Токио-2020 Паралимпиадасына Қазақстаннан 25 спортшы қатысады

839

0

24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Токио-2020 XVI Жазғы паралимпиада ойындары өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл сынға Қазақстанның атынан 25 паралимпиадашы қатысып, спорттың 7 түрі бойынша ел намысын қорғайды.

«Паралимпиада ойындары қарсаңында «Қазақстанның Паралимпиада спортын қолдаймыз» челленджі басталды. Рио-2016 Паралимпиада ойындарынан кейін елімізде параспортпен айналысқысы келетіндердің саны артты, өңірлерде мүгедек адамдарға арналған жаңа спорт мектептері ашылды және елордада ультразаманауи паралимпиадалық жаттығу орталығы салынды. Онда мүмкіндігі шектеулі адамдар өзіне қолайлы спорт түрімен тегін айналыса алады», – деп жазылған Ұлттық паралимпиада комитеті Маркетинг және коммуникация департаментінің хабарламасында.

Комитет жариялаған челледжге қатысу үшін паралимпиадашыларға қолдау білдерген мазмұндағы бейнеүндеу түсіріп, әлеуметтік желіге НПК @kazparalympics ресми аккаунтын белгілеу арқылы мына хэштегтермен салу қажет: #teamkz, #kazparalympics және #parateamkz.

Челленджге бірінші болып Нұрлан Қоянбаев, Аружан Саин, Мақпал Исабекова, Мөлдір Әуелбекова, Бейбіт Қорған, Ерлан Көкеев, Бақыт Сыздықова сияқты танмал адамдар үн қосқан.

Еске салайық, 29 шілде күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ұлттық паралимпиада құрама командасының мүшелерімен кездескен болатын.

Мемлекет басшысы спортшылардың Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Паралимпиада ойындарына 25 жолдама ұтып, байрақты бәсекеге үлкен құраммен аттанып бара жатқанын атап өтті.

«Әлемдегі жүз мыңдаған спортшының арасынан үздік шығып, осы ойындарға жолдама алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сіздер бұған табандылық пен кәсіби дайындықтың арқасында қол жеткізуге болатынын дәлелдедіңіздер. Демек, әрбір пара спортшымызды қазірдің өзінде жеңімпаз деуге болады. Өздеріңізді барша отандасымыз мақтан тұтады», – деген еді Қ. Тоқаев.

Токио-2020 Жазғы Олимпиада ойындары 23 шілде – 8 тамыз аралығында өткен болатын.

Дүбірлі додаға Қазақстан атынан 97 атлет спорттың 28 түрінен бақ сынады. Нәтижесінде 8 қола медаль жеңіп алды.

Ал медальдар кеcтесінде еліміз 83-орынға тұрақтады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<