Себебі, шаруаға жем-шөп дайындауға, бақташыға, жұмысшыға еңбекақы беруге, қора, т. б. қаржы қажет. Ал  қаржыны алып-сатарларға тірі малын, ет, сүтін сатып табады, басқа өткізетін, қабылдайтын орын болмағандықтан, олар­дың басқа амалдары жоқ.

Былтыр қазан айында баспасөз бе­тіне жарияланған «Эксклюзив» бағдар­ла­масына сұхбатында облыс әкімі  Г.Әбдіқалықова: «…Мысалы, сары май. Бұл бәрінің дастарханында болуы керек. Жылына бір тұтынушыға 4,7 кг сары май қажет. Жергілікті жерде оның тек 0,9%-і өндіріледі, қалған 99,1% сырттан әкелінеді» – деп және бірнеше тапшы азық-түлікке талдау жасай келіп, «…Осы 70 түрлі күнделікті өмірге аса қажетті азық-түлік тауарларының барлығы дер­лік сырттан тасымалданады» – деді. Облыс әкімі  бұл кемшіліктерді жоюға түрлі бағдарламалар жасалып жатқанын айтты. Міне, осыған үлкен мән берілсе.

Баршаңызға белгілі елімізде мұнай қоры, басқа да жерасты кен байлықтары азаюда, ал егін, мал шаруашылығының қоры азаймайды, тек ерінбей еңбек етіп өсіре, өнімін ұқсата білу қажет.

Ата-бабаларымыз төрт түлікті бағуды да, асылдандыруды да, өнімдерін ұқсатуды  да білген. Тамақ, киім, киіз үй, төсеніш, жамылғы, ер-тоқым, арқан-жіп, т.б. тұтынатын қажетті заттарын мал өнімдерінен алып пайдалануды және ұзақ уақытқа сақтау жолдарын да өте жақсы меңгерген.  Олардың ұрпақтары, біз, осындай дамыған заманда Алла-тағаланың беріп тұрған ризық-несібесін неге үлгіртпейміз? Шеттен келген сапасыз затқа үйірміз.

Мұның бәрі, түптеп келгенде, адам­ның денсаулығы, ал дені сау адам – қоғамның ең қымбат жемісі.

Қысқасы, мал шаруашылығына мықтап тұрып назар аударатын уақыт жетті. Қалың оқырман арасынан тәжіри­бесі мол мамандар бұл ойымызға пікір қосады деп білемін.

Қанибай  АЙТЫМБЕТОВ,

еңбек ардагері 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<